Теміржол дөңгелектерін өндіретін "Проммашкомплект" зауытының өндірісі артты

Биыл 1 мамырға дейін 59135 бірлік дайын өнім өндірілген

фото: ҚР ИИДМ

Теміржол дөңгелектерін өндіретін "Проммашкомплект" зауытының өндіріс көлемі артып келеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. 


"Проммашкомплект" ЖШС - бағыттамалы бұрмалар мен теміржол дөңгелектерін өндіретін қазақстандық зауыт. 


Зауыт жобасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Зауыт Қазақстанда импорт алмастыру бағдарламасының қатысушысы бола отырып, бәсекеге қабілетті өнім шығарады. 


Тұтынушылардың жоғары бағасына қол жеткізу және талаптарына жауап беру - кәсіпорынның стратегиялық міндеті. Зауыттың техникалық жағдайы сапалы, қауіпсіз, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, қысқа уақыт ішінде тұтынушылардың сұраныстарына тез жауап беруге мүмкіндік береді.


2012 жылы" Проммашкомплект " ЖШС 75 мың бірлік қуаттылығымен өзге кәсіпорындарда илектелген дайындамалардан тұтас таптамалы дөңгелектер өндіретін зауытты іске қосты. Содан бері "Қамқор вагон" ЖШС, "АВЖЗ" АҚ, "ВЖД Бурабай" ЖШС, "Богатырь Транс" ЖШС, "Богатырь Көмір" ЖШС, ERG сияқты отандық вагон жөндеу кәсіпорындарымен және тұтынушылармен жасалған шарттарға сәйкес тұтас дөңгелектерді жеткізе бастады.

2013 жылдан бастап 2018 жылға дейін 144 795 бірлік дайын өнім өндірілді. Биыл "PTC Holding" ЖШС, "Petroleum" ЖШС, "Транском" ЖШС және "ТД "ТТС" ЖШС-мен "Проммашкомплект"ЖШС өндірісінің тұтас таптамалы дөңгелектерінен доңғалақ жұптарын жөндеуге келісім-шарттар жасалды.

Кәсіпорынның доңғалақ цехы Германия, Чехия, Словакия және Украинаның ең озық жабдықтарымен жабдықталған. 2015 жылы зауытта IRIS стандарты енгізілді. IRIS халықаралық стандарты темір жол техникасын жеткізу тізбегіндегі ақаулар санын болдырмау және азайтуға ерекше мән бере отырып, тұрақты жақсартуларды жүргізуге мүмкіндік беретін бизнесті басқару құралы ретінде қолданылады.

2018 жылдың желтоқсанында қуаты жылына 200 мың бірлікке жететін толық циклді тұтас таптамалы доңғалақтарды өндіру кешені іске қосылды.

Кешен 700-ден 1250 миллиметрге дейінгітүрлі диаметрлі және диск конструкцияларының тұтас таптамалы темір жол доңғалақтарыншығара алады. Осы сәтке дейін шетелден сатып алынған темір жол доңғалақтары үшін дайындамалар зауытта механикалық тәсілмен өңделіп, қажетті қалыптарға жеткізілген.

Жаңа желі - жаңа бөліністерді дамытудағы маңызды қадам. Енді зауытқа ұзындығы 6, 9 және 12 метр тұтас таптамалы металл дайындамаларын жеткізеді. Осы дайындамалардан темір жол вагондарына, жартылай вагондарға, цистерналарға және әмбебап платформаларға арналған доңғалақтар ыстық илемдеу әдісімен өндіріледі.

Өндірісті жобалық қуатқа шығару жөніндегі іс-шаралардың өткізілуіне байланысты 2019 жылы 52234 дөңгелек шығарылды.

2020 жылы зауыт жобалық қуатына шықты және 1 мамырға дейін 59135 бірлік дайын өнім өндіріліп, тұтынушыларға жөнелтілді.
 

banner_wsj.gif

Жалдамалы жұмысшылар өз бетінше өтініш бере алмайды. Министр Нұрымбетов 42 500 теңгені төлеу тәртібін түсіндірді

Шілде айында бір жолғы төлем жасалмақ

Фото:gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мемлекет басшысының 42 500 теңге мөлшерінде мұқтаж азаматтарға біржолғы көмек көрсету туралы тапсырмасын орындауға байланысты брифинг өткізді. 

    Министрдің айтуынша, ақысыз еңбек демалысында жүрген немесе карантинге байланысты енгізілген шектеу шаралары кесірінен табысынан айырылған азаматтар ең төменгі жалақы көлеміндегі жәрдемақыны ала алады. 

    «Біржолғы төлемді алуға ақысыз еңбек демалысына жіберілген жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өтініш бере алады. Қазір министрлік біржолғы төлемді жүзеге асыру тәртібін жасап жатыр. Жұмадан бастап азаматтар өтініш бере алады. Ал дүйсенбі, 20 шілдеден бастап біз азаматтарға бұл төлемді төлей бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бейресми түрде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар қайтадан бірыңғай жиынтық төлемді төлемесе болады» деді министр. 

    Біржан Нұрымбетов ТЖ режимі кезіндегідей емес, қазір біраз мекемелердің жұмыс істеп жатқанын және әр өңірдің бас санитар дәрігерлері де әртүрлі шешім қабылдап жатқанын да айтты. Министрлік шешімі де осындай өзгерістерге негізделмек. 

    «Өткен жолғы төлем кезіне қарағанда бір өзгеріс – осы жолы жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті олардың жұмыс берушісі ғана бере алады. Ол ақысыз демалысқа жібергенін растап, жұмысшылары атынан 42 500 теңге алуға өтініш жібереді. Сол үшін 1-2 күн ішінде жұмыс берушілерге арнап порталда ыңғайлы сервис (қызметкерлерінің тізімін, тиісті мәліметтерін енгізу үшін) жасаймыз. Өтініш қанағаттандырылды ма, жоқ па деген сауалдың жауабын жұмысшылар порталға кіріп, анықтай алады» деді. 

    Министрдің айтуынша, әр өңірдегі арнайы штабтар сол өңірдегі кәсіпорынның жұмысы тоқтағанын немесе жалғасып жатқанын анықтап отырады. 

«Олар әр мекеменің, әр кәсіпкердің бүгінгі жағдайын біледі. Сол кісілер «иә, біздің ауданда карантиндік шектеулермен, санитарлық дәрігердің шешімімен бұл мекеме, бұл жеке кәсіпкердің қызметі тоқтаған» деп белгі соғып отырады. Басқа талап болмайды. Әрине, ЖСН дұрыстығын, адам бар ма, әлде көшіп кетті ме біз оны тексере аламыз. Бірақ жұмысшы жағдайын жұмыс беруші ғана жақсы біледі. Ешқандай жарналардың бар-жоғын талап етпейміз. Мәселен, өткен жолы жалдамалы жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер (заң бойынша жарна төлемейді) қалып қалды. 2-3 жұмыс істеген азаматтарды да растай алмай қалдық. Осындай мәселелердің бәрі осы жолы шешіледі деп ойлаймын. Жеке кәсіпкерлерден де жарналар төлеуін талап етпейміз. Штабтармен қатар салық комитеті де жеке кәсіпкерлерді тексереді. Өткен жолы өкінішке қарай, жұмысы жүріп тұрған 40 мыңға жуық жеке кәсіпкер 42 500 теңгені алған. Сондықтан екінші төлемдерінің тоқтағанын, біздің бас тартуымыздың себептерінің бірі осы болған» деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар министр егер мүгедектік мерзімі шектеу шараларына тұспа-тұс келіп қалса, онда оның уақыты (29 мың теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақысымен қоса) автоматты түрде 3 айға созылатынын да айтты. 

Сондай-ақ шілде айында көмекке мұқтаж отбасылардың азық-түлік алуы үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Министр бұл көмекке мұқтаж топтар ретінде – аз қамтылған отбасы, мүгедектер, қамқоршы-ата-ана, мүгедек бала бағып отырған ата-ана және жұмыссыз ретінде ресми тіркелген категориядағы адамдарды атады. Ондай адамдар саны – 1 млн 50 мың. 
    42 500 теңгені алуға өтініштер 
•    42500.enbek.kz; 
•    e-gov порталы; 
•    telegram-бот каналы арқылы қабылданады. 
Министрлік мәліметінше, сәуір айында еліміз бойынша 4,2 млн адам жұмыстан шығып қалған. Мамыр айында ТЖ режимі аяқталған соң жұмыссыз адам саны 1 млн 145 мыңға төмендеген. Маусым айында – 735 мың. Шілде айында жұмыссыз адам саны қайтадан 1 млн-ға жетуі мүмкін дейді ведомство басшысы. 

    «Біз әр өңірдің санитарлық дәрігерінің шешіміне орай әрекет етеміз. Өңірде қандай кәсіпорынның жұмысы шектелді? Қанша адам жұмыспен қамтылған? «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп тұрақты сауалнама жүргіземіз. Сол арқылы қай кәсіпорын жұмысын тоқтатты, кім жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберді дегенді анықтаймыз. Сондықтан қанша адамның жұмыссыз қалғанын оңай анықтаймыз» дейді Нұрымбетов. 

    Министр осы жолы біржолғы төлемді студенттер ала ма деген сауалға да жауап берді. 

    «42 500 теңгеге қатысты «студенттер» деген бөлек санат жоқ. Студенттің студент болғаны үшін 42 500 теңге өткен жолы да төленген жоқ, бұл жолы да солай. Студент те жалдамалы жұмысшы, жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына жатуы мүмкін. Біз алдағы екі күнде төлем тәртібін толық пысықтаймыз. Бірақ өткен жолғы төлем тәжірибесі кезінде бізге тиісті органдар тарапынан «студенттерге төлем беру заңсыз» деген әңгіме айтылды. Ресми еңбек нарығына қатысты заңнамада «экономикалық белсенді халық» деген түсінік бар. Сол бойынша, студенттер «экономикалық белсенді халыққа» жатпайды. Екіншіден, жұмыспен қамту заңнамасы бойынша студенттерді жұмыссыз ретінде тіркеуге болмайды. Үшіншіден, медициналық сақтандыру заңы бойынша студенттерге медсақтандыру жарналарын мемлекет төлеп береді, себебі олар жұмыс істемейтін азаматтар болып саналады. Осыларды заңгерлер айтып, студенттерге төлем жасау заңға қайшы деген ойлар айтты. Алдағы екі күнде нақты шешім шығады. Егер студент ресми түрде жалдамалы қызметкер болса, жұмыс берушісі ол үшін өтініш берсін. Онда еш проблема болмайды. Жеке кәсіпкер болса, сол санаты арқылы алады. Ал өзін-өзі қамтып, ай сайын бірыңғай жиынтық төлемін төлеп жүрсе де, 42 500 теңгені алады. Ең бастысы, оның әлеуметтік мәртебесі осы үш санаттың біріне сай келуі тиіс» деді Біржан Нұрымбетов. 

    Сондай-ақ министр атаулы әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі III тоқсанда автоматты түрде созылғанын, қазір 128 мың отбасы АӘК алып отырғанын да айтты.

Абай Аймағамбет
    
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg