Алматыда қаланың дәріханаларына 40 млн орама дәрі-дәрмек жеткізу қарастырылған

Жарияланды
Оған 10 млрд теңге бөлінді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында, Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев мәлімдеді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін екендігін, сондай-ақ күзгі-қысқы аурулардың өршитінін  ескере отырып, қор құрылды, оған 10 млрд тг бөлінді. Осы қордан 5 млрд тг Алматы қаласының дәріханаларына дәрілік заттарды үздіксіз жеткізуге және 5 млрд тг Алматы қаласының стационарлары мен емханаларына дәрі-дәрмектер мен жеке қорғану құралдарын жеткізуге бөлінді.

 «Тұрақтандыру қоры аясында дәріханаларға жеткізілетін медициналық мақсаттағы дәрі-дәрмектердің жалпы көлемі 40 млн қаптамадан кем емес. Оның 26,8 млн қаптамасы жеткізілген. Бұл ретте міндетті түрде үш айлық жеткізу көлемінің 40%-ын құрайтын, азайтылмайтын қор жасалады. Бұл шамамен 8 млн-нан астам медициналық дәрі-дәрмектер мен бұйымдар», — деді Заңғар Сәлімбаев.

Сонымен қатар, ол 12,8 млн дәрі мен 19,5 млн жеке қорғаныс құралдары сатып алынатын резервтік қор бар екенін айтты. Бұл бір реттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныс костюмдері, үш қабатты маскалар, төрт аяқты респираторлар, қолғап, бахилалар, бас киімдер. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында нарықтың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында, 29 маусымнан бастап ірі жеткізушілермен, дистрибьюторлармен және фармацевтикалық препараттарды өндірушілермен белсенді жұмыс жүргізілуде. Уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрілік препараттар нарығындағы жағдай тұрақты.

Сондай-ақ оқыңыз