Баласына алимент төлемеген 88 “көкек” әке анықталды 

Жарияланды
Алимент төлемейтіндердің қатарында аналар да бар

Павлодарлық полицейлер алимент төлемеген тұрғындарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz. 
Алимент төлемеген жандарды іздеу – көші-қон қызметінің басты бағыттарының бірі. 

Полицейлермен осы жағдайға басты назар аударылған. Мәселен, өз балаларына материалдық жағынан көмек көрсеткісі келмей жасырынып жүрген «көкек» әкелер Нұр-Сұлтан, Семей қалалары мен Жамбыл облысының аумағынан табылған. 

Сараптамаға сүйенсек, алимент төлемейтіндердің қатарында аналар да бар. Балаларын ұмытып, досымен өмірін жалғастырып жатқан 34 жастағы алимент төлемеген ана Павлодар қаласының «Мелиоратор» бақша егу орнында ұсталды.

Бұдан өзге, тәртіп сақшыларымен өткізілген рейдтік шаралар кезінде балаларына «қарыз» болған 20 автокөліктің иесі анықталды. Жауапкерді іздеу туралы сот ұйғарымы іздестіруге негіз болады және ол іздеудегі тұлғаның немесе арызданушының (көбінесе әйелдер) тұрғылықты мекен-жайы бойынша полиция органында тіркеледі.

Жауапкерді анықтау дегеніміз – төленбеген соманы өндіру деген сөз емес. Полиция тек іздеудегі тұлғаны анықтайды және оның сот орындаушысына келуін міндеттейді. Қарыз болған соманы өндірумен жеке сот орындаушылары айналысады.

Көші-қон қызметімен бір ай ішінде алимент төлемеген адамның тұрғылықты мекен-жайын анықтау мүмкін болмаған жағдайда, өндіріп алушының талаптары бойынша сәйкес құжаттар беріледі. Осы құжаттар негізінде әлеуметтік қамтамасыз ету органдары борышкер іздеуде болған уақыт кезеңінде уақытша жәрдемақы төлейді.
 

Сондай-ақ оқыңыз