Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын көрсетті

Министр веб-конференцияға қатысты

Фото: ҚР АШМ ресми сайты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жеке секторлары арасындағы азық-түлік жеткізу тізбегін дамытудағы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының рөлі» атты веб-конференцияға қатысты, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Іс-шараға ИЫҰ-на мүше елдердің өкілдері, сондай-ақ Ислам сауда, өнеркәсіп және ауылшаруашылық палатасының (ICCIA) бас хатшысы Юсеф Халави және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) бас директоры Ерлан Байдаулет қатысты.

Айта кету керек, Юсеф Халави мырза - ірі халықаралық инвестициялар жөніндегі маман, бірқатар халықаралық компаниялардың директорлар кеңесінің мүшесі. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Хатшылығының шақыруымен 2020 жылы шілдеде АҚИҰ мен ICCIA арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азиядағы халал стандартын дамыту мақсатында Қазақстанға сапармен келу керек болатын. Алайда, пандемияға байланысты бұл сапар кейінге шегерілді.

Онлайн-конференция барысында инвестициялар мен исламдық қаржыландыру, сауда-саттық төңірегіндегі, ақпараттық технологиялар, сақтандыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ИЫҰ-ға мүше елдердің жеке секторында байланыс орнату туралы ақпарат пен пікірлер ортаға салынды.

Сапархан Омаров азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінде халықаралық ұйымдар рөлінің маңыздылығына тоқталды.


   «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері азық-түлік өнімдерін қайта өңдеудің ислам қауымдастығын (IFPA) құруға шешім қабылдады. Бұл біздің сапа стандарттары саласындағы ынтымақтастығымызды және азық-түлік өнімдерін өндіру мен сатуды ұлғайту үшін берік негіз болады деп сенемін. Қауымдастықтың  мақсаты - сауданы кеңейту, исламдық қаржыландыруды тарту, ақпарат алмасу, байланыс орнату, ұйымға мүше елдер арасында экспорт пен импортты арттыру», - деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі.


Сапархан Омаров коронавирус пандемиясы азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, сондай-ақ халықты уақтылы және тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын айқындап бергенін атап өтті.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Ертіс ерекше қорғауға алынбақ

Экологтар қоршаған ортаны ластайтын зауыт салмауды ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының қоғамдық бірлестіктерінің бір топ өкілі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен жүздесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Алдымен, экологтар облыс бойымен өтетін Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріп, оны қорғауға алу қажеттігін алға тартты. «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, бүгінде жасыл белдеу саналатын өзен мақсатсыз пайдалануда.  

Екінші мәселе – қоршаған ортаға қалдық шығаратын зауыттардың құрылысына тыйым салу. 

«Біз зиянды қалдықтар шығаратын жаңа кәсіпорындардың салынбауы үшін шаралар қолдануды сұраймыз. Көп жағдайда аймақтағы өндіріс орындарында ескірген технологиялар қолданылады. Олар да қоршаған ортаға залалын тигізбей қоймайды. Осы уақытқа дейін салынған зауыттардың өзі жетер. Экономикалық тиімділіктен бұрын экологиялық ахуалды ойлайтын кез жеткен сыңайлы», - деді Светлана Могилюк. 

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоғам белсенділері көтерген әр мәселе назарға алынатынына әрі тиісті шаралардың қолға алынатынына сендірді. 

«Павлодар облысы негізгі ластаушылардың бірі екені жасырын емес. Елімізде ауаға шығарылатын қалдықтардың 30 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. Сондықтан экологтар көтеріп отырған мәселелер орынды. Біріншіден, зауыт басшылықтарымен қалдықтардың көлемін азайтатын жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеу керек. Екіншіден, жасыл желекті айтарлықтай көбейту қажет. Үшіншіден, Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беру бастамасын қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз», - деп түйіндеді министр. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg