«Томирис» фильмін АҚШ–та көрсету құқығын Well Go USA компаниясы сатып алды

Жарияланды
Шетелдік сарашылар тарихи драмаға жоғары баға берді

Америка Құрама Штатының аумағында «Томирис» фильмінің дистрибуция құқығы сатып алынғаны туралы Variety, Hollywood Reporter және Screen Daily сынды ауқымды баспалар жарыса жариялауда. Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы хабарлады.

Осы мәміленің нәтижесінде Arclight Films компаниясы қазақстандық драманың АҚШ аумағында тарату құқығын Well Go USA компаниясына сатты.

«Мықты әйелдердің ерлігін паш етіп, шынайы оқиғаларына қызығушылық танытатын әлемде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз», – деді Arclight Films басшысы Гэри Хэмилтон.

Еске салсақ, кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.  

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.

 «Бұл эпикалық фильм таңғажайып пейзаждармен көркемделіп,  жоғарғы сапада түсірілгендіктен көрермендерді бірден баурап алатыны сөзсіз», – деп жазды Variety басылымы.

 «Таңғажайып оқиғаларды біз ерекше ұнатамыз. Сондықтан да алғашқы тарихи «Амазон патшайымының» құпияға толы оқиғасы басқаларға қарағанда сенімдірек»,- деді Well Go USA Entertainment президенті және атқарушы директоры Дорис Пфардрешер.

Сондай-ақ Screen Daily баспасы фильмді тамашалаған американдық сарапшылардың цитаталарын келтірді:

«Томирис» картинасын тамашалаған көрермендер ең ауыр сынақтардан өтуге дайын жас жауынгердің айбындылығына, ерекше күш-жігері арқасында жан-жүрегімен жақсы көретін халқын қорғап қалған патшайымның ерлігіне таңқалатынына күмән жоқ».

«Қазақстандық және американдық кинопродюсер, Қазақстанның Лос-Анжелестегі құрметті консулдығының басшысы Гия Нұртас бізді осы арнайы жобамен таныстырған кезде, біз бұл фильмнің керемет әлеуетін бірден байқадық. Well Go USA компаниясы Томирис патшайымы туралы осы бір тамаша туындыны бізге жеткізуге дайын екендігіне өте қуаныштымыз».
 

Сондай-ақ оқыңыз