Енді көпқабатты үй тұрғындары жер салығын төлемейді

Үкімет салық заңына қандай өзгерістер енгізді?

Фото: Pixabay.com

Руслан Дәленов жаңа бастама туралы айтты.

Кеше, 24 маусым күні мәжіліс депутаттары салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Жаңа заңда салық жүйесін реформалау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, инвестициялар тартуды ынталандыру, бизнес ортаны дамыту, тарифтік саясат пен монополияға қарсы реттеуді жетілдіру мәселелері қарастырылған. 


Заң аясында көпқабатты тұрғын үй тұрғындарын жер салығынан босату ережесі де жазылыпты. Сонымен қатар салық элементтерін өзгертпей-ақ мүлік пен жер салығын біріктіру туралы ұсыныс та бар. Бұл орайда екі салық үшін бір төлем жасау жеткілікті болмақ. 


    «Қазір бұл екі салық автоматты түрде есептеледі. Ал түбіртекте екі жол көрсетіледі. Тиісінше, екі рет төлеуге тура келеді. Түбіртекте екі комиссия бар, сіз екі жолдың арасында қателесіп кетуіңіз мүмкін. Дербес шот екеуден жүргізіледі, бір жерде артық төлем жасалса, ал бір жерінде шатасып берешек болып қалуы ықтимал. Сондықтан техникалық тұрғыда тура солай жасалады, алайда бәрі бір жолда көрсетіліп тұрады. Бұл қателікті азайтуға, өзіндік құнын төмендетуге, банк комиссиясын мейлінше аз төлеуге мүмкіндік береді», - дейді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. 


Салық заңы аясында жүзеге асуы мүмкін тағы бір өзгеріс бар: Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығын төлеуге міндеттелуі мүмкін. Министрдің айтуынша, заңның бұл тармағының қазақстандық салық төлеушілерге еш қатысы жоқ. Яғни, шетелдік интернет-компаниялар есепке тұрып, қосымша құн салығын төлейді. Себебі, халықаралық стандарттар осыны орындауды талап ететін көрінеді. 


    «Шетелдік интернет-компаниялар көрсетіп жатқан қызмет және тауар көлемі бойынша қосымша құн салығын төлеуге дайын. Тек осы кезге дейін бізде ондай талап болған жоқ. Енді соны заң аясында енгізгелі отырмыз. Шетелдік интернет-компаниялар төлеген салықтан түсетін қаржы шамамен 2 млрд теңге көлемінде болады. Егер көрсетілетін қызмет көлемі өссе, онда салық та көбейеді. Біз мұны бақылап отырамыз», - деді Дәленов. 


    Сонымен қатар бұдан былай шетелдік құзіретті органдар еліміздегі салық құпиясы жайлы ақпараттарды тікелей бақылап, біліп отыруы мүмкін. Қазақстанның өзі осындай мүмкіндік бермек. Бұл да осы салық туралы заң аясында қарастырылып отыр деді министр. 


    «Бұл жерде мәселе кез-келген ақпарат туралы емес, тек антидемпинг туралы зерттеу барысы жайлы ақпарат туралы болып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімдерге сәйкес уәкілетті органдар демпингке қарсы тергеу-тексеру жүргізуге және бұл ретте ұсынылған субсидия, яғни, салық жеңілдіктері жайлы ақпарат сұрауға құқылы. Ақпараттардың бұлай берілуі қазір әлем бойынша қолданылады. Егер шетелдік тарапқа ондай деректі бермесек онда олар қазақстандық экспортқа қарсы ірі антидемпингтік баж салығын салуы ықтимал. Сәйкесінше, бұл келісім біздің уәкілетті органдардың да шетелдік өндірушілерге қатысты тергеу-тексеру жүргізіп жеңілдіктер жайлы ақпаратын сұратуына мүмкіндік береді. Келісімшартта құпиялықты қорғау бойынша барлық шаралар қарастырылған», - деді ведомство басшысы. 


Дәленов басқаратын министрлік ұсынған тағы бір өзгеріс – заң аясында елімізде инвестициялық салықтық несие ұсынылуы мүмкін. Ол ұжымдық табыс және мүлік салығы бойынша үш жылға пайызсыз беріледі. Алайда көрсетілген тиісті талаптар орындалмаса өсім жүреді.

 
Сондай-ақ заң аясында көлік салығын төлеу мерзімі осы жылдың 31 желтоқсанынан келер жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған. 
 

banner_wsj.gif

Сотталғандар жазасын провизорлық стационарда өтеп жүр

Павлодар облысында шартты түрде сотталғандар дәрігерлерге көмекке келді

Фото: Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз орталығы

31 жастағы павлодарлық Светлана біраз уақыт бұрын шартты түрде сотталып, пробация қызметіне тіркеуге тұрған еді. Кейін оған Павлодар ауданының жұмыспен қамту орталығына жолдама берілген. Соған сәйкес, медициналық білімі әрі осы салада тәжірибесі бар Светлана провизорлық стационарлардың біріне жұмыс істеуге жіберілді. 

«Сотталғанға дейін облыстық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Стационарда қызмет етіп жүргеніме бір аптадан астам уақыт өтті. Негізгі міндетім – пациенттерге күтім жасау», - дейді Светлана. 

Одан бөлек, ол медициналық колледжге құжаттарын тапсырып, білімін одан әрі жетілдірмек ниетте. 

Светлана сияқты Қайрат есімді сотталған азамат та жазасын провизорлық стационарларға көмек көрсету арқылы өтеуде.   

«Облыс орталығындағы ауруханаларға төсект, жиһаз тасып жүрмін. Осы сияқты басқа да жұмыстар жүктеледі. Жаза ретінде белгіленген сағаттарды өтеп қана қоймай, қоғамға пайдамның тиіп жатқанына қуаныштымын. Жазаның осындай түрінің белгіленуі әділ деп есептеймін», – дейді ол. 

Пробация қызметінің бастығы Әсет Мыңжасаровтың айтуынша, еңбектің мұндай түріне тұрақты жұмыс орны жоқ әрі бас бостандығын шектеу жазасы белгіленген сотталғандар тартылады. 

«Пандемияға және пневмонияға шалдыққандар саны күрт артқандықтан, Павлодар облысында қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс күшін қажет етеді. Сондықтан жазасын өтеу жөнінде жолдама алғандар қаладағы ауруханаларға жіберіліп, көмек көрсетуде. Бүгінде сотталған бес азамат осы іске жұмылдырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жазасын өтеушілер медицина қызметкерлеріне қол ұшын созатын болады»,  – дейді Әсет Мыңжасаров. 

Айта кетелік, Павлодар облысының аумағында қосымша провизорлық стационарлар мен триаж-орталықтар ашылғалы бері дәрігерлердің, медициналық қызметкерлердің аздығы қатты сезіле бастады. Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласының ардагерлері, жеке емханалардың қызметкерлері, медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектер, барлығы 200-ден астам адам дәрігерлерге көмекке келді. Жүктемені азайтып, пациенттерді сапалы ем-дом көрсету үшін тағы 400-ге жуық адам керек. Олардың барлығына белгіленген тарифтік көрсеткіштер бойынша қаражат төленетін болады. 

 

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер