Алматыда ковидпен босанатын әйелдерге госпиталь ашылады 

Қалада індетпен күресуде резервтік инфекциялық орындар құрылуда

Фото: Shutterstock

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев  қаланың жаңа нысандарын ковидтік госпитальдер ретінде пайдаланудың  дайындық барысымен танысты.Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Қала әкімі жұмыс сапары барысында №4 перзентхананың жаңа нысанында болды.

 «№4 қалалық перзентхананың жаңа корпусын қарап шықтым. Мұнда COVID-19-бен ауырғандар үшін қосымша 50 төсек-орын ашылады. Коронавирус инфекциясымен босанатын әйелдерге арналған госпитальды дайындау бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір хирургиялық, реанимациялық жабдықтарды, ӨЖЖ аппараттарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп аптаның соңына қарай бұл жер КВИ-мен босанатын әйелдерді қабылдауға дайын болады», — деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында. 

Әкім өзінің сөзінде ковидті стационар ретінде жұмыс жасайтын перзентхананың қуаттылығы 105 төсек-орынға дейін жететінін айтты.

 «Жоғары білікті медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі арқасында аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен өмірі сақталатын болады», — деп атап өтті Б. Сағынтаев. 

Сонымен қатар, Алматы әкімі  COVID-19-бен күресуде науқастарды жатқызатын орындарды көбейту қажеттілігіне байланысты салынып жатқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету Орталығы ғимаратының құрылыс барысымен танысты, мұнда 500 төсек-орынға арналған бірінші эшелон инфекциялық стационар ретінде қайта бейімделеді. 

 «Барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нысанды бір айдан кейін тапсыруды жоспарлап отырмыз», — деп жазды Б. Сағынтаев.


 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Шетелде оқу үшін үйден шықпай-ақ құжат тапсыра аласыз. Ол қалай?

Конкурсқа қатысу онлайн жүзеге асады

Фото: Shutterstock

Жаз – талапкерлердің жаппай оқуға құжат тапсыратын, ғылым-білімге қатысты болашағына жоспар құратын белсенді мезгіл. Елімізде шет мемлекетке барып білім алғысы келетін жастар да көп. Олар үшін «электронды үкімет» порталында жақсы мүмкіндік қарастырылған. 

Бұдан былай шетелдегі оқу конкурстарына қатысу үшін білім беру саласындағы халықаралық шарттар аясында үйде отырып-ақ құжат тапсыруға болады. Пайдаланушы білім алғысы келетін ел мен мамандықты порталда көрсете отырып, «бакалавриат», «магистратура», резидентура» және «докторантура» дәрежелеріне құжат тапсыра алады.


Қызметті тұтыну үшін алдымен порталда авторизация жасайсыз. Содан кейін «Білім» қосымша бетіне кіріп, «Білім беру саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде шетелде оқу конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау» дегенді таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. 

Әрі қарай білімі, отбасылық жағдайы, еңбек қызметі туралы мәліметтерді енгізіп, барлық қажетті бағандарды толық толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл қызмет жеке тұлғаларға бір жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

 Еске салайық, жақында білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық бағдарламасына құжаттар қабылдау басталғанын жария етті. Бағдарлама арқылы азаматтар магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдама бағдарламалары бойынша білім алады. Бұл конкурсқа қатысу үшін де құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн жолдауға мүмкіндік бар. Құжат қабылдау 2020 жылдың 27 шілдесі мен 31 қазаны аралығында жүргізіледі. 

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға 85 және тағлымдамадан өтуге 95 басымдыққа ие мамандықтар ұсынылып отыр. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқуға QS, ARWU, Times Higher Education, The U.S. News Best Global University халықаралық рейтінгтерінің кемінде екеуінің TOP-100 құрамына кіретін және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі университеттердің US News Global рейтингісінде кемінде 65 жаһандық балға ие 138 жоғары оқу орны бекітілген. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg