Келесі жылдан бастап 1-ші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды

«Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады

Фото: Facebook/Askhat Aimagambetov

Келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды. 

  «Әліппе бойынша. Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі –келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов. 


Айта кетейін, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.


   «Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда», - деді Асхат Аймағамбетов.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

«Бір кірпішті 25 теңгеге қалаймын». Қазақстандықтар өз өміріне қаншалықты риза?

Карантин, әрі – зиян, әрі – пайда

Фото:kursiv.kz

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті ерекше зерттеу жүргізген. Әсілінде, алып бара жатқан керемет бір ерекшелігі де жоқ. Тек зерттеудің негізі сондай әсерге жетелейді. Комитет қазақстандықтардың қаншалықты өз өміріне разы екенін зерттеп көрген. 

    Тап қазір қай адаммен пікірлессең де, барлығы жалақының жетпейтінін, несиенің алқымнан алып тұрғанын, азық-түлік пен киім бағасының шарықтап кеткенін айта жөнеледі. Бұған сәл кейінірек ораламыз, алдымен жоғарыда айтқан статистикаға көз жүгіртіп өтейік. Сауалнамаға қатысушылардың 63,5 пайызы өз өміріне риза екенін айтқан. Ризалық білдірушілердің басым бөлігі ауыл тұрғындары екен. «2019 жылмен салыстырғанда өміріне риза респонденттер саны біршама өскен» делінген хабарламада. Әрі қарай хабарлама мәтіні былай өріледі: «63,3 пайыз респондент материалдық жеткілік деңгейі бойынша орта деңгейдегі өмір сүріп жатырмыз деп есептейді. 0,7 пайызы ғана жоғары, тек 0,3 пайызы төменгі жағдайда екендерін айтты». Бұл сауалнаманың қай қалада, қаланың қай ауданында жүргізілгенін қайдам, бірақ шынайы өмірмен соншалықты сәйкес келеді деп айту қиын. 

    Дәл сол статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, биыл жұмысынан қысқарған азаматтар саны күрт артқан. Ал олар осы үшін өміріне риза бола ма? Әрине, жоқ. Осыдан бір ай бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ кезінде 4,2 млн адамның жұмыссыз қалғанын ресми жария етті. 

    «4 миллионнан астам адам жұмыссыз және табыссыз қалды. 20 сәуірден бері карантин режимі біртіндеп жұмсарды, соның арқасында жұмыссыздар саны 1 млн адамға қысқарады деген үміт бар. Бизнесті қолдау, экономиканы модернизациялау бойынша үкімет тарапынан жұмыс жүріп жатыр. Шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдай тұрақталады және жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрайды деп ойлаймын»,– деген еді министр Біржан Нұрымбетов. 

    Карантиннің көп кәсіпті тұралатып тастағаны анық. Ел соған қарамастан табыс көзін табу үшін жанталасып жатыр. Айдар есімді азаматпен кездейсоқ кезіктік. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлді ауылында жеке үй құрылысын жүргізіп жатыр екен. Сөйлесе келе олардың міндеті тек кірпіш қалау екенін түсіндім. «Төбесін жабу, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізуге келіскен жоқпыз. Басқа тапсырыс  күтіп тұр» дейді. Айдардың айтуынша, құрылыс маусымы басталғалы бері жұмыссыз қалған кезі жоқ. 

    «Біз 6 адам болып топтасып жұмыс істейміз. Қазір Көлді ауылындағы мына үйдің құрылысын бітірдік. Аумағы 12*15 болатын бұл үйдің кірпішін қалап шығуға тура екі апта уақытымыз кетті. Қазір әр кірпішке 25 теңгеден есептейміз. Сонда 30 мың кірпіштің құны 750 мың теңге болады. Оны 6 адамға үлестірсек, әрқайсына 125 мыңнан келеді екен. Екі аптағааз емес»,– дейді Айдар. 

Былтыр бір кірпішті қалау құны 15 теңге болған. Карантин басталғалы бері құрылысшылардың құны шарықтап шыға келген. 

«Қайта біздің бағамыз арзан» дейді құрылысын аяқтап, менімен бірге көлікте үйіне бара жатқан кейіпкеріміз. 

 «Қалада (Алматы) біз сияқты құрылысшылар бір кірпішке 32 теңгеден есептейді. Қымбат аудандарға барса 35-38 теңгеден сұрайтындар да бар. Осы салада келе жатқаныма биыл тура 15 жыл. Арасында автобус паркінде диспетчер болып істеген кездерім де болды. Саудаға да қызығып көрдім. Алайда қайта айналып бәрібір осы салаға келдім. Табысы да қомақты, жұмысын да ықыласпен істеймін. Қазір құрылысқа әбден маманданып алдық. Қандай дәрежедегі үй болса да кірісіп кете береміз»,– дейді ол. 

    Айдармен бірге істейтін жігіттер де бөтен емес, ағайындас туыстары екен. Бәрі бір-біріне жақын, Шамалған ауылында тұрады. 

«Бір-екі күн тынығып алған соң, келесі тапсырысты істеуге барамыз. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтарымыз үнемі өзімізбен бірге жүреді. Мақсатымыз – өнімді еңбек етіп ақша табу, соған сай сапалы жұмыс қалдыру. Жұмыс жоқ деп босқа сенделіп жүретін жігіттерге таңғаламын. Шын ниеттенсе екі қолға бір күрек табуға болады»,– дейді Айдар. 

    Ал Нағима есімді келіншек осы Қарасай ауданында шаштараз болып жұмыс істейді. Карантин режиміне байланысты қазір барлық сұлулық салондары жабық тұр. 

«Карантин басталғалы біздің жұмыс та тоқтады. Кішігірім салон болғандықтан сәнге қатысты біршама қызмет түрлерін ұсынамыз. Клиент көп келсе табыс та жақсы түседі. Одан нысанның жалға алу ақысын төлейміз. Өзімізге де жеткілікті артылатын. Енді қазіргі жағдай сәл қиындау тиіп тұр»,– дейді Нағима.  

    Кейіпкеріміз салондар қайта ашылғанша әлеуметтік желі арқылы табыс табудың қыр-сырын үйренсем дейді. Ол үшін арнайы курсқа да жазылып қойыпты. 

«Қазір Инстаграмда копирайтерлікті үйрететін курстар көп қой. Өзіме ұнаған біреуіне ақшамды төлеп, қатысып жатырмын. Ол жерде қалай мәтін жазуды, өз қызметіңді өзгеге сата білуді, түрлі парақшаларды қалай жүргізуді, жалпы әлеуметтік желіні игеруді үйретеді. Егер үйреніп, сәтті нәтиже шығара алсаң ол жерде айына 150-200 мың табыс табуға болады екен. Әрі қашанға дейін шаштараз болып жүреміз, тың мамандықты да игерген дұрыс шығар деп ойлаймын»,– дейді ол. 

Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелмеген, әртүрлі алып-сатуды кәсіп еткен, күні бойы такси болып отбасын асырайтын азаматтар қаншама. Олардың 80-90 пайызы биліктің ай сайын жариялап отыратын статистикасына өмір-бақи енбейді десек те қателеспейміз. 
    
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg