Алматыға COVID-19 қарсы дәрілік препараттардың ірі партиясы келді

Жарияланды
Қалаға Ресейден 55 тонна медикамент жеткізілді

Алматы қаласының халықаралық әуежайына дәрілік препараттары бар бірінші әуе рейсі келіп қонды. Бұл туралы Алматы  қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Екі рейспен Ресейден 55 тонна медикамент жеткізілді, жүк құрамында әлеуметтік маңызды 10-нан астам препарат атауы бойынша шамамен 3 млн қаптама, соның ішінде, дене қызуын түсіретін және COVID-19-ға қарсы басқа да дәрілік құралдар бар. Тізімде — азитромицин, цефтазидим, ибупрофен, фраксипарин, метронидазол, цефтриаксон, гепарин, нимесулид, левофлоксацин, меропенем порошок, эноксапарин – бинергия және басқалары бар.

Дәрілік препараттарды азаматтық авиация комитетінің арнайы борттарымен жедел жеткізу – ҚР Үкіметінің нарықты әлдеқайда сұранысқа ие дәрілермен шұғыл толықтыруда жүзеге асырып отырған шараларының бірі. Осындай рейстер тұрақты түрде дәрілік нарықты қамтамасыз ету үшін және дәріхана желілерін қажетті препараттармен үнемі толықтырып отыру үшін  жүзеге асырылады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметтері бойынша дәрілік құралдар мен препараттар декларациялау жолымен үш күн ішінде сертификатталады. 

 «Біздің тарапымыздан ҚР Үкіметіне препараттарды сертификаттау, жаңа препараттарды  жедел тіркеу және тез жеткізу процедураларын жеңілдету ұсынысы жасалды. Бұл ұсынысты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия қолдады. Осылайша, біз медициналық препараттарды сертификаттау мен оларды жеткізудегі процедуралардың жеңілдетілуіне қол жеткіздік. Осы шаралардың бәрі қаланы дәрімен қамтамасыз етуге және жедел жеткізуге мүмкіндік береді», — деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің қаланы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев.
 Сонымен бірге, ағымдағы жылдың шілде айының ортасында Үндістаннан екі партия дәрі-дәрімек келеді деп күтілуде. 

Келгеннен кейін дәрілік препараттар төрт ірі фармацевтикалық компаниялар арасында одан ары дәріханаларға жеткізілу үшін бөлінеді. Бұл Медсервис плюс» КФК ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Нобель Алматы фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ, INKAR желілері.

«Химфарм» АҚ атап өткендей, вирусқа қарсы препараттары бар жүк мемлекеттің жедел әуе жеткізілімінің арқасында Қазақстанға жетті.

 «Компания барлық қажетті шараларды қолға алды, және тек өз кәсіпорнында дәрі өндіру көлемін ұлғайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге, Ресейдегі өзінің серіктестерімен – вирусқа қарсы препараттар шығаратын «Акрихин» компаниясымен байланысқа шықты, олар өндіретін вирусқа қарсы препараттар қазақстандық «Химфарм» АҚ шығарылмайды. Осы серіктестіктің және Мәскеуден транспорттық әуе бортын ұйымдастыруда екі мемлекеттің көрсеткен жедел қолдауының арқасында Қазақстанға бүгін «Осельтамивир» виусқа қарсы препаттың үлкен партиясы бар рейс келді. Аталған препарат дистрибьюторлық компанияларға дереу тиеліп, еліміздің дәріханаларына жақын күндері жеткізіледі», — деп хабарлады  «Химфарм» АҚ.
Атап өтерлік жайт, РФ-нан келетін жүктен өзге Алматыға шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар шамамен 4,2 млн қаптама дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде.

 «Бүгін біз Үкіметтің қолдауы арқасында Ресейден екі ұшақтың келуін күтудеміз. Ең қажет препараттар жеткізіледі. Біз өте  қажет дәрі-дәрмектің 13 түрін жабамыз. Олар – азитромицин, цефтриаксон, ибупрофен және басқалары. Үндістаннан да жеткізілім жоспарланған. Ұшақтар коронавирус инфекциясын емдейтін препараттарды ғана бізге тасымалдайды», — деді «INKAR» ЖШС бас директоры Әлия  Ерімбетова.
 

Сондай-ақ оқыңыз