Алматыда жағдайы ауыр науқастардың саны 30 пайызға азайды

Мониторинг орталығы тәуекел топтағы амбулаторлы науқастарға тәулік бойы бақылау жүргізеді

Фото: Аскар Ахметуллин

Бүгін онлайн-брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров бүгінгі таңда жансақтау және қарқынды терапия бөліміндегі науқастарға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанынан Анестезиология және реаниматология мобильді орталығы құрылды, онда жан сақтау және қарқынды терапия бөлімінің науқастарына кеңес беріледі. Аталған орталықта білікті мамандардан тұратын реаниматологтар тобы қызмет етеді. 

   «Тәулік бойғы режимде реаниматологтардың мобильді бригадалары пациенттерге телемедицина арқылы оқиға орнында кеңес беруді жүзеге асырады. Науқас туралы барлық мәліметтер орталықтың реаниматолог дәрігерлерден, кафедралды қызметкерлерден, соның ішінде зейнеттегі дәрігерлерден құралған білікті мамандары бар сараптау бөліміне беріледі», - деді Камалжан Надыров.

Аталған орталықтың жұмысының арқасында ауыр жағдайдағы науқастар санатына қатысты оң өзгеріс байқалған, жағдайлары жақсаруы есебінен олардың (ауыр жағдайдағы науқастар) саны 30 пайызға төмендеген.  

Бұдан бөлек, үйде емделіп жатқан науқастар үшін амбулаторлық деңгейде виртуалды инфекциялық аурухана ұйымдастырылған. 

Барлығы амбулаторлық деңгейде 2435 науқас мониторингтік бақылауға алынған. 72 мобильді бригада қызмет етуде. Осы іске жұмылдырылған мамандар саны 409 дәрігерді құрайды.

    «Бұл мамандардың міндеті науқастардың үйлеріне барып қызмет көрсету. Ол үшін олар қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Инфекциялық қауіпсіздікке арналған арнайы тренингтерден өткен. Сонымен бірге олар ПТР талдамаларын алады және қажет болған жағдайда ем тағайындап, тиісті дәрі-дәрімекпен қамту арқылы үйде стационар ұйымдастырады», - деп қосты ол өз сөзіне.

Тәуекел (қауіпті) тобына енген науқастарға бақылауды күшейту үшін Алматы қаласының әкімдігі мен С. Д. Асфендияров атындағы  Қазақ Ұлттық медициналық университеті бірлесіп Науқастарды мониторингтеу орталығын іске қосты.

Мониторинг орталығы тәуекел топтағы амбулаторлы науқастарға тәулік бойы бақылау жүргізуге арналған.

   «Бүгінде аталған орталықтың емханалық қызмет және жедел медициналық көмек қызметімен өзара байланыс жасау алгоритмі қаралуда. Мұндай әдіс асқынулар санын азайтып, амбулаторлық деңгейде тиімді еммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Надыров.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg