Әлем елдерінің парламентінде гендерлік теңдік сақтала ма?

Соңғы 25 жылда әйелдердің үлесі 2 есе өскен

Фото: Асқар Ахметуллин

Соңғы 25 жылда парламенттегі әйелдердің үлесі екі есе өскен. Халықаралық парламент одағының (Inter-Parliamentary Union) мәліметі бойынша, бүкіл әлемдегі сайланбалы заң шығарушы органдардағы орынның 25 пайызы әйелдерге тиесілі. 

1995 жылдары парламенттегі әйелдердің үлесі бойынша Скандинавия және басқа да дамыған мемлекеттер көшбасшы болып, бірінші орында Швеция тұрған. Қазіргі кезде парламенттегі әйелдер саны бойынша Шығыс Африкада орналасқан Руанда көш бастап тұр. 

Төменгі палатадағы депутаттық 80 орынның 49-ын әйелдер иеленген, соның ішінде 24 орын әу баста-ақ әйел адамдар үшін арнайы квота ретінде бөлінеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның байламы бойынша, 2015 жылы Руанда Үкіметі әлемдегі ең нәтижелі биліктің ондығына енген.

Куба Республикасының бір палаталы парламентіндегі 605 депутаттың 322-і – әйелдер, бұл мемлекетте биліктегі әйелдердің үлесі өте жоғары. Одан кейінгі орында Боливия тұр, онда парламен төменгі палатасының 53,3 пайызын әйелдер құрайды. 2019 жылдан республиканы ел тарихындағы алғашқы әйел-президент Жанин Аньес басқарып келеді. 

Ал төртінші орында – Біріккен Араб әмірліктері. Бұл елде парламеттің қызметін ұлттық аймақтық кеңес атқарады, онда президент резолюциясы бойынша әйел адамдарға 50 пайыз квота бөлінген. БАӘ ұлттық кеңесі – заң шығарушы орган емес. Тек заңды талқылау мен оған өзгертулер мен толықтыру енгізуге құқылы. 

Ал Швеция қазір жетінші орынға түсіп кеткен. Ел парламентіндегі әйелдердің үлесін арттыру бағытында соңғы ширек ғасырда Оңтүстік және Солтүстік Америка елдері қарқынды дамыды. Бұл ретте Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттерде алға жылжу аз. Мәселен, Папуа-Жаңа Гвинея және Вануату сынды мемлекеттердің парламентінде әйел адамдар мүлдем жоқ. 

Ал ТМД елдері арасында парламенттегі әйелдер саны бойынша бірінші орында Беларусь келеді, ал әлем елдері арасында –22 орында. Бұл елде парламент төменгі палатасындағы әйел депутаттардың саны 40 пайызды құрайды.

aiel.png

Осы ретте әйелдердің сайлау процесіне қатысуы елдегі саяси еркіндіктің кепілі бола алмайтынын айта кеткен жөн. Айталық, Руанданың өзі Freedom House тұжырымы бойынша, еркіндік рейтингіндегі 100 балдың тек 22-сін жанап, еркіндік жоқ елдердің қатарына кірген. Ал Араб әмірліктеріндегі еркіндік деңгейі 17 баллға бағаланса, Куба Республикасында тіптен төмен – бар-жоғы 14 балл. 

Кейбіл елдерде парламенттегі әйелдер санының артуын арнайы квота енгізілуімен түсіндіруге болады. Парламентаралық кеңестің бас хатшысы Мартин Чунгонг  квота енгізілген елдерде әйелдер өз қабілеттерін барынша көрсете алатынын атап өткен.

Әйелдердің сайлау процесіне қатысуына кепіл берілуі көптеген елдерде өз нәтижесін беріп келеді. Биліктің сайланбалы органдарында әйелдер үшін арнайы квота бөлу тәжірибесі әлемнің 104 елінде қолданылады. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg