Баланың жолдасын жеу жабайылық па?

Күйзелістен қашқан әйелдер плацента жеуге көшкен

фото: academy.ru

Әйелдің жүкті кезінде қажет болатын, жалғыз уақытша орган — баланың жолдасы яки плацента. Ұрық дами бастағанда жатырда пайда болады. Сәби өмірге келген соң, жолдасын да «босандырып» алады. Әдетте плацента перзентханада қалады. Бірақ соңғы кездері оны өзімен бірге алып кететіндер көбейіп келе жатыр. Сонда оны не істейді? Осы тақырыпты талдайық. 

 

Плацента бір қарағанда бауырға ұқсайды. Жеп көргендердің сөзіне сүйенсек, дәмі де сондай деседі. Иә, естіген құлаққа түрпідей тисе де, баланың жолдасын пайдалы екен деп жейтіндер аз емес. Әсіресе, батыс жұлдыздарының жарнамасынан кейін бұл тіпті трендке айналды. Интернетті қарасаңыз, плацентадан әзірленетін котлет пен бәліштің жасалуы жолын да табуға болады. Одан қалса, смузи жасап ішетіндер бар. Ал капсула түрінде кептірілгенін Ким Кардашьян, Алисия Сильверстоун сияқты селебритилер жиі жарнамалайды. 

 

Ғалымдар не дейді?

Баланың жолдасында гормондар, дәрумендер, ферменттер мен қан бар. Сондықтан көпшілігі оны ана мен баланың денсаулығына пайдалы деп ойлайды. Бүгінде мейнстримге айналу себебі де сол — ананың босанғаннан кейінгі депрессиядан құтылуына көмектеседі дейді-мыс. Жолдасын жеуді ғылымда «плацентофагия» деп атайды. Осы тақырыпқа 1950-2014 жылдар аралығында 49 ғылыми мақала арналыпты. Зерттеу жасай келе, нәтижесінде «жатырдың жиырылуына, эстроген циклінің қалыпқа келуіне, сүттің молаюына әсер етеді екен деуге ғылыми негіз жоқ» деген байлам жасалған. Плацентада пайдалы элементтер болғанымен, қатырып не кептіргеннен кейін олардың қаншалық қалатыны белгісіз. Сонымен қатар денсаулыққа зиян заттардың барын да ескеру қажет. Өйткені ол таза болмайды. Ұрықтың қорғаныш қабаты болғандықтан, сынап, мырыш, кадмий сияқты зиян компоненттерді де бойына жинайды. Ол жерде қаншама бактерия өмір сүреді. Егер ана сүтіне қосылса, түрлі инфекция тудыруы мүмкін.  

Ғалымдар плацентофагияның бүкіл қауымда кездесетін ескі әдет-ғұрып емесін дәлелдеген. 179 халықтың ғұрпын зерттей келе, бала жолдасына қатысты мұндай рәсімді зерттеуге қатысқан халықтың үшеуі ғана жасағанын анықтапты. Көпшілігі қытай халық медицинасына сүйенеді екен. Десе де, ол жақта да ғылыми дәлелденбеген. Плацентаның пайдасы туралы жасалған зерттеулердің кейбірі ғана расталыпты. Бірақ ол кезде тәжірибе егеуқұйрыққа жасалғандықтан ғалымдар адам құрылысы одан гөрі күрделі, сол себепті сүттің көбірек бөлінуіне еш әсер ете алмайды деген тұжырымға келген. Бостондағы Солтүстік-батыс университетінің қызметкерлері зерттеу жүргізген. Нәтижесінде бала жолдасын жегеннен келіп-кетер ештеңе жоқ деген байлам жасайды. Әрі аталған қызметті ұсынатын емханалардың плацентаны сақтау мен дайындауға қатысты сертификаты жоқ екені анықталған. 

 

Жануарлар өз шуын неге жеп қояды?

Біле білсеңіз, жануарлар плацентасын жеп қояды. Өйткені жаңа туған ұрғашы аңның азық іздеуге күші болмайды. Сондықтан осындай амалға барады. Ал енді босанған әйелдің бала жолдасынан басқа жейтін тамағы жетіп артылатынын ескерсек, қажеттілік жоғы білінеді. Плацентаны күйзелістен құтқарады деп жейтіндер көбіне психологиялық тұрғыдан өздерін сендіреді деседі. Осы мақсатта жасалған сауалнама нәтижесінде, әйелдер көңіл-күйінің шынында көтерілгенін айтқан. Дегенмен оны өлшеу мүмкін болмағандықтан, нақты жауап беру де мүмкін емес. 

 

Баланың жолдасын қазақ қайткен?

Бұрын әжелер баланың жолдасын жуып, орап, оны адам аяғы баспайтын, ит-құс ала алмайтын жерге көметін болған. Жолдасты жуған адамға кәде беріледі екен. Ол кезде әйелдердің перзентханада емес, үйде босанатынын ескеру керек. Қазақта баланың жолдасы далаға тасталса, әйел ауруға ұшырайды деген сенім бар. Сонымен бірге әйел қыз туа берсе, босанып жатқанда жолдасын алып, басынан айналдырса, ұл туады деп сенген. 

 

Плацентофагия - бизнес 

Отбасылық дәрігер Гаухар Жұматқызы плацентофагияны бизнес деп есептейді.

    «Бірде жүкті сіңліммен бала жолдасын жеу туралы әңгімелестік. Бір жерден плацентаның пайдалы екенін естіген екен. Оқып жүргенде бізге мұндай нәрсе айтылмаған еді. Сол кезде бірінші рет білдім. Дереу іздене бастадым. Нәтижесінде дәлелденген ғылыми материал таппадым. Плацента мен сиыр етін жеген адамдардың қан анализін, темір деңгейін тексеріп зерттеу жасағандар бар екен. Бірақ анау айтқандай әсер болмаған. Ал «бала жолдасын жеген соң жағдайым жақсарды» деген пікір айтқандар өздерін сендіргенге көбірек ұқсайды. Бұл жерде маңызды ескерту: ғылыми негізі жоқ екені. Меніңше, бұл - бизнес көзі. Бар болғаны сол. Плацента фильтр қызметін атқаратыны белгілі. Сондықтан оның құрамында герпес, стрептококк, сифилис сияқты инфекциялар, ауыр металдар мен токсиндер барын білу қажет. Ол бар болғаны ұрықты қоректендіріп, оттегімен қамтамасыз етеді. Бала дүниеге келген соң сыртқа шығарылады. Сонымен қызметі тәмам, әрмен қарай пайдасы жоқ. Егер соншалықты пайдалы орган болса, әйел бойында қалар еді. Өз басым тіпті ғылыми дәлелденсе де жемес едім. Осы тақырыпта әлеуметтік желідегі парақшама жазғанда оқырмандарым түгелдей дерлік қарсы шығып, негативпен қабылдады»,- дейді дәрігер. 

 

Жеуден бөлек, косметикаға да қолданады

Бүгінде плацентадан косметика жасау да белең алған. Жасартатын әсер береді-мыс. Еуропада адам плацентасын косметикаға қолдануға заң жүзінде тыйым салған. Моральдық аспектіден бөлек, қауіпті екені тағы бар. Ал басқа елдерде бала жолдасынан косметика жасап, сатылып жатыр. Көбіне қытай және жапон косметикалары көп. Нью-Йорктағы дәрігер Дэвид Блэнктің айтуынша, ол өнімдерде лифтинг эффект болып, коллагенді көбейтуі ықтимал. Бірақ плацентада әйел организміне негатив әсер беретін гормон барын да ескеру қажет. Сондықтан қолданарда абай болған жөн. Исламда адамның қандай да бір дене мүшесін қолдануға тыйым салынған. Ал жануарлардың жолдасын қолдануға қатысты оны таза емес, яғни нәжіс деп есептейді. Шошқадан алынған плацента - харам. Десек те, соңғы кездері дәл осы косметика түріне сұраныс артып келе жатқаны байқалады. 

banner_wsj.gif

Сотталғандар жазасын провизорлық стационарда өтеп жүр

Павлодар облысында шартты түрде сотталғандар дәрігерлерге көмекке келді

Фото: Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз орталығы

31 жастағы павлодарлық Светлана біраз уақыт бұрын шартты түрде сотталып, пробация қызметіне тіркеуге тұрған еді. Кейін оған Павлодар ауданының жұмыспен қамту орталығына жолдама берілген. Соған сәйкес, медициналық білімі әрі осы салада тәжірибесі бар Светлана провизорлық стационарлардың біріне жұмыс істеуге жіберілді. 

«Сотталғанға дейін облыстық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Стационарда қызмет етіп жүргеніме бір аптадан астам уақыт өтті. Негізгі міндетім – пациенттерге күтім жасау», - дейді Светлана. 

Одан бөлек, ол медициналық колледжге құжаттарын тапсырып, білімін одан әрі жетілдірмек ниетте. 

Светлана сияқты Қайрат есімді сотталған азамат та жазасын провизорлық стационарларға көмек көрсету арқылы өтеуде.   

«Облыс орталығындағы ауруханаларға төсект, жиһаз тасып жүрмін. Осы сияқты басқа да жұмыстар жүктеледі. Жаза ретінде белгіленген сағаттарды өтеп қана қоймай, қоғамға пайдамның тиіп жатқанына қуаныштымын. Жазаның осындай түрінің белгіленуі әділ деп есептеймін», – дейді ол. 

Пробация қызметінің бастығы Әсет Мыңжасаровтың айтуынша, еңбектің мұндай түріне тұрақты жұмыс орны жоқ әрі бас бостандығын шектеу жазасы белгіленген сотталғандар тартылады. 

«Пандемияға және пневмонияға шалдыққандар саны күрт артқандықтан, Павлодар облысында қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс күшін қажет етеді. Сондықтан жазасын өтеу жөнінде жолдама алғандар қаладағы ауруханаларға жіберіліп, көмек көрсетуде. Бүгінде сотталған бес азамат осы іске жұмылдырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жазасын өтеушілер медицина қызметкерлеріне қол ұшын созатын болады»,  – дейді Әсет Мыңжасаров. 

Айта кетелік, Павлодар облысының аумағында қосымша провизорлық стационарлар мен триаж-орталықтар ашылғалы бері дәрігерлердің, медициналық қызметкерлердің аздығы қатты сезіле бастады. Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласының ардагерлері, жеке емханалардың қызметкерлері, медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектер, барлығы 200-ден астам адам дәрігерлерге көмекке келді. Жүктемені азайтып, пациенттерді сапалы ем-дом көрсету үшін тағы 400-ге жуық адам керек. Олардың барлығына белгіленген тарифтік көрсеткіштер бойынша қаражат төленетін болады. 

 

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер