Нұр-Сұлтанда пневмониясы бар науқастар 14% азайды

Карантин шаралары елорда дәрігерлерінің жүктемесін азайтты

Фото: Shutterstock

Нұр-Сұлтанда 5 шілдеде карантин шаралары енгеннен бері, медицина қызметкерлері мен медициналық мекемелердің жүктемесі төмендеді. Егер бұрын күніне 500-ге жуық науқас келіп түссе, қазір екі есе төмен көрсеткіш байқалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Сауығып кеткендердің саны да 2 есе артып, бүгінде күніне 400-ге жуықтады. Сонымен қатар жедел жәрдем станциясына келіп түскен шақыру тәулігіне 2800-ден 1600-ге дейін азайды. Сондай-ақ пневмониясы бар науқастар 14% азайды. Қабылданған карантин шаралары мен амбулаторлық емдеу нәтижесі арқасында төсек-орын қажеттілігі 99%-дан 73%-ға дейін төмендеді. 

Мәселен, «Орталық теміржол ауруханасында» карантинге дейін Covid-19 анықталған 230 науқас болса, қазір 124 науқасқа дейін, №1 қалалық ауруханада науқастар саны 760-тан 500-ге дейін, №3 қалалық ауруханада 475-тен 320 науқасқа дейін қысқарды. Пандемия басталғаннан бері стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін артты. Бұл – 4 мыңға жуық төсек-орын. Қалада коронавирус жұқтырған 6899 науқас тіркеліп, оның жартысынан көбі яғни, 4321 науқас емделіп шықты. Қала әкімдігімен дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, жеке қорғаныс құралдары, т. б. сатып алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

  «Қатаң карантин шараларын бұзбау қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болатынын көрсетеді. Тек санитария нормаларын сақтаған кезде (маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтау және адам көп жиналатын жерлерге бармау) коронавирус инфекциясының таралу қаупін едәуір төмендетуге болады. Біздің парызымыз – адам өмірін құтқару. Бірақ жақындарыңыз бен туыстарыңыздың денсаулығы өздеріңізге де байланысты. Әр адам күн сайын қауірсіздік шарасын қатаң сақтап, жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана біз вирусты жылдам жеңе аламыз», – деп атап өтті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Әлеуметтік маңызы бар 24 қызметке қалай онлайн тапсырыс беруге болады?

Қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алыңыз

Фото: Shutterstock

Соңғы уақытта көпшілік eGov.kz порталын жиі пайдалана бастады. Порталды тек қана 42 500 теңгеге өтініш беру үшін ғана емес, басқа да қызметтері үшін жиі қолдануға мүмкіндік бар. 

    Көбіміз біле бермейтін, білсек те мән бермейтін қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» порталында самсап тұрғанын ескеру керек. Бір емес, 24 қызмет түрін үйде отырып-ақ рәсімдеуге болады. Аталған 24 қызметтің барлығы дерлік еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек көрсету жобалары. 

    Қызмет түрін алу үшін алдымен порталға авторизация жасау қажет. Яғни, өзіңіздің жеке ЭЦҚ кілтіңізді ашасыз. Оны қалай ашу керегін мына сілтемеге өтіп түсініп алсаңыз болады. Одан кейін басты бетте орналасқан «Электронды өтініштер» сервисін таңдап, әрі қарай қызметке тапсырыс бересіз. «Онлайн сұрау» сервисін таңдаған соң «құру» батырмасын басасыз. Одан әрі жаңа терезе ашылып, сол жерден «мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы» бағанында қажетті көрсетілетін қызметті таңдап, бағандарды толтырып шығасыз. Кейін сол қызметке жауапты болып саналатын мемлекеттік органды белгілейсіз. Содан соң тиісті құжаттарды бірге тіркеп, өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойып, жолдайсыз. 

    «Электронды өтініштер» сервисі көмегімен мына қызметтерді онлайн алуға болады: 

•    Мүгедектерде протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу; 
•    Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету; 
•    Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды рәсімдеу; 
•    Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға жәрдемақы тағайындау; 
•    Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау; 
•    Өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру немесе ұзарту; 
•    Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау; 
•    Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау; 
•    Мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау; 
•    Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; 
•    Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; 
•    Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау; 
•    Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру; 
•    Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін ҚР азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті тағайындау; 
•    Ақталған адамға куәлік беру; 
•    Мүгедектігі және /немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және /немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау; 
•    Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттарды рәсімдеу; 
•    «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту; 
•    Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; 
•    Жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау; 
•    Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту; 
•    Мүгедектерге кресло-арбалар беру; 
•    Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету; 
•    Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу. 

Қажетті құжаттар тізімімен және өтініш үлгісімен қызметті таңдаған кезде көрсетілетін сілтеме бойынша өтіп, порталда танысуға болады.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg