Індетті жұқтырған 112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем тағайындалды

Төлем 2 млн теңгені құрайды

Фото: Shutterstock

COVID-19 жұқтыруына байланысты 112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

COVID-19-пен күреске тартылған 112 медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты 2 млн. теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалды. Ақшалай қаражат қазірдің өзінде 73 медицина қызметкеріне аударылды, тағы   39-ына төлемге жіберілді.

Жоғарыда көрсетілген төлемақы алуға құқығы бар медицина қызметкерлерін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларындағы арнайы комиссиялар ауру жұқтыруын тексеру нәтижелері бойынша анықтайды. Барлық өтінімдерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – ДСМ) жинақтайды.

ДСМ-ден МӘСҚ-ға төлемге барлығы 123 өтінім келіп түсті. Өңірлер бойынша ең көп өтінімдер Алматы қаласынан (46), Алматы (38) және Солтүстік Қазақстан облыстарынан (10) келіп түсті.

Қалған 11 өтінім бойынша деректерді ДСМ қосымша тексеруде. Нақтыланған мәліметтерді ұсынғаннан кейін бұл медицина қызметкерлеріне дереу төлем тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге  сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн. теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан,  вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн. теңге көлемінде төленеді.

Коронавирустық инфекциядан, вирустық пневмониядан медицина қызметкерінің қайтыс болу жағдайлары бойынша МӘСҚ-қа өтінімдер түскен жоқ.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Ертіс ерекше қорғауға алынбақ

Экологтар қоршаған ортаны ластайтын зауыт салмауды ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының қоғамдық бірлестіктерінің бір топ өкілі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен жүздесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Алдымен, экологтар облыс бойымен өтетін Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріп, оны қорғауға алу қажеттігін алға тартты. «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, бүгінде жасыл белдеу саналатын өзен мақсатсыз пайдалануда.  

Екінші мәселе – қоршаған ортаға қалдық шығаратын зауыттардың құрылысына тыйым салу. 

«Біз зиянды қалдықтар шығаратын жаңа кәсіпорындардың салынбауы үшін шаралар қолдануды сұраймыз. Көп жағдайда аймақтағы өндіріс орындарында ескірген технологиялар қолданылады. Олар да қоршаған ортаға залалын тигізбей қоймайды. Осы уақытқа дейін салынған зауыттардың өзі жетер. Экономикалық тиімділіктен бұрын экологиялық ахуалды ойлайтын кез жеткен сыңайлы», - деді Светлана Могилюк. 

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоғам белсенділері көтерген әр мәселе назарға алынатынына әрі тиісті шаралардың қолға алынатынына сендірді. 

«Павлодар облысы негізгі ластаушылардың бірі екені жасырын емес. Елімізде ауаға шығарылатын қалдықтардың 30 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. Сондықтан экологтар көтеріп отырған мәселелер орынды. Біріншіден, зауыт басшылықтарымен қалдықтардың көлемін азайтатын жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеу керек. Екіншіден, жасыл желекті айтарлықтай көбейту қажет. Үшіншіден, Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беру бастамасын қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз», - деп түйіндеді министр. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg