Биыл елімізде салымшылардың шотына 433,6 млрд.теңге инвестициялық кіріс кірді

Жарияланды
Маусым айының басында инвестициялық табыс төмендеп кеткен

Зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістерден тұрады. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ-ның ресми телеграм арнасы хабарлады.

Жеке зейнетақы шоттарына түсетін және есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі  түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. 

Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді.

Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады.

2020 жылы салымшылар мен алушылардың шоттарына инвестициялық кірістердің есептелуін қарастырайық: 

1. 2020 жылдың  қаңтарынан 2 маусымына дейін салымшылардың шоттарына 433,6 млрд.теңге мөлшеріндегі таза инвестициялық кіріс аударылды.

Таза инвестициялық кіріс:

• қаңтарда +28,15 млрд теңге,

• ақпанда +11,7,7 млрд теңге,

• наурызда + 521,8 млрд теңге,

• сәуірде – 125,6 млрд теңге,

• 2020 жылдың мамырынан 2 маусымы аралығында – 102,4 млрд теңгені құрады.

Наурыз айында инвестициялық табыстың айтарлықтай өсуі, сәуір, мамыр және маусым айының басында инвестициялық табыстың төмендеуі байқалады. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2 маусымына дейінгі кезеңдегі инвестициялық табыстың жалпы сомасы +433,6 млрд теңгені құрап, оң нәтижеге қол жетті.

2. Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының өзгеруі зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігіне үлкен әсер етті:

Наурызда АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381-ден 448 теңгеге дейін артты. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.

Сәуір айында керісінше, АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 448 теңгеден 424 теңгеге дейін төмендеп, нығая түсті. Ұлттық валютаның нығаю үрдісі 2020 жылдың мамырында да жалғасты. АҚШ долларының құны 411 теңгеге дейін төмендеді. Маусымның алғашқы күндері ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 402 теңгеге дейін төмендеуімен сипатталды. Тиісінше, валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін теріс бағалау орын алды, ол өз кезегінде инвестициялық табыстың төмендеуіне ықпал етті.

3. Сіздің назарыңызды келесі мәліметке аударсақ: зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) – көрсеткіш бола алмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық конъюнктураға тәуелді.

Сондай-ақ оқыңыз