Алматыдан пәтер алғысы келетін жастар үшін ерекше жеңілдік жасалатын болды

Жарияланды
Жаңа талаптармен таныс болыңыз

Алматы қаласы бойынша берілетін «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының талаптарына өзгеріс енгізіліп, баспаналы болғысы келетін жастар үшін ерекше жеңілдік жарияланды. 

   Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Твиттердегі парақшасында бағдарлама жаңашылдықтары туралы жазған.

«Жеңілдетілген несие арқылы баспана алуға мүмкіндік беретін «Алматы жастары 3.0» бағдарламасына үміткер, қалада жұмыс істейтін жастардың енді шаһарда тіркеуде тұруы міндетті емес» деп жазады. Әкімнің айтуынша, аталған талап бойынша өтініштері кері қайтарылған жастардың өтінімдері енді қайта қарастырылады. Ал өтініш қабылдаудың екінші кезеңі 22 маусымда басталмақ. 

    Еске салсақ, бұл бағдарламаны қалалық әкімдік осы жылдың ақпан айында іске қосып. Бағдарлама аясында ең төменгі 5 пайыздық мөлшерлеме бойынша баспана алуға мүмкіндік бар. Оған бюджеттік салада жұмыс істейтін (мұғалім, дәрігер, ЖОО ұстаздары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар) жасы 35-ке дейінгі жастар қатыса алады. Бағдарлама бойынша несие қайтару мерзімі жеке төлем қабілетіне орай 3-тен 25 жылға дейін есептеледі. Алғашқы төлем жарнасы – 10 пайыз. Бұл мақсатта қалалық әкімдік 10 миллиард, ал «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкі» 3 миллиард теңге бөлген. 

    Бағдарламаның ресми сайтында «Алматы Жастары 3.0» қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберіндегі өтініштер мен құжаттарды қайта қабылдау 2020 жылғы «22» маусымнан бастап «6» шілде аралығында жүргізілетіндігін хабарлаймыз. Сонымен қатар, алдыңғы қабылдауда Алматы қаласында тұрақты тіркеудің болмауына байланысты қабылданбаған өтініштер қайта қарастырылады» деп жазылған. 

   2020 жылдың 2 наурызы мен 16 мамыры аралығында 2362 адамның өтініші кері қайтарылған. Оның ішінде көбі өтініш иесінің немесе отбасы мүшелерінің Алматы қаласында Алматы қаласында 2 жылдық тұрақты тіркеуінің және (немесе) тұрақты тіркеудің болмауынан бағдарламаға қатыса алмаған. 

    Бағдарлама шарттары және талаптарымен таныс болыңыз: 

Жалпы бюджеті – 13 млрд теңге; 
Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 13 млн теңге; 
Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз; 
Бастапқы жарна – 10 пайыз; 
Қамту көлемі – 1000 адам. 
Өтініш пен құжаттарды беру ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.
 
    Негізгі талаптар: 

•    Қазақстан азаматтығы болуы; 
•    Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады; 
•    Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы міндеттеледі. 
•    Қатысушы Алматы қаласында кем дегенге соңғы 6 ай жұмыс істеп, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет. 

Қажетті құжаттар: 

•    Сайтта көрсетілген арнайы өтінішті толтырады; 
•    Білім туралы сканерленген құжат; 
•    2008 жылға дейін алынған неке қию туралы сканерленген куәлік (бар болса);
•    2008 жылға дейін алынған балалардың туу туралы сканерленген куәлігі (бар болса);
•    Өтініш берушіге және ҚР бойынша барлық отбасы мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
•    Белгіленген үлгідегі фирмалық бланкіде, жұмыс өтілі көрсетілген, сканерленген жұмыс орнынан анықтама;
•    ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын сканерленген құжаттар;
•    Алматы қаласы мәдениет басқармасынан сканерленген растайтын анықтамалар (құжаттар) (аталған талап, мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты).

Қосымша ақпараттарды мына телефондар арқылы білуге болады: 
Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы – 7 (727) 225 14 57; 7 (727) 225 14 44. 
«ҚТҚЖБ» АҚ тегін қолдау телефоны – 300 (ұялы телефон үшін); 8-8000-801-880 (ұялы телефон үшін). 
 

Сондай-ақ оқыңыз