Елімізде үшінші тамыздан карантин жеңілдейді

Жарияланды (жаңартылды )
Сауда ойын-сауық орталықтары қайта ашылады

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында  денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда карантин режимі кезеңінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайған. 

«COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, жедел жәрдемді шақыртулар саны 38%-ға төмендеді», – деді Цой. 

Ел өңірлері дәрі-дәрмек қорымен жеткілікті қамтамасыз етілген деп сендірді шенеунік. 

Осылайша үшінші  тамыздан бастап апта ішінде инфекция репродуктивтілігі көрсеткіші бірден төмен (R ≤ 1), ал төсек-орындар 70%-ке босап, өлім-жітім деңгейі төмендесе, бірқатар нысандардың жұмысын қайта жандандыруына рұқсат етілмек.

Олардың қатарында сауда-ойын сауық орталықтары, сауда орындары, сауда орталықтары, жабық азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар бар. Бұл нысандардың жұмыс уақыты шектеледі.

Сонымен қатар балалар коррекциялық орталықтар, үйірмелер, білім беру орталықтарына әр топтағы бала санын 5-тен асырмай жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері кезекші топтарды аша алады.

Сұлулық салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін сұлулық орталықтары алдын-ала жазылу арқылы жұмыс істейді. 

Мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар, кеңсе қызметкерлері 80/20 пайыз көрсеткішпен қашықтан жұмыс істеуі тиіс. 

Таза ауада қашықтық сақтай отырып, жеке және топтық жаттығулар жасауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ ұлттық құрамалар 30-дан аспайтын адам жиналып жаттығу өткізе алады. Көше, парк, саяжайларда 3 адамнан серуендеуге болады. 

Қоғамдық көлікте маска тағылған, кондукторы бар, санитарлық  талаптарды сақтай отырып жүруіне рұқсат етіледі және көлікте 50 пайызға ғана жолаушы болуы тиіс. 

 Адамдар жаппай жиналатын шараларға, кинотеатрлар, фудкорттар, көңіл көтеретін ұйымдар, банкет залдары, ресторандар, барлар, түнгі және ойын клубтарының жұмысына, сондай-ақ мәдени шаралар, конференция, форум, көрме өткізуге тыйым салынады.

Бассейн, фитнес орталықтар, спорт орталықтары, бассейндер, аквапарктер, жағажайлардың жұмысына рұқсат жоқ. Діни нысандардың жұмысына тыйым салынған.

Қала маңындағы жолаушылар автобусының (жұмыс пойыздарынан бөлек, электричкалар) қозғалысына, ортақ вагон, қалааралық автобустардың (микроавтобустардың) қозғалысына шектеу қойылған. 

Қазақтанда өткен тәулікте 1526 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды. Оның ішінде 656 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы тіркелген. Ал1833 адам коронавирус індетінен емделіп шыққан. 

Сондай-ақ оқыңыз