«Еңбек жолымыз пандемиямен тұспа-тұс келді». Медициналық оқуды енді бітірген жастар коронавируспен қалай күресуде?

Олар тәулік бойы науқастарға көмек беріп жатыр

Коллаж: автордікі

Бұл күндері коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеп жатқан мамандардың басым көпшілігі – жастар. Арасында оқуды былтыр, биыл тәмамдаған жас түлектер де бар

    Айбек Ермекбаев биыл С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ды хирургия мамандығы бойынша бітірген. Қазір орталық қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында операциялық бөлімде мейіргер болып жұмыс істеп жүр. Жас маман kursiv тілшісіне ауруханадағы жұмыс графигі, пандемиямен күрестің қалай өтіп жатқанын айтып берді.

«Бір күн істеп, екі күн демаламыз. Бар уақытымыз аурухана мен қонақүй арасында өтіп жатыр. Таңғы сағат 8-де жұмыста болып, таза аймақта обаға қарсы костюмді киіп, 6 сағатқа лас аймаққа кіреміз. Ол костюмді киіп-шешудің өзіне бір сағат уақыт кетеді. Ол жақта жүрген кезде дәретханаға баруға, тамақ, су ішуге, масканы қозғалтуға мүлде болмайды. Менің міндетім – қабылдау бөлімінде жедел жәрдеммен келген науқастарды қабылдау, тіркеу, барлық анализдерді қарап тексеріп, қажет болса науқастарды ПТР-тест пен КТ-ға жібереміз. Ал коронавирустік инфекциямен түскен науқастарға шұғыл операция жасау керек болса (соқырішек, грыжа, т.б.), онда операциялық блокқа кіріп дайындала бастаймыз. Қазір күніне кем дегенде 1 операция болып жатыр. Операция алдындағы дайындық, құралдарды әзірлеу, дәрігерге ассистенттік жасау сияқты қызметтерді атқарамыз. 6 сағаттан соң екінші бригада келіп ауыстырады да, біз таза аймаққа шығамыз. Таза аймақта да жұмыс жетіп артылады»,–дейді Айбек. 

Мұнда өзім қатарлы жастар өте көп. Десе де дәл қазіргідей қиын ахуал кезінде маман тапшылығы қатты сезіледі дейді ол. 

«Курстастар, достар, мен қатарлы әріптестер баршылық. Бізбен бірге бітірген жігіттер мен қыздар тек осы ауруханада емес, басқа да клиникаларда күн-түн демей қызмет атқарып жатыр. Пандемия біз үшін қорқынышты емес. Қорықсаң мұндай майданда жүрудің де қажеті шамалы. Бұл біз үшін әрі сынақ, әрі үлкен тәжірибе болып жатыр. Қазір кезекші-дәрігер, санитар, медбикелер жетіспейді. Санитар болып ешкім жұмыс істегісі келмейді. 6 сағат бойы әлгіндей киіммен еден жуып, науқастарды ары-бері тасу оңай емес. Тапшылық себебінің тағы бір көрінісі – дәрігерлердің вирус жұқтырып алып жатқаны»,– деді Айбек. 

Айбек.jpg

Маска тағып, антисептик себумен іс бітпейді. Дәл қазір бізге қатаң карантин режимін сақтау керек дейді Айбек. 
«Әр науқас – әртүрлі. 20 түрлі науқасқа 20 түрлі әдіс-тәсілмен сөйлесіп, көңілін аулап, ем-дом жасауға тура келеді. Адамдар қазір қатты шошып қалған. Бәрінде агрессия байқалады. Қорқыныш сезімі басып тұрған соң маған жақсы қараңыз, мені тезірек жазыңыз дегенді аңғартып жатады. Коронавирустің бар екеніне адамдардың көзі енді жете бастағандай. Бірақ бұл ауруды да жеңеміз деп ойлаймын. Ол үшін қашықтық сақтау, адам көп жерге бармау, желідегі кез-келген ақпаратқа сене бермей, дәрігер тағайындаған дәріні ғана ішу, министрлік таратқан ақпаратқа қана сену керек»,– дейді жас маман. 

* * *
Келесі кейіпкеріміз Баян Оспанбаева да – Асфендияров түлегі. Алматы балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында №5 бөлім меңгерушісінің міндетін атқарып жүр. Бізге сұхбат берген Баян медицинаға деген қызығушылығым мектеп кезінен басталған дейді. 

«Сол қызығушылықтың жетелеуімен 2008 жылы Асфендияровқа «жалпы медицина» мамандығына оқуға түстім. 2013 жылы бакалавриатты, 2015 жылы интернатураны бітіріп шықтым. 2015-2017 жылдары педиатрия мамандығы бойынша резидентураны тәмамдадым. Екі жыл бала күтімімен үйде болып, 2019 жылы жұмысқа орналастым. 
Коронавирус басталған кезде қорқынышты болды. Өзің үшін ғана емес, балаларың, жақындарың үшін алаңдайсың. Үлкен кісілерді «тәуекел тобы» деп №2 балалар ауруханасына жіберіп, негізінен жастар қалды. Наурыздың соңында коронавирус науқастарын қабылдай бастадық. Бізді қонақүйге орналастырды. Арамызда әріптестеріміз вирус жұқтырған кезде қорқынышымыз тіпті үдеп кетті. Ондай кезде бізді карантинге жауып тастайды. №12 ауруханада ауру жұқтырғандар күрт көбейіп кеткен соң науқастарын бізге жіберіп, бізді «хирургиялық бөлім» етіп жасақтады. Мен педиатрияны оқыған соң, хирургияның қыр-сырына толық қанық емеспін. Сондықтан қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан екі хирургті жіберді. Солармен жұмыс істеп, біраз қиындықты еңсердік. Алайда кейін ол екі хирургтан вирус табылып, тағы екі аптаға карантинге жіберді. Әйтеуір, тест нәтижесі «теріс» болып шығып, қайта жұмысқа кірістік»,– дейді ол.

WhatsApp Image 2020-07-22 at 10.59.12 AM.jpg

Сол жақта отырған - Баян 

Баянның айтуынша, науқастардың көптігіне байланысты жұмыс уақыты да созыла береді.  

 «Жұмыс уақытымыз таңғы 8-ден кешкі 18:15-ке дейін. Алайда түн жарымына дейін жүріп қалатын кездер өте көп болады. 9:30-ға дейін өз бөлімімде планерка өткіземін, кейін онлайн форматта бас дәрігердің қатысуымен жиналыс болады. Содан кейін лас аймаққа кіріп, науқастарды аралап шығамыз. Кім шығады, кімге кислород керек, кімнің халі ауыр, кімді КТ-ға түсіру керек, бәрін анықтап, тиісті ем тағайындап, шаралар қабылдаймыз. Түс уақытында таза аймаққа шығып, ауруханадан шығатын науқастар жұмысымен айналысамыз. Егер жаңадан науқас түссе онда лас аймаққа қайта кіреміз. Әрі қарай диагноздарды негіздеу, түсіндіру, ем шаралар қарастыру, қағазға қатысты жұмыстарды реттеумен айналысамыз. 

Қазір мендегі 30 науқастың 29-ында пневмония бар. Соның жартысы созылмалы ауруы барлар. Бұл да емдеу процесін қиындата түседі. Бізде қазір оттегі аппараттары жеткілікті. Техникалық тұрғыда қиындық көріп жатқан жоқпыз. Мамандар да өз ісінің шеберлері. Әрбір адамды емдеп жазған сайын осындай ауыр еңбектің жемісі боларына сенеміз»,– дейді Баян. 

Баянның жолдасы Нұржан да дәрігер. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында дәрігер-травматолог болып жұмыс істейді. Екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Бірақ жұмыстың ыңғайына байланысты балалармен бірге болу өте қиын. Баян әлі күнге қонақүйде тұрып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында коронавируспен күресетін дәрігерлердің өз үйлеріне баруына қатаң тыйым салынған.  

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Қазақстанда карантинді біртіндеп жеңілдету жоспарланып отыр

Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған

Фото: Асқар Ахметуллин

Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына ұсынуды тапсырды. 

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елдегі эпидепиологиялық ахуалдың біршама тұрақтануы 5 тамызға дейін жариялаған карантинді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді. 

Қазіргі кезде елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 100 мыңнан асып, соның ішінде  73702 пациент емделіп шықса, 1269 адам қайтыс болды. Сонымен қатар КВИ белгілері бар пневмонияны 13 337 адам жұқтырған, бұл аурудан 173 адам көз жұмды. 

«Жалпы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздегі коронавирустың таралуы деңгейі және осыған байланысты барлық көрсеткіштер қарқынды төмендеуі тіркеліп отыр. Соның ішінде вирустық репродуктивтілік деңгейінің орташа көрсеткіші 0,82 пайызға дейін төмендеді. Емделіп шыққандардың үлесі 73,6 пайызды құрап отыр», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Алексей Цой  келтірген мәлімет бойынша, вирус репродуктивтілігі немесе 1 науқастың өзгелерге жұқтыру көрсеткіші 1,72 болатын. Карантин енгізгеннен кейін репродуктивтілік көрсеткіші екі есе, 0,82-ге дейін төмендеген. Бес апталық каран ин кезінде ауру-сырқауда азайған. Керентинге дейін 100 адамғар шақққанда 56,73 адама вирус жұқтырса, шектеу шараларының арқасында бұл сан 36,2 дейін азайған. 

Осы аралықта ауруханадағы орындар жүктемесі 62%-ға азайған. Мобильді бригадалардың қатары 7,6 есе өсіп, қазір 3640 бригада жұмыс істеп тұр. Жедел жәрдем шақыру 62%-ға,  жалпы ел бойынша аурудың күн сайынғы өсімі 2 есе төмендеген. 

«Караннтиді тек қатаң түрде маска тағып, бұкіл ақпарат арналары арқылы  халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу арқылы ғана жеңілдету керек», – деді Цой. 

Карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жайлы нақты жоспар бейсенбі күнгі үкімет отырысында қаралатын болады. 

 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg