Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартыла ма?

Жарияланды
Ішкі істер министрлігі жауап берді

Армения Республикасы аумағынан әкелінген көлік құралдарын тіркеу мерзімі әлі де ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген министрлік өкілі айтты.

Ведомство мәліметінше, Арменияда Қазақстан азаматтарының атына тіркелген көлік саны 22 мыңнан асса, соның 11 мыңы дәл қазіргі уақытқа дейін Үкімет қаулысы аясында Қазақстанда тіркелген. Министрлік өкілінің айтуынша, өйткені кейбір көлік құралдары тіркеуден өте алмайды. 22 мың автокөліктің 14 мыңы ғана тіркеуге жатады. Қазіргі таңда елімізде күн сайын 400-ге жуық автокөлік тіркелуде. 

«Олардың арасында оң рульді көлік құралдары бар, азаматтар тіркелген жері бойынша шығарған көлік құралдары бар, кейбір азаматтар басқа елдерге тұрақты тұруға көшіп кетті. Сондай-ақ, азаматтар жол-көлік оқиғалары салдарынан зақымдалған көлік құралдарын қалпына келтірмеуге шешім қабылдаған жағдайлар да кездеседі. Мұндай көлік құралдары тіркелмейді» дейді министрліктің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. 

Сондай-ақ Серік Түсіпов тіркеу мерзімін ұзарту бойынша белгілі бір талаптар бар екенін, сондықтан 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін деген Үкімет қаулысының өзгермейтінін айтты. Дегенмен ол азаматтардың өтініші және техникалық реттеу және метрология комитетімен қайта жабдықталған автокөліктерді тіркеу үшін жасап жатқан жағдайларды ескере отырып, қайта жабдықталған автокөліктерді тіркеу мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатқандарын да атап өтті. 

Армениядан немесе Қырғызстаннан әкелінген автокөлікті тіркеу жолдарын түсіндірген министрлік өкілі көліктердің әкелінген елдер бойынша бөлінбейтінін айтты. 

«Көліктің жол қозғалысына қатысушы ретіндегі құқықтық мәртебесі ескеріледі. Егер көлік құралы шетелдікке тіркелсе және оны сенімхат бойынша қазақстандық пайдаланса, онда бұл көлік құралы халықаралық жол қозғалысының қатысушысы болып есептеледі және оны тіркеудің қажеті жоқ. Бірақ Армениядан әкелінген көлік құралдары Арменияда Қазақстан азаматтарына тіркелгендіктен және біздің елде пайдаланылып жатса, олар міндетті тіркеуге жатады» деп түсіндірді ол. 

Брифингке қатысушылар халыққа қызмет көрсету орталығы архивінде Арменияда берілген техпаспорттар мен мемлекеттік нөмірлердің автокөлік иелері талап еткенге дейін сақталатынын айтты. Құжаттар автомобиль Қазақстанда тіркеу есебінен шығарылған жағдайда меншік иелерінің сұрауы бойынша ғана қайтарылады. Сондай-ақ, Серік Түсіпов автокөліктерді тіркеген азаматтардың Қазақстанда техникалық байқаудан өтуге және отандық тіркеуі бар автомобильдерге арналған баға бойынша өз көліктерін сақтандыруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Ал рөлі оң жақта орналасқан көліктер тіркеуге жатпайды. Оларға салынған тыйым өзгертілмейді. Серік Түсіпов оң жақ рөлді көліктерге Қазақстанда 2009 жылдан бері тыйым салынғандықтан оларды тіркеу қарастырылмайтынын тағы да еске салды. Бұл тыйым «Жол қозғалысы туралы» заңда және Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде белгіленген. Ереже тек Армениядан ғана емес, өзге елдерден әкелінген автокөліктерге де тікелей қатысты. Министрлік бұйрығына енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты қайта жабдықталған оң жақты рульді көлік иелері «қауіпсіздік туралы түбіртекті» екі жолмен ала алады. ҚР ІІМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайыновтың айтуынша, тексеру хаттамасы сынақ орталығында беріледі. Мұндай зертханалар ел бойынша екеу-ақ, Алматы мен Қостанайда. Салыстырып көрсек, екінші жол –оңай жол.

«Жоғарыда аталған санаттағы сынақ зертханаларының әлі де аз екенін ескере отырып, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС) алу, яғни көлік иесі көлік құралының Кеден одағының «Доңғалақты автокөлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін растауы тиіс» деді Серік Құсайынов.

Еске салсақ, мемлекет басшысының тапсырмасымен 20 мамырда ел үкіметі Қазақстан азаматтарының Армениядан әкелген автокөліктерін тіркеу тетіктерін іске асыру жайлы қаулы қабылдаған еді. Қаулыға сәйкес азаматтар шетелдік автокөлікті 2020 жылдың 1 қыркүйегіне тіркеп үлгеруі тиіс. 

Бұл ретте көлік тіркеушілерге қандай талап қойылатынын оқырман есіне тағы бір салып өтейік. Қаулыға сәйкес, бастапқы тіркеу, кәдеге жарату және кедендік баж үшін алымдар сияқты бірқатар маңызды төлемдер төленбейді. 

Автокөлік тіркеу үшін: 

Техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір үшін тіркеу алымы мен баж салығын төлеуге – барлығы 12 мың теңге төленеді. 

Тіркеу үшін алым – 695 теңге,; 
Техникалық паспорт үшін баж – 3 473 теңге; 
Мемлекеттік нөмір үшін – 7 778 теңге. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз