Елжан Біртанов коронавирусқа шалдықты

Жұқпалы аурулар ауруханасына түсті

фото: kursiv.kz

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды. Бұл туралы министрдің өзі Facebook парақшасында жазды. 

«Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавируске тапсырған соңғы тесттің нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын.  


Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді.
Әсіресе,  қашықтан, үйде отырып  жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары.


Сондықтан, барша қазақстандықтан «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауды сұраймын. Достар, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән беріңіздер.


1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
2. Егер сіз офис қызметкері болсаңыз,  мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге тырысыңыз. 
3.Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
4. Қоғамдық орындарда маска киіп жүріңіз;
5. Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
6. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.


Егер бойыңыздан мынадай симптомдарды байқасаңыз: әлсіздік, басыңыз, тамағыңыз ауырса, дене қызуыңыз көтерілсе - дереу дәрігерге хабарласыңыз», - деді министр. 

banner_wsj.gif

Сотталғандар жазасын провизорлық стационарда өтеп жүр

Павлодар облысында шартты түрде сотталғандар дәрігерлерге көмекке келді

Фото: Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз орталығы

31 жастағы павлодарлық Светлана біраз уақыт бұрын шартты түрде сотталып, пробация қызметіне тіркеуге тұрған еді. Кейін оған Павлодар ауданының жұмыспен қамту орталығына жолдама берілген. Соған сәйкес, медициналық білімі әрі осы салада тәжірибесі бар Светлана провизорлық стационарлардың біріне жұмыс істеуге жіберілді. 

«Сотталғанға дейін облыстық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Стационарда қызмет етіп жүргеніме бір аптадан астам уақыт өтті. Негізгі міндетім – пациенттерге күтім жасау», - дейді Светлана. 

Одан бөлек, ол медициналық колледжге құжаттарын тапсырып, білімін одан әрі жетілдірмек ниетте. 

Светлана сияқты Қайрат есімді сотталған азамат та жазасын провизорлық стационарларға көмек көрсету арқылы өтеуде.   

«Облыс орталығындағы ауруханаларға төсект, жиһаз тасып жүрмін. Осы сияқты басқа да жұмыстар жүктеледі. Жаза ретінде белгіленген сағаттарды өтеп қана қоймай, қоғамға пайдамның тиіп жатқанына қуаныштымын. Жазаның осындай түрінің белгіленуі әділ деп есептеймін», – дейді ол. 

Пробация қызметінің бастығы Әсет Мыңжасаровтың айтуынша, еңбектің мұндай түріне тұрақты жұмыс орны жоқ әрі бас бостандығын шектеу жазасы белгіленген сотталғандар тартылады. 

«Пандемияға және пневмонияға шалдыққандар саны күрт артқандықтан, Павлодар облысында қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс күшін қажет етеді. Сондықтан жазасын өтеу жөнінде жолдама алғандар қаладағы ауруханаларға жіберіліп, көмек көрсетуде. Бүгінде сотталған бес азамат осы іске жұмылдырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жазасын өтеушілер медицина қызметкерлеріне қол ұшын созатын болады»,  – дейді Әсет Мыңжасаров. 

Айта кетелік, Павлодар облысының аумағында қосымша провизорлық стационарлар мен триаж-орталықтар ашылғалы бері дәрігерлердің, медициналық қызметкерлердің аздығы қатты сезіле бастады. Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласының ардагерлері, жеке емханалардың қызметкерлері, медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектер, барлығы 200-ден астам адам дәрігерлерге көмекке келді. Жүктемені азайтып, пациенттерді сапалы ем-дом көрсету үшін тағы 400-ге жуық адам керек. Олардың барлығына белгіленген тарифтік көрсеткіштер бойынша қаражат төленетін болады. 

 

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер