Өсімдікпен айналысатын фермерлер құрғақшылықтан сақтандыру субсидиясына қол жеткізді

57 фермер мемлекеттік қолдауға ие болған

Фото: ҚР АШМ

Биыл маусым айынан бері агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады. АӨК сақтандыру саласының операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры («ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы). Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Telegram каналы хабарлады. 

Сақтандыру шартын жасаған фермерлердің сақтандыру сыйақысының 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, сақтандыру құны төмендейді.

Арнайы құрылған сараптама кеңесі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланатын сақтандыру өнімдерін бекітті.

Бұл топырақ ылғалы тапшылығының индексін сақтандыру (3-кезең); топырақ ылғалы тапшылығының индексін сақтандыру (2-кезең); топырақтағы ылғалдың артық болуына байланысты сақтандыру.

2020-жылдың 15-маусымындағы дерек бойынша, жасалған шарттарға сәйкес 57 фермер мемлекеттік қолдауға ие болды. Олардың жалпы сомасы 82 миллион теңге болатын сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланды.

Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс Qoldau.kz платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады.

Мониторинг механизмі адами факторды болдырмайды, қарапайым және объективті. Хабарламалар жеке кабинетке келеді, бәрі автоматты режимде атқарылады. Тіпті сақтандыру жағдайы орын алған кезде комиссияларды жинаудың және сақтандыру комиссарын егіс алқабына апарудың қажеті жоқ.

Мониторинг қалай жүргізіледі? Топырақта ылғалының көлеміне байланысты спутниктен жіберілетін микротолқындарды көрсететін қасиет болады. Ылғалды және құрғақ топырақ микротолқындардың түрлі мөлшерін көрсетеді. Осылайша, жүйе топырақтың жай-күйін күнделікті жазады және өнімін сақтандырған әрбір фермер бұл процесті Qoldau.kz порталындағы жеке кабинетінен көре алады.

Спутниктерден алынған деректерді көптеген Еуропа елдерінің фермерлеріне осындай қызметтерді көрсететін голландиялық Вандерсат компаниясы қабылдайды және өңдейді.

Сақтандыруды қызметтері порталда қолжетімді қазақстандық сақтандыру компаниялары жүзеге асырады. Бір сөзбен айтқанда, сақтандырудың бүкіл процесі онлайн форматта іске асырылады.

Жеке кабинетте фермер алаңды таңдайды, сақтандыру компаниясын анықтайды, сақтандыру сыйақысын төлейді, субсидиялауға өтінім береді, топырақтағы ылғалдың өлшеу процесін бақылайды, ылғал тапшылығы тіркелген болса, хабарлама алады, электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем туралы өтінішке қол қояды.

Сақтандыру компанияларымен жасасқан шарт аясында жауын-шашынның аздығынан, ауа температурасының жоғарылығы мен ылғалдың төмен болуы салдарынан топырақтағы ылғал тапшылығы индексі бойынша 1-кезеңнің (2020 жылғы 15 мамырдан 15 маусымға дейін) сақтандыру төлемдері жасалады.

2-кезеңде де (2020 жылдың 15 маусымынан 15 шілдесіне дейін) топырақта ылғал тапшылығы байқалса сақтандыру төлемдері жасалады.

3-кезең бойынша сақтандыру қорғанысы 15 шілде мен 15 тамыз аралығына келеді. Осы кезеңде құрғақшылық күшейе түседі деген қауіп бар.

Әрине, бұл жерде басты мақсат сақтандыру төлемдері емес. Бірақ, өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлердің тәуекелдерді басқарудағы тиімді жолы осы.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Адам саудасы алаңдатып тұр

Омбудсмен Эльвира Азимова адам саудасымен күресті күшейтуге шақырды

Фото: Shutterstock.com

 2019 жылғы адам саудасы бойынша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанды «бақылау тізіміне» енгізген еді. Еліміз «бақылау тізіміне» бірінші рет кіріп отыр. Яғни, адам саудасы құрбандарының саны өскен. Осы орайда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова адам саудасына қарсы күрес шараларына қатысты ахуалға алаңдап, ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге ресми хат жолдаған. 

Омбудсменнің айтуынша, елдегі қолға алынған шараларға қарамастан, Қазақстанның «бақылау тізіміне» енуі – алдыңғы есептік кезеңмен салыстырғанда ел Үкіметінің адам саудасына қарсы күрес шаралары жанданғаны жайлы дерек-дәлел ұсынбағанын білдіреді. Сонымен қатар бұл жайт елімізде адам саудасынан зардап шеккендер санының өскенін айғақтайды.  

«Қазақстандағы адам саудасы фактілері мен қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты ресми статистика Қырғызстан мен Өзбекстады қоса алып салыстырсақ, айтарлықтай төмен. Яғни бұл бұндай қылмыстық істерді анықтау, тергеу және жазалау жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын  байқатуы мүмкін» ,– дейді Эльвира Азимова. 

Уәкіл сонымен қатар, адам саудасынан зардап шеккен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың арнайы әлеуметтік қызметтерге, соның ішінде дағдарыс орталықтарына уақытша орналасуға мүмкіндігі жоқ екеніне назар аударады. 

АҚШ Мемлекеттік департаментінің  адам саудасы туралы баяндамасында бірқатар мемлекеттегі адам саудасымен күрес жөніндегі жағдай ұсынылған.

Бұл құжатта осы бағытта қолға алған шараларына байланысты мемлекеттер  төрт деңгейдің («1», «2», «2 watch list» (бақылау тізімі) және «3»)  біріне жатқызылады. Қазақстан алғаш рет «2 watch list» (бақылау тізімі) деңгейіне кіріп отыр. Айта кету керек, Қазақстан 2012 жылдан бері үнемі «2» деңгейінде тұратын. 

Баяндамада елдегі жағдайды жақсарту үшін  11 ұсынысайтылған. Соның ішінде Қазақстан үшін ең маңыздылары: 

•    Адам саудасынан жапа шеккендерді анықтау шараларын мейлінше күшейту қажет,  (әсіресе мәжбүрлі еңбекке жегуден зардап шеккен шетелдіктерге)  халықтың әлсіз топтары арасында  және жапа шеккендерге көмек көрсететін орталықтарға бағыттау. 
•    Адам саудасынан зардап шеккен шетелдіктер үшін қолжетімді көмек көлемін мейлінше арттыру, олардың тергеу және қылмыстық процеске қатысуына қарамастан  анықтауды және көмек көрсетуді қамтамасыз ету.
•    Адам саудасына байланысты қылмыстарды тергеуді қамтамасыз ету және кінәлілерді жауапқа тарту. 

Эльвира Азимова бақылау тізімінде немесе 3-деңгейдегі елдер тізіміне кіру – АҚШ тарапынан саудаға қатысы жоқ гуманитарлық емес көмек беру, сондай-ақ  білім беруді қаржыландыру және мәдени алмасу шараларынан бас тарту сынды белгілі-бір санкцияларды тудыруы мүмкін дейді. 

«Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Сыртқы істер министрліктерімен және басқа да уәкілетті органдармен біріге отырып, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия қызметі аясында айтылған ұсыныстарды жыл соңына дейін іске асыру бойынша нақты шаралардың қабылдануын жеделдетуді тапсыруыңызды сұраймын», – делінген омбудсменнің хатында. 

Бұған қоса, қазіргі уақытта Қазақстандағы КХҰ (Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым) АҚШ Елшілігінің қолдауымен Қазақстан үшін тәжірибелік және заңнамалық сипаттағы ұсыныстарды әзірлеуге бағытталған жобаны іске қоспақшы. Ол жұмыстың нәтижесі кейін жарияланады. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg