Тойға кеткен шығын сайға кеткен шығын ба?

Аста-төк тойдан бас тартқандардың оқиғасы

фото: goodhome.su

Карантин кезінде той жасауға рұқсат берілмеді. Тіпті ТЖ аяқталса да, көп адамның басы қосылатын жиындар өткізуге тыйым салынды. Бұл отбасы бюджетін сақтап қалуға жақсы амал ма, әлде жас жұбайлардың көңілін түсіретін жайт па? Осы ретте тойдан бас тартқандардың пікірін білдік.

 

Алғашқы кейіпкерлеріміз - Әділет пен Анар (кейіпкерлер аты-жөні өзгертілді). Той жасамау әлі мейнстримге айналмай тұрғанда осындай шешім қабылдаған.

«Біз 2018 жылы шаңырақ көтердік. Оған дейін бір жарым жылдай қыз-жігіт боп жүргенбіз. Сол уақыт ішінде ортақ қарызымыз көбейіп кеткен болатын. Әу баста бизнес ашамыз дегенбіз. Дегенмен екеуміздің саламыз да, мақсатымыз да екі түрлі болған соң жеке-жеке кәсіп бастауға шешім қабылдадық. Сөйтіп мен 100 мың теңге кредит алдым да, артынша жұмыстан шығып қалдым. Ай сайынғы төлемді төлеу үшін ол кездегі жігітім, қазіргі жолдасым несиемді жабу үшін өзі кредит алды. Қанша жерден «өзім төлеймін» десем де, көнбеді. Содан оның алдында өзімді қарыз сезініп жүрдім. Біраздан соң ол жұмысынан айырылып қалды. Бірнеше ай төленбей, процент өсе берді. Қаржылық сауатымыз нашарлау болып, несиені кейінге шегерте тұру туралы ойламаппыз. Сол қарызды төлейміз деп онлайн займдардың түр-түрін алдық. Сенсеңіз, бір жарым жыл ішінде әлгі 100 мың теңгеміз 1 500 000 теңгеге жетті. Айтып-айтпай не керек, кәсіп те дөңгеленбей қойды, қарызымыз бастан асты. Сөйтіп жүргенде 8 наурыз күні ол үйленуге ұсыныс жасады. «Отбасы болмағандықтан ақшаның басы бірікпей тұрған болар, берекесі кірер, үй болайық» деді. Ойлана келе, туған-туысқа бәрін ашық айтып, мойындаған жөн болады деп шештік. Той жасап береміз деген еді, оның орнына қарызымыздың жартысын болса да өтеп беруін сұрадық. Басында ұрсып, ренжігендері рас. Төркініме де бәрін айттық. Содан екі жақ жалпы алғанда 450 мың теңге жинап берді. Әкем - ІІІ топтағы мүгедек, анам жұмыс істемейді. Олардың қас-қабағын бағып, ештеңе сұрамадық. Өз еркімен 100 мың теңге мен көрпе-төсек, ыдыс-аяғымды шамасы келгенше әкеліп берді. Содан үлкен тойдың орнына құдалық жасап, екі жақ танысып, шағын ғана атап өттік» дейді Анар.

 

Ата-аналары берген ақшаны алып, Әділет пен Анар барлық қарызды есептеп, үш жылға жаңа кесте жасатады. Бүгінде кредиттің 20 пайызы қалыпты. Алты ай уақыттан соң, қарызсыз жаңа өмірі басталады деп мәз. Дегенмен қарызға батқанның салдары әлі де болсын алдынан кесе-көлденең шығып отырады екен.

Анардың айтуынша, мерзімінен асып кеткен төлемдер үшін кредит тарихы бұзылған. Сол үшін үй алуға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот аша алмапты. Мемлекеттік балабақшаға баласын орналастыруда да қиындық туған.

 

«Аста-төк той жасамай-ақ қарапайым өткізуге әбден болады. Есесіне, шығынды басқаша жұмсаса құба-құп. Өмір болған соң, басымызға түрлі жағдайлар туады. Сонша шығынданып той мен ұзату жасап, екі аптадан соң ажырасып кеткен таныстарым бар. Сол сияқты қарапайым атап өтіп, бақытты күн кешіп жатқандар қаншама?! Әрине, жағдай келсе, тұрақты жұмысы бар болса, жасағанда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, ешкімге салмай салмаса, өздері кредитке батпаса болғаны» деген ой түйіпті кейіпкеріміз.

 

Ақтөбелік Нұрбек пен Гүлжайнар осы жазда үйленуді жоспарлаған. Мұндай шешімге карантиннен бұрын келіпті. Дегенмен елдегі жағдайға байланысты жоспар біраз адамда өзгеріп жатқаны белгілі. Бір қызыңы, Нұрбек басынан бастап тойға көп қаржы шығындауға қарсы болған екен. Дегенмен жақындары өмірде бір болатын мұндай сәтті жақсылап атап өту керегін айтып, келіспей жүрген.

 

«Студент кезімде даяшы боп жұмыс істедім. Сол кезде тойдың түр-түрін көрдім. Ысырап көп. Содан бері көп шығын шығармай жасап, үлкендердің батасын алса жеткілікті емес пе деген ойда жүрдім. Әрі ішімде тойға кететін ақшаға үй алу немесе екі жақтың ата-анасымен бірге шетелге бару туралы идея пісіп жатты. Осы екі нұсқаны үйленерде жақындарыма айтып көрдім. Дегенмен екеуін де құп көрмеді. Себебі олардың түсінігінде той жасау міндетті еді. «Жұрттан ұят болады» деген әңгіме бар. Әке-шешем қалайда жасаймыз деп жүрді. Ұсынысым сол күйі қабылданбай қалған. Амалсыз ығына жығылуға тура келді. Той күнін белгіледік, сырға салу болды. Сөйтіп жүргенде елде карантин басталып кетті. Мейрамханада көп адамның басын қосып өткізуге тыйым салынды. 50 адамнан артық бас қосуға болмайды дегендіктен, күндіз және кешке екіге бөліп өткізетін болдық. Төтенше жағдай болмағанда қонақтар саны әлдеқайда көп болары анық еді» дейді Нұрбек ішкі ниеті іске асқалы жатқанына қуанып.

 

Той есік алдында, бұрынғы кездегідей шатырда өтетін болыпты. Шілденің 18-іне белгіленген. Күйеужігіттің сөзіне сүйенсек, басында Гүлжайнардың көңілі түскен.

 

«Әрине, қыз бала үшін ақ көйлек киіп, мейрамханада, күйеуімен қосылып ән айтып, құрбыларды жиғанның орны бөлек. Қиялында тойының қалай өтетінін елестетіп те қойған. Кортеж болса деп те ойлаған. Дегенмен өзара келісіп, келіншегімді көндірдім. Тойдың бюджеті әу бастағы жоспардан бірнеше есе аз шығатын болды. Соған қуаныштымын. Қазіргі есеп бойынша, 1,5 миллион теңге кетеді деп ойлап отырмын. Ал қалған сомасына үйіміздің іргетасы қаланады деп шештік» дейді Нұрбек.

 

Қалай десек те, биылғы тойлардың жөні бөлек. Пандемия кезінде тойға мораторий жариялау туралы ұсыныс та желіде желдей есіп жатыр.

 

«Әлемдік пандемея адамдарды көп нәрселерге басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Мен мұны тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік дер едім. Осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек. Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын болуы керек. Оған қоса тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяршылардың лайықталған айлықтарын, т.б. реттейтін баптар болуы керек. Оған қоса асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады. Нағыз өнер иелері ғана халықтың құрметіне лайық. Ондайлар халықтың қалтасын тонап, лотореялар ұйымдастырып, паразиттік тірлікпен айналыспайтын болады» дейді филолог, саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов.

Сіз не дейсіз?  

banner_wsj.gif

Жалдамалы жұмысшылар өз бетінше өтініш бере алмайды. Министр Нұрымбетов 42 500 теңгені төлеу тәртібін түсіндірді

Шілде айында бір жолғы төлем жасалмақ

Фото:gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекет басшысының 42 500 теңге мөлшерінде мұқтаж азаматтарға біржолғы көмек көрсету туралы тапсырмасын орындауға байланысты брифинг өткізді. 

    Министрдің айтуынша, ақысыз еңбек демалысында жүрген немесе карантинге байланысты енгізілген шектеу шаралары кесірінен табысынан айырылған азаматтар ең төменгі жалақы көлеміндегі жәрдемақыны ала алады. 

    «Біржолғы төлемді алуға ақысыз еңбек демалысына жіберілген жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өтініш бере алады. Қазір министрлік біржолғы төлемді жүзеге асыру тәртібін жасап жатыр. Жұмадан бастап азаматтар өтініш бере алады. Ал дүйсенбі, 20 шілдеден бастап біз азаматтарға бұл төлемді төлей бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бейресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар қайтадан бірыңғай жиынтық төлемді төлемесе болады» деді министр. 

    Біржан Нұрымбетов ТЖ режимі кезіндегідей емес, қазір біраз мекемелердің жұмыс істеп жатқанын және әр өңірдің бас санитар дәрігерлері де әртүрлі шешім қабылдап жатқанын да айтты. Министрлік шешімі де осындай өзгерістерге негізделмек. 

    «Өткен жолғы төлем кезіне қарағанда бір өзгеріс – осы жолы жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті олардың жұмыс берушісі ғана бере алады. Ол ақысыз демалысқа жібергенін растап, жұмысшылары атынан 42 500 теңге алуға өтініш жібереді. Сол үшін 1-2 күн ішінде жұмыс берушілерге арнап порталда ыңғайлы сервис (қызметкерлерінің тізімін, тиісті мәліметтерін енгізу үшін) жасаймыз. Өтініш қанағаттандырылды ма, жоқ па деген сауалдың жауабын жұмысшылар порталға кіріп, анықтай алады» деді. 

    Министрдің айтуынша, әр өңірдегі арнайы штабтар сол өңірдегі кәсіпорынның жұмысы тоқтағанын немесе жалғасып жатқанын анықтап отырады. 

«Олар әр мекеменің, әр кәсіпкердің бүгінгі жағдайын біледі. Сол кісілер «иә, біздің ауданда карантиндік шектеулермен, санитарлық дәрігердің шешімімен бұл мекеме, бұл жеке кәсіпкердің қызметі тоқтаған» деп белгі соғып отырады. Басқа талап болмайды. Әрине, ЖСН дұрыстығын, адам бар ма, әлде көшіп кетті ме біз оны тексере аламыз. Бірақ жұмысшы жағдайын жұмыс беруші ғана жақсы біледі. Ешқандай жарналардың бар-жоғын талап етпейміз. Мәселен, өткен жолы жалдамалы жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер (заң бойынша жарна төлемейді) қалып қалды. 2-3 жұмыс істеген азаматтарды да растай алмай қалдық. Осындай мәселелердің бәрі осы жолы шешіледі деп ойлаймын. Жеке кәсіпкерлерден де жарналар төлеуін талап етпейміз. Штабтармен қатар салық комитеті де жеке кәсіпкерлерді тексереді. Өткен жолы өкінішке қарай, жұмысы жүріп тұрған 40 мыңға жуық жеке кәсіпкер 42 500 теңгені алған. Сондықтан екінші төлемдерінің тоқтағанын, біздің бас тартуымыздың себептерінің бірі осы болған» деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар министр егер мүгедектік мерзімі шектеу шараларына тұспа-тұс келіп қалса, онда оның уақыты (29 мың теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақысымен қоса) автоматты түрде 3 айға созылатынын да айтты. 

Сондай-ақ шілде айында көмекке мұқтаж отбасылардың азық-түлік алуы үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Министр бұл көмекке мұқтаж топтар ретінде – аз қамтылған отбасы, мүгедектер, қамқоршы-ата-ана, мүгедек бала бағып отырған ата-ана және жұмыссыз ретінде ресми тіркелген категориядағы адамдарды атады. Ондай адамдар саны – 1 млн 50 мың. 
    42 500 теңгені алуға өтініштер 
•    42500.enbek.kz; 
•    e-gov порталы; 
•    telegram-бот каналы арқылы қабылданады. 
Министрлік мәліметінше, сәуір айында еліміз бойынша 4,2 млн адам жұмыстан шығып қалған. Мамыр айында ТЖ режимі аяқталған соң жұмыссыз адам саны 1 млн 145 мыңға төмендеген. Маусым айында – 735 мың. Шілде айында жұмыссыз адам саны қайтадан 1 млн-ға жетуі мүмкін дейді ведомство басшысы. 

    «Біз әр өңірдің санитарлық дәрігерінің шешіміне орай әрекет етеміз. Өңірде қандай кәсіпорынның жұмысы шектелді? Қанша адам жұмыспен қамтылған? «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп тұрақты сауалнама жүргіземіз. Сол арқылы қай кәсіпорын жұмысын тоқтатты, кім жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберді дегенді анықтаймыз. Сондықтан қанша адамның жұмыссыз қалғанын оңай анықтаймыз» дейді Нұрымбетов. 

    Министр осы жолы біржолғы төлемді студенттер ала ма деген сауалға да жауап берді. 

    «42 500 теңгеге қатысты «студенттер» деген бөлек санат жоқ. Студенттің студент болғаны үшін 42 500 теңге өткен жолы да төленген жоқ, бұл жолы да солай. Студент те жалдамалы жұмысшы, жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына жатуы мүмкін. Біз алдағы екі күнде төлем тәртібін толық пысықтаймыз. Бірақ өткен жолғы төлем тәжірибесі кезінде бізге тиісті органдар тарапынан «студенттерге төлем беру заңсыз» деген әңгіме айтылды. Ресми еңбек нарығына қатысты заңнамада «экономикалық белсенді халық» деген түсінік бар. Сол бойынша, студенттер «экономикалық белсенді халыққа» жатпайды. Екіншіден, жұмыспен қамту заңнамасы бойынша студенттерді жұмыссыз ретінде тіркеуге болмайды. Үшіншіден, медициналық сақтандыру заңы бойынша студенттерге медсақтандыру жарналарын мемлекет төлеп береді, себебі олар жұмыс істемейтін азаматтар болып саналады. Осыларды заңгерлер айтып, студенттерге төлем жасау заңға қайшы деген ойлар айтты. Алдағы екі күнде нақты шешім шығады. Егер студент ресми түрде жалдамалы қызметкер болса, жұмыс берушісі ол үшін өтініш берсін. Онда еш проблема болмайды. Жеке кәсіпкер болса, сол санаты арқылы алады. Ал өзін-өзі қамтып, ай сайын бірыңғай жиынтық төлемін төлеп жүрсе де, 42 500 теңгені алады. Ең бастысы, оның әлеуметтік мәртебесі осы үш санаттың біріне сай келуі тиіс» деді Біржан Нұрымбетов. 

    Сондай-ақ министр атаулы әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі III тоқсанда автоматты түрде созылғанын, қазір 128 мың отбасы АӘК алып отырғанын да айтты.

Абай Аймағамбет
    
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg