Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау күшейтілді

Жарияланды
Қазақстанда 698 мың мүгедек жан бар 

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атап өткендей, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау ведомство қызметінің басым бағыттарының бірі. Бүгінде елімізде 698 мың адамның мүгедектігі бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

 «Біз өткен жылдың екінші жарты жылдығында мүгедектігі бар тұлғалармен, қоғамдық ұйымдармен, жұмыс берушілермен көптеген кездесулер өткіздік, өте қызу жұмыс кездесулері өтті және бұл салада шешімдер мен реформаларды талап ететін көптеген проблемалар бар екенін атап өткен жөн. Біз өзімізге 90-нан астам жүйелі мәселені бірлесіп анықтадық және оларды шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», — деді Б. Нұрымбетов.

Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген.

2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде ТҚКК 24 түрі орналастырылған, ал порталдың толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр.

Бүгінде мүгедектігі бар 300 мыңға жуық адам оңалтудың техникалық құралдарын, арнайы әлеуметтік қызметтерді, жеке көмекшінің қызметін, санаторлық-курорттық емі алуда.

 «Бізде 579 жеткізуші бар. Осы уақыт ішінде мүгедектер тарапынан 6 мың тапсырыс орындалды. Екінші жартыжылдықта біз порталда санаториялық-курорттық емдеуді, жеке көмекшінің және ымдау тілі мамандарының қызметтерін, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдарының қалған 31 түрін іске қосамыз. Біз сондай-ақ отандық кресло-арбалар шығаруды іске қостық, шілде айынан бастап Көкшетауда «Тыныс» АҚ базасында отандық арбалар шығарылады», — деп хабарлады министр.

Мүгедектерді әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында заңнаманы одан әрі жетілдіру көзделген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасының негізгі бағыттары: мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру шараларын күшейту және оларды әлеуметтік қорғау жөнінде қосымша шаралар енгізу болады.

 «Біз бүгін үлкен заңға келеміз, алдағы жылдары мыналар біз үшін өте маңызды болып табылатындығын айтқым келеді – бұл мүгедектігі бар адамдар үшін, олардың жұмысқа орналасуы мен экономикалық белсенділігі үшін жағдай жасау. Бұл өте маңызды элемент. Біз заң жобасында бірқатар шараларды қарастырамыз», — деп атап өтті министр.

Мүгедектігі бар адамдарды белсенді еңбекке тарту үшін олардың құзыреті туралы дерекқорын құру және мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын Кәсіптердің атласын жасау жоспарлануда. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін медициналық-әлеуметтік сараптама орындарына жіберу көзделуде. Оның негізгі тетігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады. Сонымен бірге «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталықтарын құру жоспарланған, онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі.

Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасап, мүгедектігі бар 18 жастан асқан адамдарды кәсіптік бейімдеу және сауықтырумен айналысатын болады. 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасау жұмыстарын жалғастырады.

Бұдан басқа емдеу-шипажайлық ем алу мерзімі де реттелді — 14 күнтізбелік күн. Мүгедектердің өтініші бойынша жеке көмекшілерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді; кохлеарлық импланттарды қайтару міндеттемесі олардан алынып тасталды; мүгедектік тобы мерзімі шектеусіз белгіленетін, орны толмайтын анатомиялық ақаулардың тізбесі кеңейтілді; ересектерге 5 жылға мүгедектік белгіленетін аурулардың тізбесі бекітілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.
 

Сондай-ақ оқыңыз