Ералы Тоғжанов бастаған Үкіметтік делегация Атырау облысына барды

Ол аймақтағы эпидемиологиялық жағдаймен танысты

Фото: COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтағы эпидемиологиялық жағдаймен танысу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Атырау облысында жұмыс сапарымен болды. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады. 

Жұмыс сапары аясында «СК-Фармация» ЖШС қоймалары тексеріліп, медициналық мекемелердің бір айлық тұрақты қормен қамтамасыз етілуі тексерілді.


Қазіргі кезде аталған мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылған. Атап айтқанда, «СК-Фармация» апта сайын 338 түрлі препараттар жеткізіп келеді. Бұның сыртында облыстың дәріханаларына да соңғы екі апта ішінде 80 тонна дәрі-дәрмек әкелінген.

 
Негізгі медикаменттер бойынша облыстың барлық медициналық мекемелерінде бір айлық қор бар, алайда, қажетті сегіз дәрі бойынша қор бір аптаға ғана жетеді. «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Исқалиев аталған мәселені үш күннің ішінде шешуге дайын екенін жеткізді. 


Премьер-Министрдің орынбасары «СК-Фармация» компаниясына облыс әкімдігімен бірлесе отырып, үш айлық медикаменттер қорын қалыптастыру үшін өтінім беру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.  


Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыру мақсатында  шұғыл шешідерм қабылдау үшін жиын өткізілді. Жиын соңында медициналық мекемелерді өкпені жасанды желдету аппараттарымен және оттегі концентраттарымен толық жабдықтау үшін нақты шешім жолдары әзірленіп, протоколдық тапсырмалар қабылданды.

 
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов түсіндіру жұмыстарын күшейтуді  жалғастырып, халық санитарлық нормаларды сақтауға баса мән беру керектігін атап өтті.  


Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірге сапары аясында  COVID-19-ға арналған инфекциялық станционар ретінде жұмыс істеп жатқан Атырау облыстық №2 ауруханасына да барды. Онда барлығы 1557 адам коронавирус инфекциясымен түсіп, олардың  1386-сі жазылып шыққан. 

Облыста қазіргі кезде инфекциялық орындар 60 пайызға артқан. Ал шілде айының басынан бері аталған орындар 83 пайыздан 61,7 пайызға дейін босаған.


Қосымша сапалы медициналық көмек көрсететін тәулік бойы жұмыс істейтін кол-орталық ұйымдастыру арқылы жәдел жәрдемге түсетін қоңыраулар 1300-ден 700-ге дейін азайған.  


Күн сайын рейд өткізетін 114 мониторингтік топ 563 бұзушылықты анықтап, 10 миллион теңгеден астам соманың айыппұлы салынған.  

Үкіметтік делегация бұған дейін жұмыс сапарымен Қызылорда және Маңғыстау облыстарында болды.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

«Бір кірпішті 25 теңгеге қалаймын». Қазақстандықтар өз өміріне қаншалықты риза?

Карантин, әрі – зиян, әрі – пайда

Фото:kursiv.kz

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті ерекше зерттеу жүргізген. Әсілінде, алып бара жатқан керемет бір ерекшелігі де жоқ. Тек зерттеудің негізі сондай әсерге жетелейді. Комитет қазақстандықтардың қаншалықты өз өміріне разы екенін зерттеп көрген. 

    Тап қазір қай адаммен пікірлессең де, барлығы жалақының жетпейтінін, несиенің алқымнан алып тұрғанын, азық-түлік пен киім бағасының шарықтап кеткенін айта жөнеледі. Бұған сәл кейінірек ораламыз, алдымен жоғарыда айтқан статистикаға көз жүгіртіп өтейік. Сауалнамаға қатысушылардың 63,5 пайызы өз өміріне риза екенін айтқан. Ризалық білдірушілердің басым бөлігі ауыл тұрғындары екен. «2019 жылмен салыстырғанда өміріне риза респонденттер саны біршама өскен» делінген хабарламада. Әрі қарай хабарлама мәтіні былай өріледі: «63,3 пайыз респондент материалдық жеткілік деңгейі бойынша орта деңгейдегі өмір сүріп жатырмыз деп есептейді. 0,7 пайызы ғана жоғары, тек 0,3 пайызы төменгі жағдайда екендерін айтты». Бұл сауалнаманың қай қалада, қаланың қай ауданында жүргізілгенін қайдам, бірақ шынайы өмірмен соншалықты сәйкес келеді деп айту қиын. 

    Дәл сол статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, биыл жұмысынан қысқарған азаматтар саны күрт артқан. Ал олар осы үшін өміріне риза бола ма? Әрине, жоқ. Осыдан бір ай бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ кезінде 4,2 млн адамның жұмыссыз қалғанын ресми жария етті. 

    «4 миллионнан астам адам жұмыссыз және табыссыз қалды. 20 сәуірден бері карантин режимі біртіндеп жұмсарды, соның арқасында жұмыссыздар саны 1 млн адамға қысқарады деген үміт бар. Бизнесті қолдау, экономиканы модернизациялау бойынша үкімет тарапынан жұмыс жүріп жатыр. Шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдай тұрақталады және жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрайды деп ойлаймын»,– деген еді министр Біржан Нұрымбетов. 

    Карантиннің көп кәсіпті тұралатып тастағаны анық. Ел соған қарамастан табыс көзін табу үшін жанталасып жатыр. Айдар есімді азаматпен кездейсоқ кезіктік. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлді ауылында жеке үй құрылысын жүргізіп жатыр екен. Сөйлесе келе олардың міндеті тек кірпіш қалау екенін түсіндім. «Төбесін жабу, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізуге келіскен жоқпыз. Басқа тапсырыс  күтіп тұр» дейді. Айдардың айтуынша, құрылыс маусымы басталғалы бері жұмыссыз қалған кезі жоқ. 

    «Біз 6 адам болып топтасып жұмыс істейміз. Қазір Көлді ауылындағы мына үйдің құрылысын бітірдік. Аумағы 12*15 болатын бұл үйдің кірпішін қалап шығуға тура екі апта уақытымыз кетті. Қазір әр кірпішке 25 теңгеден есептейміз. Сонда 30 мың кірпіштің құны 750 мың теңге болады. Оны 6 адамға үлестірсек, әрқайсына 125 мыңнан келеді екен. Екі аптағааз емес»,– дейді Айдар. 

Былтыр бір кірпішті қалау құны 15 теңге болған. Карантин басталғалы бері құрылысшылардың құны шарықтап шыға келген. 

«Қайта біздің бағамыз арзан» дейді құрылысын аяқтап, менімен бірге көлікте үйіне бара жатқан кейіпкеріміз. 

 «Қалада (Алматы) біз сияқты құрылысшылар бір кірпішке 32 теңгеден есептейді. Қымбат аудандарға барса 35-38 теңгеден сұрайтындар да бар. Осы салада келе жатқаныма биыл тура 15 жыл. Арасында автобус паркінде диспетчер болып істеген кездерім де болды. Саудаға да қызығып көрдім. Алайда қайта айналып бәрібір осы салаға келдім. Табысы да қомақты, жұмысын да ықыласпен істеймін. Қазір құрылысқа әбден маманданып алдық. Қандай дәрежедегі үй болса да кірісіп кете береміз»,– дейді ол. 

    Айдармен бірге істейтін жігіттер де бөтен емес, ағайындас туыстары екен. Бәрі бір-біріне жақын, Шамалған ауылында тұрады. 

«Бір-екі күн тынығып алған соң, келесі тапсырысты істеуге барамыз. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтарымыз үнемі өзімізбен бірге жүреді. Мақсатымыз – өнімді еңбек етіп ақша табу, соған сай сапалы жұмыс қалдыру. Жұмыс жоқ деп босқа сенделіп жүретін жігіттерге таңғаламын. Шын ниеттенсе екі қолға бір күрек табуға болады»,– дейді Айдар. 

    Ал Нағима есімді келіншек осы Қарасай ауданында шаштараз болып жұмыс істейді. Карантин режиміне байланысты қазір барлық сұлулық салондары жабық тұр. 

«Карантин басталғалы біздің жұмыс та тоқтады. Кішігірім салон болғандықтан сәнге қатысты біршама қызмет түрлерін ұсынамыз. Клиент көп келсе табыс та жақсы түседі. Одан нысанның жалға алу ақысын төлейміз. Өзімізге де жеткілікті артылатын. Енді қазіргі жағдай сәл қиындау тиіп тұр»,– дейді Нағима.  

    Кейіпкеріміз салондар қайта ашылғанша әлеуметтік желі арқылы табыс табудың қыр-сырын үйренсем дейді. Ол үшін арнайы курсқа да жазылып қойыпты. 

«Қазір Инстаграмда копирайтерлікті үйрететін курстар көп қой. Өзіме ұнаған біреуіне ақшамды төлеп, қатысып жатырмын. Ол жерде қалай мәтін жазуды, өз қызметіңді өзгеге сата білуді, түрлі парақшаларды қалай жүргізуді, жалпы әлеуметтік желіні игеруді үйретеді. Егер үйреніп, сәтті нәтиже шығара алсаң ол жерде айына 150-200 мың табыс табуға болады екен. Әрі қашанға дейін шаштараз болып жүреміз, тың мамандықты да игерген дұрыс шығар деп ойлаймын»,– дейді ол. 

Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелмеген, әртүрлі алып-сатуды кәсіп еткен, күні бойы такси болып отбасын асырайтын азаматтар қаншама. Олардың 80-90 пайызы биліктің ай сайын жариялап отыратын статистикасына өмір-бақи енбейді десек те қателеспейміз. 
    
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg