Елордада пневмониямен ауруханаға түскен науқастар саны 20%-ға азайды

Қалада коронавирустың 7887 жағдайы тіркелді

Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтынан

Нұр-Сұлтан жұқпалы аурулар стационарының басшысы Татьяна Цечоева елордадағы коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

   «Біздің көпбейінді медициналық орталық изоляторында қайтыс болған науқастар мәселесін айтатын болсақ, 4 ай ішінде стационарда 46 науқас көз жұмды. Қайтыс болғандар саны – 1,6%. Маусым, шілде айында көрсеткіш күрт өскені байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, науқастар 50%-дан 100%-ға дейінгі көлемде өкпе тіндерінің қабынуымен келеді. Демек, медициналық көмек сұрайтындардың дені кешігіп келеді. Дегенмен, соңғы аптада науқастардың, оның ішінде ауыр халде түсетіндердің саны азайғаны байқалады», – деді Татьяна Цечоева.

Дәрігердің айтуынша, науқастар ауру басталғаннан 7-10 күн өткеннен кейін ғана ауруханаға жүгінеді. Қауіпті себептің бірі – науқастың жасы. Көбіне 70-тен асқан азаматтар. Ал 1950-1960 жылы туған науқастар арасында көз жұмғандар саны біршама аз.

    «Тағы бір себеп, науқастардың жасынан кейін қосалқы ауруларының болуы. Семіздіктен зардап шегетін, қант диабеті бар, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруы бар науқастарда (жүректің ишемикалық ауруы, инфаркт болуы) көз жұму ықтималдығы жоғары. Ал жастар арасында бұл өте сирек кездесетін жағдай», – деп атап өтті дәрігер.

Жұқпалы аурулар стационары басшысының айтуынша, наурыз, сәуір айларында болған жағдайлар мен бүгінгі кездегі науқастардың жағдайы бөлек. Аурудың клиникалық картинасы өзгерген. Мәселен, бұрын өкпе тіндерінің қабынуы ғана кездессе, қазір полиағзалық жетіспеушілік көп кездеседі.

    «Тромбоэмболиялық асқынулардың үлкен пайызы байқалады. Массивті тромбтың пайда болу механизмі іске қосылады. Қазіргі ауа райының қолайсыздығынан, ыстық болғандықтан, жүрегінде ақауы бар науқастарда тромб пайда болуы әбден мүмкін», – деді Татьяна Цечоева.

Елордалық денсаулық сақтау басқармасы амбулаториялық кезеңде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың арқасында стационарларға пневмониямен түсетіндердің саны азайғанын айтады.

    «Емханалар күнделікті симптомсыз және КВИ жеңіл түрі бар науқастарға, пневмониямен ауыратын науқастарға мониторинг жүргізеді. Бейне байланыс форматында онлайн-кеңестер өткізіледі. Үй жағдайындағы стационарлар ұйымдастырылып, науқастар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Амбулаториялық кезеңде медициналық көмекті ұйымдастырудың арқасында пневмониямен түсіп жатқан науқастардың саны 20%-ға азайды (1333-тен 1066-ға дейін)», – деді Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова.

Қалада коронавирустың 7887 жағдайы тіркелді, олардың жартысынан көбі – 5155 науқас емделіп шықты. Көз жұмғандар саны – 81.

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg