Биылғы жарты жылда 47 мың баспана пайдалануға берілді

Оның 3700-і мемлекеттік инвестициялар есебінен салынған

Фото: ҚР ИИДМ ресми сайтынан

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл алғашқы 6 айда елімізде 47 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады. 

Оның 3700-і мемлекеттік инвестициялар есебінен салынған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 100 мыңнан астам қазақстандыққа пәтер кілті тапсырылады деп жоспарланған. Жалпы, тұрғын үй құрылысына 688 миллиард теңге инвестиция салынады деген болжам бар.

Көрсетілген қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында биыл тізімінің бірыңғай республикалық базасы іске қосылды. Осылайша, биыл 6 наурыз бен 1 маусымға дейінгі аралықта әкімдіктер 32 309 азаматты кезектен шығарды. Қазір баспана кезегінде 529 610 адам тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде «Отбасы банкі» толыққанды даму және қолдау мекемесін құрып, міндетті жинақтау жүйесін енгізу арқылы тұрғын үй саясатын дамыту шаралары әзірленуде. Сондай-ақ, 2020 жылдың аяғына дейін «Отбасы банкі» мемлекеттік деректер базасы қолжетімді болады.

Қазіргі уақытта тұрғын үй мәселелерін шешу жолдарын әзірлеу үшін жаңа тетік енгізу ұсынылады: жеке тұрғын үй қорында жалға берілген тұрғын үй үшін төлемді субсидиялау, 5 жылға жалдау ақысының 90% субсидиялау ұсынылады. Егер бұл тетік іске асырылса, 94 мың отбасыға қолдау көрсетіледі.

Бүгінгі таңда республика бойынша 6,5 мыңға жуық ауылдың 3,5 мыңының одан әрі даму мүмкіндіктері зор. Сонымен қатар, жұмыс беруші шығындарын субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы жұмысшыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тетігін қарастыру ұсынылады. Ол үшін жұмыс берушілер типтік жоба бойынша тұрғын үйді өз қаражаты есебінен салу керек. Өз кезегінде мемлекет үйдің белгіленген құнының 50% республикалық бюджеттен субсидиялайды. Сонымен бірге шалғайдағы елді мекендерге баса назар аудару қажет. Бұл болашақта білікті мамандарды ауылдық жерлерге тартуға мүмкіндік береді. Аталған механизмді іске асыру ауылдық жерлерде өмір сүруге деген қызығушылықты арттырады. Жастардың ауылдарға оралуын жеңілдетеді және сол арқылы ауыл тұрғындарының тұрақтауын қамтамасыз етеді.

Қалалар мен ауылдарды сапалы сумен жабдықтау және кәріз жүйесі қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 111 миллиард теңгеге 315 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлерге 44,1 млрд. теңге қарастырылған. Ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы және көрсетілетін қызметтердің ашықтығы туралы халықты ақпараттандыру үшін интерактивті карта жасалды. Онда әр ауылдың деректері көрсетілген, оның ішінде: халыққа қызмет көрсету, оны ұйымдастыру, желілердің ұзындығы, салу және қайта құру кезеңі көрсетілген.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мақсатында 9,4 млрд. теңгеге 6 жоба жүзеге асырылуда. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар коммуналдық желілердің тозуын 55% дейін  төмендетеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша карантин енгізілген елді мекендердің азаматтарына коммуналдық шығындарды өтеу тетіктері жасалды. Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары 720 мың қазақстандыққа қайтарылды.

Құрылыс индустриясын қолдау мақсатында отандық құрылыс индустриясын дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар құрылысында 934 млрд теңгеге негізгі материалдардың құрылыс өнімдері қажет. Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгеге құрылыс материалдарын шығарады, ал 348 млрд. теңгеге импортталады. 33 жаңа жоба іске асырылуда, оның 25 жобасы 2020 жылы енгізіледі. Нәтижесінде импорт үлесі 15% -ға төмендейді және тұрғын үй құрылысында қазақстандық өнімді пайдалану 90%-ға дейін артады.

Құрылыс процестерінің сапасы мен ашықтығын бақылау үшін «Е-Құрылыс» жүйесі енгізілуде. Бұл бақылау мен және тексерулерді қысқартып, мемлекеттік функциялардың едәуір бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұдан әрі «Е-Құрылыс» жүйесі құрылыс индустриясының барлық субъектілері үшін бірыңғай онлайн алаңға айналады.

Бүгінгі күні осы жүйені тестілеу аясында «Е-Құрылыс» жүйесінің атрибуты болып табылатын мемлекеттік архитектура-құрылыс бақылау органдарына техникалық байқаулардың ай сайынғы есептерін беруді автоматтандыру бойынша жұмыс аяқталды. Бұл жүйе қолданысқа 2021 жылдың соңында беріледі деп жоспарланған.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

«Бір кірпішті 25 теңгеге қалаймын». Қазақстандықтар өз өміріне қаншалықты риза?

Карантин, әрі – зиян, әрі – пайда

Фото:kursiv.kz

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті ерекше зерттеу жүргізген. Әсілінде, алып бара жатқан керемет бір ерекшелігі де жоқ. Тек зерттеудің негізі сондай әсерге жетелейді. Комитет қазақстандықтардың қаншалықты өз өміріне разы екенін зерттеп көрген. 

    Тап қазір қай адаммен пікірлессең де, барлығы жалақының жетпейтінін, несиенің алқымнан алып тұрғанын, азық-түлік пен киім бағасының шарықтап кеткенін айта жөнеледі. Бұған сәл кейінірек ораламыз, алдымен жоғарыда айтқан статистикаға көз жүгіртіп өтейік. Сауалнамаға қатысушылардың 63,5 пайызы өз өміріне риза екенін айтқан. Ризалық білдірушілердің басым бөлігі ауыл тұрғындары екен. «2019 жылмен салыстырғанда өміріне риза респонденттер саны біршама өскен» делінген хабарламада. Әрі қарай хабарлама мәтіні былай өріледі: «63,3 пайыз респондент материалдық жеткілік деңгейі бойынша орта деңгейдегі өмір сүріп жатырмыз деп есептейді. 0,7 пайызы ғана жоғары, тек 0,3 пайызы төменгі жағдайда екендерін айтты». Бұл сауалнаманың қай қалада, қаланың қай ауданында жүргізілгенін қайдам, бірақ шынайы өмірмен соншалықты сәйкес келеді деп айту қиын. 

    Дәл сол статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, биыл жұмысынан қысқарған азаматтар саны күрт артқан. Ал олар осы үшін өміріне риза бола ма? Әрине, жоқ. Осыдан бір ай бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ кезінде 4,2 млн адамның жұмыссыз қалғанын ресми жария етті. 

    «4 миллионнан астам адам жұмыссыз және табыссыз қалды. 20 сәуірден бері карантин режимі біртіндеп жұмсарды, соның арқасында жұмыссыздар саны 1 млн адамға қысқарады деген үміт бар. Бизнесті қолдау, экономиканы модернизациялау бойынша үкімет тарапынан жұмыс жүріп жатыр. Шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдай тұрақталады және жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрайды деп ойлаймын»,– деген еді министр Біржан Нұрымбетов. 

    Карантиннің көп кәсіпті тұралатып тастағаны анық. Ел соған қарамастан табыс көзін табу үшін жанталасып жатыр. Айдар есімді азаматпен кездейсоқ кезіктік. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлді ауылында жеке үй құрылысын жүргізіп жатыр екен. Сөйлесе келе олардың міндеті тек кірпіш қалау екенін түсіндім. «Төбесін жабу, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізуге келіскен жоқпыз. Басқа тапсырыс  күтіп тұр» дейді. Айдардың айтуынша, құрылыс маусымы басталғалы бері жұмыссыз қалған кезі жоқ. 

    «Біз 6 адам болып топтасып жұмыс істейміз. Қазір Көлді ауылындағы мына үйдің құрылысын бітірдік. Аумағы 12*15 болатын бұл үйдің кірпішін қалап шығуға тура екі апта уақытымыз кетті. Қазір әр кірпішке 25 теңгеден есептейміз. Сонда 30 мың кірпіштің құны 750 мың теңге болады. Оны 6 адамға үлестірсек, әрқайсына 125 мыңнан келеді екен. Екі аптағааз емес»,– дейді Айдар. 

Былтыр бір кірпішті қалау құны 15 теңге болған. Карантин басталғалы бері құрылысшылардың құны шарықтап шыға келген. 

«Қайта біздің бағамыз арзан» дейді құрылысын аяқтап, менімен бірге көлікте үйіне бара жатқан кейіпкеріміз. 

 «Қалада (Алматы) біз сияқты құрылысшылар бір кірпішке 32 теңгеден есептейді. Қымбат аудандарға барса 35-38 теңгеден сұрайтындар да бар. Осы салада келе жатқаныма биыл тура 15 жыл. Арасында автобус паркінде диспетчер болып істеген кездерім де болды. Саудаға да қызығып көрдім. Алайда қайта айналып бәрібір осы салаға келдім. Табысы да қомақты, жұмысын да ықыласпен істеймін. Қазір құрылысқа әбден маманданып алдық. Қандай дәрежедегі үй болса да кірісіп кете береміз»,– дейді ол. 

    Айдармен бірге істейтін жігіттер де бөтен емес, ағайындас туыстары екен. Бәрі бір-біріне жақын, Шамалған ауылында тұрады. 

«Бір-екі күн тынығып алған соң, келесі тапсырысты істеуге барамыз. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтарымыз үнемі өзімізбен бірге жүреді. Мақсатымыз – өнімді еңбек етіп ақша табу, соған сай сапалы жұмыс қалдыру. Жұмыс жоқ деп босқа сенделіп жүретін жігіттерге таңғаламын. Шын ниеттенсе екі қолға бір күрек табуға болады»,– дейді Айдар. 

    Ал Нағима есімді келіншек осы Қарасай ауданында шаштараз болып жұмыс істейді. Карантин режиміне байланысты қазір барлық сұлулық салондары жабық тұр. 

«Карантин басталғалы біздің жұмыс та тоқтады. Кішігірім салон болғандықтан сәнге қатысты біршама қызмет түрлерін ұсынамыз. Клиент көп келсе табыс та жақсы түседі. Одан нысанның жалға алу ақысын төлейміз. Өзімізге де жеткілікті артылатын. Енді қазіргі жағдай сәл қиындау тиіп тұр»,– дейді Нағима.  

    Кейіпкеріміз салондар қайта ашылғанша әлеуметтік желі арқылы табыс табудың қыр-сырын үйренсем дейді. Ол үшін арнайы курсқа да жазылып қойыпты. 

«Қазір Инстаграмда копирайтерлікті үйрететін курстар көп қой. Өзіме ұнаған біреуіне ақшамды төлеп, қатысып жатырмын. Ол жерде қалай мәтін жазуды, өз қызметіңді өзгеге сата білуді, түрлі парақшаларды қалай жүргізуді, жалпы әлеуметтік желіні игеруді үйретеді. Егер үйреніп, сәтті нәтиже шығара алсаң ол жерде айына 150-200 мың табыс табуға болады екен. Әрі қашанға дейін шаштараз болып жүреміз, тың мамандықты да игерген дұрыс шығар деп ойлаймын»,– дейді ол. 

Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелмеген, әртүрлі алып-сатуды кәсіп еткен, күні бойы такси болып отбасын асырайтын азаматтар қаншама. Олардың 80-90 пайызы биліктің ай сайын жариялап отыратын статистикасына өмір-бақи енбейді десек те қателеспейміз. 
    
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg