Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды

Биыл тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды

Фото: Shutterstock

21 маусым мен 1 шілде аралығында еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Биыл тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды: 131 754 өтініш тіркелді, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы биылғы мектеп түлектері. 

2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өткізілу барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен қатар ҰБТ барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен  қоғам белсенділері кірген Арнайы мониторингтік топқа мүше 510 адам бақылады.

Маусым айында өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, тестілеуге тіркелген азаматтардың 92,1%-ы ҰБТ-ға қатысты, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94%-ды құраған болатын. Шектік балды жинаған талапкерлер саны – 82 154, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балды құрады, жалпы 2019 жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ (65,5 балл).

Биыл алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы Face ID жүйесі пайдаланылды, осыған байланысты ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіруі әрекеттерінің саны айтарлықтай төмендеді. Мәселен, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болған, өткен жылы мұндай 34 жағдай орын алған еді.

119 тестіленуші денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады.

Биыл алғаш рет талапкерлер үшін калькуляторларды пайдалануға рұқсат етілді, тестілеу уақыты ұзартылып, түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды.

ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ-ның өткізілу барысын онлайн режимде бақылады. Енді ережеге сәйкес 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады.

Еліміздің барлық ҰБТ өткізу пунктерінде сақтық шаралары қолға алынып, медициналық-санитарлық нормалар қатаң сақталған болатын. Әрбір ҰБТ-ға қатысушы дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті: дезинфекциялық өткелдерден өтіп, дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерін зарарсыздандырды, дене қызуын өлшеткізіп, қолдарын зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеді және бірнеше медициналық маскалар алды.

Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде талапкерлер арасында кем дегенде екі метр арақашықтық сақталды. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, тазаланды. Аудиториялар 35%-ға дейін толтырылды, әрқайсысында тек 10-18 адам отырды. Өткен жылы бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкер болған.

Жалпы, маусым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалыпты режимде өтті.

Естеріңізге сала кетейік, келесі ҰБТ тамыз айында өтеді, оның нәтижесі бойынша талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне түсе алады. Сонымен қатар жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарамды.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg