Нұр-Сұлтанда медицина мекемелеріне COVID-19-ды емдеуге арналған жабдықтар түсті

Жарияланды (жаңартылды )
Олардың ішінде 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы бар

Елорда ауруханалары мен емханаларына коронавирус пен пневмонияны емдеу үшін қосымша медициналық жабдықтар түсті. Олардың ішінде 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы, таяу күндері өкпені жасанды желдетуге арналған 50 аппарат келіп түседі. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы Covid-19-ға қарсы күрес мәселесі туралы кеңесте медицина мекемелерін оттегімен және басқа да медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жақын күндері қала ауруханалары мен емханаларына тағы 250-ден астам оттегі концентраты, 350 флуометр, 2 компьютерлік томограф және т.б. жабдықтар келіп түседі. Қала әкімі Алтай Көлгінов емхана мен ауруханадардың бас дәрігерлерімен онлайн жиналыс өткізді.

Медицина қызметкерлері қалада қатаң карантин шаралары енгізілгеннен бастап, дәрігерлер мен медицина мекемелеріне жүктеме азайғанын атап өтті. Мысалы, жедел жәрдем станциясына түсетін шақыру саны 3 мыңнан 1 300-ге дейін, екі есе азайған. 

Елорда әкімі Алтай Көлгінов емханаларда амбулаториялық емдеуді күшейтуді жалғастыру қажетін атап өтті. Себебі науқастардың 60%-дан астамы бірінші кезекте қаладағы емханаларға жүгінеді. Жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері телемедицина құралдарын пайдалана отырып, Covid-19-бен күресуде өз тәжірибелерімен алмасуда. Сондай-ақ телемедицина аясында онлайн-консультациялар өткізу жалғасуда. Медицина қызметкерлері жоспарлы емдеуге жатуы керек науқастардың денсаулық жағдайын қадағалауда, қажет болған жағдайда емдеуге жатқызады. 

Осы аптада елордаға COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруларды емдеу үшін қажетті 80 тонна дәрі әкелінді. Сондай-ақ бүгін-ертең дәрі-дәрмектердің кезекті партиясы күтілуде. Медикаменттер қорын толықтыру, қосымша медициналық жабдықтар сатып алу, жаңа инфекциялық төсек-орын дайындау мәселелері бақылауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз