Павлодар облысында коронавируспен күреске 2,8 млрд теңге бөлінді

Оған қоса, қауіпті індетке қарсы арнайы қор құрылған

Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, аймақта пандемиямен күреске барлық қаржы көздерінен 2,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 837 млн теңгеге қажетті материалдық-техникалық құралдар (мәселен, 23 өкпені жасанды желдету аппараты, 19 стационарлық монитор), 660 млн теңгеге дәрігерлерге арналған жеке қорғаныс заттары (мысалы, бір арнайы киімнің бағасы – 7500 теңге), 42 млн теңгеге медициналық бұйымдар сатып алынған. Оған қоса, 490 медицина қызметкеріне бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріліп, алдыңғы шепте жүрген ақ желеңділер бюджет қаржысы есебінен біраз уақыт бойы қонақ үйлерде тұрды. 

«Бүгінгі күні аса маңызды емес жобалар мен шаралардан бас тартып, облыстық бюджетті бірнеше рет нақтыладық. Соның нәтижесінде 15 млрд теңге үнемделді. Бұл қаржыны да пандемиямен күреске жұмсайтын боламыз. Мәселен, 1,5 млрд теңгеге қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынады», - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Сондай-ақ, елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған тұста облыста коронавирусқа қарсы арнайы қор құрылған болатын. Осы уақытқа дейін бизнес өкілдері қорға 122 млн теңге аударып үлгерді. Бірақ қордағы бұл қаржы әлі күнге дейін жұмсалмаған көрінеді.  Оның қандай мақсатта, қашан, қандай көлемде бағытталатынын қамқоршылық кеңесі шешеді.  

Осындай қыруар қаржы қарастырылғанымен, павлодарлықтардың көбі қажетті дәрі-дәрмектерді таппай, шарқ ұрып жүр. Әлеуметтік желілерде медициналық препараттарды кез келген бағаға сатып алуға әзір екені жазылған хабарламалардан көз сүрінеді. Ал жергілікті билік болса, мәселе бір-екі күннің дересінде шешімін табады деп сендіріп отыр.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, күні кеше аймақтағы дәріханаларға 17 мың қорап парацетомол, 6,5 мың флакон цефтираксон мен Цеф-3 түсті. Таяу күндері облыстың қоймаларына 16 мың қорап антибиотик, 5 мың қорап вирусқа қарсы дәрілер, қызуды түсіретін 8 мың қорап препарат жеткізілмек. Сонымен қатар, жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 33 түрлі дәрі-дәрмекті алуға тиісті тапсырыс беріліпті. 
Өкінішке қарай, тұтынушылар тарапынан туындаған зор сұраныстан пайда таппақ болғандар бағаны негізсіз өсіріп, қымбатқа сатуда. Осы уақытқа дейін құқық қорғау органдары дәл осындай 11 фактіні анықтап, дәріхана өкілдері жауапкершілікке тартылды. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg