Вакцина туралы аңыз бен ақиқат

Жарияланды
Белгілі қазақстандық дәрігер вакцинация қанша адамның өмірін сақтап қалатынын айтты

2019 жылдың қорытындысы бойынша 17 мың қазақстандық вакцина көмегінен бас тартқан.

Коронавирус пайда болғалы бері вакцина жайлы жиі айта бастадық. Тезірек дертті ауыздықтайтын емнің дайын болғанын бәріміз де қалаймыз. Бірақ вакцина тек коронавирус үшін емес, басқа да қаншама ауру үшін ауадай қажет. Міне, осыған келген кезде қоғамның пікірі екіге жарылады. Бірі – қолдаушылар болса, бірі – түрлі ауруға қарсы салынатын жалпы вакцинация процесіне күмәнмен қараушылар. 

    
Қазақстанда қанша адам вакцинаға қарсы?

Сарапшылардың айтуынша, вакцинаның арқасында жыл сайын 6 миллион баланың өмірі аман сақталады. Тағы 750 мың бала мүгедектік құрығынан құтылады екен. Вакцина әр жыл сайын адамзатқа 400 миллион жыл қосымша өмір сыйлайды. Мұндай деректі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтіреді. 

    «Әлем бойынша жыл сайын түрлі инфекциялардан 12 миллион бала көз жұмады. Соның ішінде 7,5 миллион бала қазірге дейін вакцинасы табылмаған дерттен көз жұмса, 4 миллионы имундік профилактика арқылы алдын алуға болатын аурулардан қайтыс болады. Вакцинаның арқасында біздің елде шешек ауруы жоқ. Соңғы жылдары полиомелит, тырысқақ, оба аурулары да тіркелмеді. Өкінішке қарай, қызылша, көкжөтел сияқты аурулар әлі бар»,- дейді ҚазҰМУ профессоры Әділ Қатарбаев. 

Аталған университеттің құрметті профессоры Сәкен Әміреевтің айтуынша, 1967 жылдан бастап қызылшаға қарсы екпе жасалып, нәтижесінде балалар арасындағы ауру деңгейі 150 есеге төмендеген. Алайда 2015-2017 жылдары қызылшаға шалдыққандар саны күрт артқан. Осы жылдары вакцинадан бас тартушылар да көбейіп кеткен. 

    «Бірнеше мың адам ауырды. Аурудың жедел тарауы медициналық, экономикалық тұрғыда ғана емес, моральдық-психологиялық тұрғыда да ауыр тиді. 16 мың бас тарту дерегі тіркеліпті. Осының салдарынан қаншама қиын жағдай туындады. Көбіне балалары 1 жасқа толмаған ата-аналар бас тартқан», – дейді Сәкен Әміреев. 

Мамандардың сөзінше, вакцина ұжымдық иммунитет қалыптастырады. Бірақ жыл санап бас тартушылар саны көбейіп келе жатыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 17 мың қазақстандық вакцина көмегінен бас тартқан. 

 

Қазақстанға вакцина қай елдерден әкелінеді?

Қазір елімізде жоспарлы вакцинация 21 инфекциялық ауруға қарсы жасалады. Ал жоспарлы міндетті вакцинация 13 инфекцияға қарсы салынады. Қалғандары эпидемиялық көрсеткіштерге сүйене отырып тағайындалады. Жалпы, вакцинаны ойлап табу, оны клиникалық сынақтан өткізу және тіркеу бірнеше жылға созылады. Соңғы 5 жылда елімізге 38 вакцина түрі жеткізілген. Негізгі тасымалдаушы – АҚШ пен Еуропа елдері. Нақтылап тоқталар болсақ, туберкулезге қарсы – Жапония, Дания, Оңүстік Корея, вирусті гепатитке қарсы – Оңтүстік Корея, В гепатитіне қарсы – Куба елдері бізге вакцина жеткізеді. Олардан бөлек Бельгия, Франция, Үндістан, Ресей елдері бізге үнемі вакцина тасымалдайды. 

Ғалым вакцинадан кейін адам денсаулығында кері әсер белгілері көрініс беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

«Иә, бұл өтірік емес. Алайда ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Мен 30 жылдан астам уақыт бойы балалар инфекционисті болып жұмыс істеп келе жатырмын. Осы уақыт ішінде әртүрлі инфекциялық ауруға шалдыққан он мыңдаған балаға көмек көрсеттім. Өз тәжірибемде байқағанымдай: вакцинадан кейін балада түрлі реакция болады: дене қызуының көтерілуі, жылау, мазасы кету, екпе салынған жердің қызаруы, тағы да басқа. Ол ары кетсе 2-5 күнге созылады және бұл жағдай ата-анаға да, медициналық қызметкерге де таныс нәрсе», – дейді Әділ Қатарбаев. 

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасын мәжіліске қайтарып берген болатын. Депутаттар балаларына вакцина салдыру бойынша ата-анаға өзіндік құқық беретін өзгертулер мен толықтырулар енгізген. Бұл туралы сенатор Серік Бектұрғанов «Кодекс жобасын талқылау барысында айтылған міндетті екпелерден бас тарту мүмкіндіктеріне күмән туғызатынын ескере отырып, ата-аналардың өз бетінше және саналы шешім қабылдау құқығын растау қажет деп санаймыз. Мұны азаматтардың келісім беру құқығына қосу немесе медициналық араласудан бас тарту жолымен жасау ұсынылады» деген еді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз