Кешбэк жайлы көп білгіңіз келсе

Жарияланды
Бос шығынға жол ашпай-ақ, ақшаны дұрыс жаратып, көп бонус жинау жайлы кеңестерімізге құлақ түріңіз

Кешбэк деген не?

Кеткен шығында қайыр бар. Ол «кешбэк» деп аталады. Бірақ бонус алу үшін оңды-солды шашыла берудің қажеті шамалы. Алдымен кешбэк жайлы түсіндірейік. Банктер сіз құртқан ақшаның шамалы бөлігін картаңызға қайтарады. Кешбэк деген — сол. Барынша клиент тартып, өзінде ұстап қалу үшін қаржы ұйымының тарапынан берілетін кішігірім кәде десек болады.

Оны алу үшін:

•    Картамен есептесуіңіз керек. Артынша сіздің есепшотыңыздан ақша алынады.
•    Одан соң банк, төлем жүйесі мен сатушының банкі іске кіріседі. Олардың әрқайсысы қызметі үшін кішігірім пайызын алады. Ақша соңында кімге барып түсетін болса, комиссияны сол төлейді. 
•    Сіздің банкіңіз белгілі бір пайызын алады да, кейін соның аздаған бөлігін сізге қайтарады. Ақша емес, бонус түрінде беріледі. Байқасақ, қатысушылардың бәріне тиімді. Бұл жерде сатушыға ғана келіп-кетері жоқ. 

 

Карта ашқанда не нәрсеге мән беру керек?

Кешбэк кейде жанарды жаулап тұрады. Әр банктің жүйесі де әр түрлі. Мысалы «АйБанк» пен «Байбанк» деген екі ұйым бар делік. Біріншісінің кешбэк пайызы көбірек, бірақ бонус алу үшін айына 100 мың теңге құртуыңыз керек. Екіншісінде минимал сома — 30 мың теңге ғана, пайызы алдыңғысынан аз. Мұндайда жақсылап ойлану қажет. Егер сіз айына 50 мың теңге жұмсайтын болсаңыз, «Айбанк» қанша жерден ұнап тұрса да, «Байбанк» қолайлырақ. Сондықтан банктен карта ашқалы жатқанда шарттарын жақсылап оқу қажет. 

 

Кешбэк көлемі көп болса, сол тиімді деген сөз бе?

Айтпақшы, кейде бір картаның өзінде кешбэк көлемі әр түрлі болуы мүмкін екенін де ескеріңіз. Айталық, әуе билеттері үшін — 10 пайыз, дәмхана мен мейрамханаларға — 5 пайыз, супермаркеттерге 1 пайыз қайтаратын түрлері болады. Яғни кешбэктің категорияларына мән беру керек. Төлем жасайтын терминалдың баптауына қарай категориялар автомат түрде белгіленеді. Мысалы сіз тамақ ішкен жердегі терминалда «Кафе және мейрамхана» категориясы белгіленбесе, қарапайым бонус аударылуы әбден мүмкін. Шығындарыңыздың қанша бөлігі қай жаққа кететінін банктің мобайл қосымшасынан білуге болады. 

 

Көп бонус жинауға бірнеше кеңес
   
Барынша көбірек кешбэк алу үшін ақша шашуға асықпаңыз. Бар болғаны карта арқылы төлеуді әдетке айналдырған жөн. Бүгінде тек қолма-қол төлем не аударым арқылы жұмыс істейтін жерлер аз емес. Ондай жағдайда терминал талап етуге құқыңыз бар. Сонымен бірге терминал бола тұра аударым жасауды сұрайтын болса, ескертіңіз. Кей жағдайда бір өшіріп қосқан соң терминал жұмысы қалыпқа келеді. 

Көпшілікпен тамақтануға барсаңыз, «мен төлейін, сіздер картама аудара салыңыздар» деп көріңіз. Үлкен сомадан көп кешбэк қайтатыны белгілі. Әрине, бұлай пайда көріп қалғаныңызды кейбірі ұнатпауы мүмкін. Сондықтан жиналған қауымның қалауын ескеру шарт. Егер ешкім ренжімесе, қарсы болмаса осы тәсіл сізге көп бонус сыйлайды.  

Сонымен бірге бірнеше банктің картасын ұстасаңыз болады. Сол арқылы қайсы ұйым қай шығыныңыз бойынша жақсы қайтарым жасайтын болса, соны қолданыңыз. Мысалы «АйБанк» дүкенге төлеген ақшаның 10 пайызын қайтаратын болса жақсы емес пе? Сол сияқты «БайБанк» картасымен бензинге төлеген ұтымды болуы мүмкін. 

 

Салық ұстала ма?

Кешбэк – табыс емес. Сондықтан заң шеңберінде одан салық ұсталмайды. Бұл – бар болғаны банктің берген сыйлығы. 

 

Кешбэк харам ба?

Мұсылман қауым арасында кешбэк пен бонусқа қатысты екіойлы пікір бар. Біріншісі, алған тауар үшін сізге берілген бонустың ағаттығы жоқ дейді. Екіншісі, картадағы берілген ақша – банкке берілген қарыз есептеліп, қарызынан пайда көруге болмайды деседі. Дегенмен төлем карталарындағы мұндай қызмет электронды төлемнің бір түрі саналатындықтан, ондағы сыйақыны карта арқылы төлем жасауға жігерлендірудің әдісі деп есептеп, кешбэктің халал екенін ашық айтқан мамандар бар. Банк картасынан бөлек, арнайы дисконт карталардан қайтатын бонус тіпті шариғатқа қайшы емес.    

 

Кешбэкті қайда жаратуға болады?

Сізге берілген бонусты жұмсаудың сан түрлі жолы бар. Мобайл қосымшаға кіріп, төлемдер бөлігіне бас сұқсаңыз болғаны. Кешбэктен жиналған бонустармен көбіне ұялы телефонға баланс, билет, коммуналдық қызмет ақысын, айыппұлдарды төлеу кеңінен таралған. Бонуспен төлеу үшін бар болғаны қосымшадан қажет төлемді тауып, «бонустарды жарату» дегенді таңдайсыз. Егер бонус жетпесе, картадағы ақшадан ұстайды. Немесе картада ақша жетпей тұрғанда бонустың есебінен қосып жіберсеңіз әбден болады. 

Сондай-ақ оқыңыз