Елімізде індет кезінде 22 млн астам электронды қызмет көрсетілді

Жарияланды
Жаһандық рейтинг бойынша Қазақстан 29-шы орынға көтерілді

Індет кезінде Қазақстанда 22 млн астам электронды қызмет көрсетілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Президенттің онлайн қызметтерді 90% дейін жеткізу туралы тапсырмасына сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізді, нәтижесінде қызметтердің 83,7% бүгінде онлайн көрсетіледі.

2019 жылдың қорытындысы бойынша цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1% құрайтынын атап өткен жөн. Пандемия кезінде бұл 22 млн-нан астам электрондық қызметті көрсетуге мүмкіндік берді.

    «БҰҰ электронды үкіметтің дамуы бойынша жаһандық рейтингін жариялады, онда Қазақстан 10 позицияға, 29-шы орынға дейін көтерілді. Бұл Үкімет, ІТ және байланыс саласы мамандары атқарған ауқымды жұмыстардың арқасында мүмкін болды», – деді Асқар Жұмағалиев.

Министрлік «Бизнес үшін үкіметті» жобасы аясында интегрециялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

  «Қазіргі уақытта «Атамекен» ҰКП Smart Bridge платформасы арқылы мемлекеттік органдардың сервистеріне қосылуға 68 өтінім берді. Мемлекеттік органдар техникалық талаптарды әзірлеп, тапсырды. «Атамекен» ҰКП тарапынан сервистер әзірленуде. Біз интеграция жұмыстары бойынша қажетті қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз», – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілді. Бағдарламаның жаңа өзгерістері бойынша Цифрландыру жөніндегі комиссия отырысында баяндалды. Өзгерістер 10 технологиялық платформаны құруды, қазақстандық IT-шешімдерге көшуді және ел ішінде деректерді сақтау мен өңдеудің жаңа мүмкіндіктерін қолдануды қарастырады.

    «Қазіргі уақытта бағдарлама мемлекеттік органдармен келісілу үстінде. Жақын арада Үкіметтің қарауына енгізіледі», – деді А. Жұмағалиев. 

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде елімізде 4 649 елді мекен интернетпен қамтылған, бұл халықтың 97% құрайды.

Ағымдағы жылы 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерге талшықты-оптикалық желілер, мобильді және радиотехнологиялар арқылы интернетті жеткізу жобаларын аяқтау жоспарланған.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстан халқын интернетпен қамту деңгейі 99,3% жетеді.

    «Ұялы байланыс операторларымен мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тарифтік жоспар шығару мәселесі пысықталды. Бұл тарифтік жоспар мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңырауларды, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі белгілеген білім ресурстарына қолжетімділікті қарастырады», – деді министр.

Бұл жұмыстардың нәтижесі қашықтықтан оқытуға көшуге мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің шалғай елді мекендерінде электрондық мемлекеттік қызметтерді көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жаңа техникалық мүмкіндіктер қашықтықтан әлеуметтік көмек алу кезінде де маңызды.

Мемлекет басшысының жер қатынастарын цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін құру жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда жүйе «Жер телімдерін онлайн беру» пилоттық жобасын іске асырудың негізгі бөлігі болып табылады. Бүгінгі күні жоба Ақтөбе қаласында пилоттық режимде жұмыс істей бастады.Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдары 100% техникалық тұрғыдан дайын болған жағдайда қалалар мен өңірлерде пилоттық жобаны бастау жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз