Атырауға кімнің жаны ашиды? Сарапшылар өңірдегі ахуалға орай пікір білдірді

Жарияланды (жаңартылды )
Қаланың жан-жағындағы зауыттар мен полигондар жағымсыз иіс таратып жатыр

Атыраудың қазіргі ахуалы мәз емес. Өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 10 мыңға таяды. Жығылғанға жұдырық – соңғы уақытта мұнай зауыттарынан шыққан жағымсыз иіс тұрғындар тынысын одан әрі тарылта түскен. 

Осыған дейін «Менің Атырауым дәл қазір қырылып жатыр. Зауыттан шыққан жаман иіс коронавирустан да қатерлі ме?» атты мақала жариялаған едік. Бүгін сол мақалада келтірілген дерекке орай, мамандар пікірін жария еткелі отырмыз.  

Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов бұл проблеманың төркіні тереңде деп, мәселенің мәнін былай тарқатады.

«120 жылдан бері Атыраудың қойны-қонышын армансыз ақтарып келеміз. Бастапқыда 25 млн тонна мұнай өндірдік. Қазір Қазақстан өндіретін 90 млн тоннаның тең жартысы Атыраудан шығады. Қала шетіндегі Қарабатан деген ауылда химиялық зауыттар, өндірілген өнімді дайындайтын зауыттар бәрі бір жерге шоғырланып алған. 

Сосын ілеспе газды пайдаланбай, ауаға жағып жатқандардың көбі шетелдіктер емес, өзіміздің компаниялар. Газды ауаға жағу – оттегіні өртеп, экологияға орасан зиян келтіру. Оны тексеретін мекеме бар. Бірақ бізде нағыз заңды орындамай, «көкетай, келісейік» деген заңға жиі жүгінеді ғой» дейді Рашид Жақсылықов. 

Оның айтуынша, бұл ретте біздің шетелдік компаниялардан үйренеріміз көп. 

«Шетелдіктер экологияға зиян келтірмеу жолын іздеп, компания жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарын құрады. Ол орталықтар қоршаған ортаға зиян тигізбеуді, өндірілген өнім құнын арзандатуды, жұмысшылардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат санайды. Бізде тазалық талабын «ҚазМұнайГаздың» өзі ұстап отыр деп айта алмас едім. Компания игеретін Маңғыстау, Жаңаөзендегі жер қойнауларында жер үстінде мұнай төгіліп жатыр. Сондықтан біздегі экологиялық жағдайдың картасын кеңейту керек. Алайда компания басшылары бәрібір бұған көңіл бөлмейді. Неге? Біріншіден қазақстандық компаниялар игеріп отырған жер қойнаулары – негізінен тозығы жеткен жер қойнаулары. Екіншіден, мұнай бағасы 40 доллар болып тұрғанда басшылар экология талаптарын сақтап, табиғатты таза ұстауға қаржы бөле ме, әлде жұмысшыларының жалақысын төлей ме? Әрине, ол жоғарыда айтқан «көкетай, келісейік» заңына жүгіне салады.
            Тағы бір қателік – осыншама ірі компанияларды бір жерге шоғырландыру. Каспий теңізі арқылы Қашағандағы мұнайды Ақтау жаққа ығыстырсақ та болар еді. Кішкене болса да жеңіл тиетін. Олар қазір (Қашаған) келешекте 18-19 млн тонна өндіреміз деп отыр. «Теңізшевройл» болса жылына 45 млн өндіреміз дейді. Сонда болашақта 70 млн тонна мұнай өндірілетін болса Атыраудың экологиясы не болады?» дейді сарапшы. 

Рашид Жақсылықов мемлекет компанияларға қатаң талап қоюы керек деп есептейді. 

«Алғаш рет Атырауға 1986 жылы бардым. Сол кезде МӨЗ аптасына 1 рет адамдар ұйықтап жатқан кезде ауаға газ жіберетін. Содан кейін бір-бір жарым күндей дұрыс тыныс алып, жүре алмайсың. Бұл жаман әдет сол уақыттан бері үздіксіз жалғасып келе жатыр. Не істеуге болады дегенде бір ғана жауап бар. Жұмысын тоқтатып тастау керек. Ал оны жаптырып тастасақ, тағы да жанар-жағармай тапшылығына ұшыраймыз. Экологияны түзейміз деп сонымен пара-пар проблемаға ұшырау тағы тиімсіз. Сондықтан «бір жарым жыл уақыт береміз, сол уақытта экологияға келетін зардапты жоясың, әйтпесе жабуға мәжбүр боламыз немесе инвесторды ауыстырамыз» деп талап қою  керек. Бұл талаптар Павлодар мен Шымкенттегі МӨЗ-ге де қатысты. Ол екі қаланың да экологиялық жағдайы мәз емес» дейді Рашид Жақсылықов. 

Эколог Махамбет Хакимов басты қауіп тудырып отырған – күкірт емес, күкірт сутегі, жағымсыз иіс сол күкірт сутегінен тарап жатыр дейді. 

            «Ол адамға бірден әсер етпейді, жылдар бойы біртіндеп тыныс жолдарын жауып, организмді тұншықтырады. Сондықтан көп адамдар ұйқысынан оянбай қалып жатады. Дәрігерлер жүректен, тыныс жолы нашарлаудан көз жұмды дейді. Ешқашан күкірт сутегінен уланып қайтыс болды деп айтпайды. Ол адам ғана емес, жан-жануарларға да әсер етеді. 2000 жылдардың бас кезінде осы күкірт сутегінен уланып қанша мың итбалық өлді. Ондай улану әлі күнге жалғасып жатыр. 
             Шымкент пен Павлодардағы өңделетін мұнай негізінен Оңтүстік Сібірден келеді. Оның құрамында күкірт сутегі аз. Ал біздің мұнайлардың құрамында күкірт сутегі өте көп кездеседі. Сондықтан да Атырауда бұл проблема қатты көрініс беріп тұр» дейді эколог. 

Проблеманы желіде белсенді қозғаған журналист Тәуірбек Бозекеновтың айтуынша, 5 күн бұрын белсенділер Атырау облысы экология департаменті және табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірігіп рейд жүргізген. 

«Қаланы улап жатқан негізгі үш ошақ бар. Біріншісі – мұнай компаниялары. Экология департаменті өндіріс орындарына тек айыппұл салумен ғана шектеліп жүр. Ал оларға ақшаны төлеп тастау 5 секунд. Экологтар «Біз олардың жұмысын тоқтата алмай жатырмыз!» дейді. Өйткені, Қазақстанның аузына су тамызып отырған, осылар. Бірақ түнде білдіртпей тұншықтырып жатыр. Соңғы уақытта ауаны ластаушыларды қолға түсіру тіпті қиындап кеткен. Заң нормасына сәйкес экологтар мұнай компанияларына бірнеше күн бұрын «Біз сіздерді тексеруге барамыз!» деп хат жіберу керек екен. Оған жауап алып, тексеруге жетем дегенше компания өкілдері айналасын жылан жалағандай етіп қояды. Ал экологтардың өндіріс ошағына баса-көктеп кіріп баруға құзіреті жетпейді. 

Екіншісі – тұрмыстық қалдықтарды көметін полигон. Жақындасаң ыстың иісі тұрғызбайды. Ол иіс желдің ықпалымен қалаға барып тұнады. Ал оның құрамындағы күкірт сутегі әдеттегі нормадан 100 есе көп. 

Үшіншісі – қаланың екі жақ шетінде орналасқан қалдық суларды төгетін булану алаңы. Кәріз суы булану алаңына жеткенше тазартудан өтпейтіндіктен, үйіңізден шыққан қалдық су булану алаңына барып тап солайымен төгіледі. Одан бөлінген сасық иіс, күкірт сутегі қалаға келеді. Біз соны жұтып жатырмыз» дейді журналист. 

Сондай-ақ оқыңыз