Жапония Қазақстаннан бағалы деликатес өндіру үшін жылқы етін сатып алады

Осы уақытқа дейін жылқы етін Канададан экспорттаған

Фото: ҚР АШМ

Жапония Қазақстаннан бағалы деликатес өндіру үшін жылқы етін сатып алады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық жылқы мен жылқы етін экспорттау үшін Жапония нарығын ашты.

Жаңа нарықтың ашылуы алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы экспорттық әлеуетті дамыту аясында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шетелдік әріптестерге алғашқы сұрау хат жолдаған еді. Онда қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлер Жапонияға жылқы етін жеткізуге мүдделі екені туралы айтылған болатын.

Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Жапония елінің Ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасынан жылқыларды сою және қайта өңдеу кезінде алынған ет, ет шикізаты мен субөнімдерді Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат берді. Ал, 2020 жылдың 25 мамырынан бастап экспорттың ашылуы туралы ресми хабарлама жіберді.

Бұрын қол жеткізілген келісімдерге сәйкес ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өз өнімдерін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады. Ет одағы, «Атамекен» ҰКП және Комитеттің облыстық аумақтық инспекциялары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жіберілген сұранымға 34 отандық кәсіпорын өздерінің келісімдерін берді. Олар туралы ақпарат жақында жапон тарапына берілді.

Айта кету керек, Жапония елі тек жылқы етін ғана импорттауға емес, тірі жылқыларды да сою үшін алуға мүдделі.

Анықтама: осы уақытқа дейін Жапонияға жылқы етін негізгі экспорттаушы ел Канада болды. Күн шығыс елінде жылқы еті ежелден шикі түрде пайдаланылады және деликатес болып саналады. Жоғары дәмдік сапасы үшін қабырғадан алынған ет ерекше бағаланады. Жылқы етінен суши мен сашими ет кесектері дайындалады.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Ертіс ерекше қорғауға алынбақ

Экологтар қоршаған ортаны ластайтын зауыт салмауды ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының қоғамдық бірлестіктерінің бір топ өкілі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен жүздесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Алдымен, экологтар облыс бойымен өтетін Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріп, оны қорғауға алу қажеттігін алға тартты. «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, бүгінде жасыл белдеу саналатын өзен мақсатсыз пайдалануда.  

Екінші мәселе – қоршаған ортаға қалдық шығаратын зауыттардың құрылысына тыйым салу. 

«Біз зиянды қалдықтар шығаратын жаңа кәсіпорындардың салынбауы үшін шаралар қолдануды сұраймыз. Көп жағдайда аймақтағы өндіріс орындарында ескірген технологиялар қолданылады. Олар да қоршаған ортаға залалын тигізбей қоймайды. Осы уақытқа дейін салынған зауыттардың өзі жетер. Экономикалық тиімділіктен бұрын экологиялық ахуалды ойлайтын кез жеткен сыңайлы», - деді Светлана Могилюк. 

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоғам белсенділері көтерген әр мәселе назарға алынатынына әрі тиісті шаралардың қолға алынатынына сендірді. 

«Павлодар облысы негізгі ластаушылардың бірі екені жасырын емес. Елімізде ауаға шығарылатын қалдықтардың 30 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. Сондықтан экологтар көтеріп отырған мәселелер орынды. Біріншіден, зауыт басшылықтарымен қалдықтардың көлемін азайтатын жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеу керек. Екіншіден, жасыл желекті айтарлықтай көбейту қажет. Үшіншіден, Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беру бастамасын қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз», - деп түйіндеді министр. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg