2020 жылы 1,2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда

Жарияланды
Жыл соңында жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы мүмкін

Биылғы І тоқсан қорытындысы бойынша экономикада жұмыспен қамтылғандардың саны 8,8 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

Наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 млн қазақстандық уақытша жұмыстан босатылды.

 «Карантиндік шараларды жеңілдету осы жылдың 20 сәуірінде басталды, бұл кезең-кезеңімен жұмысқа оралуға мүмкіндік берді. Үкімет жұмыспен қамтуға көңіл бөліп, экономиканы қалпына келтіру бойынша қабылдап отырған шаралар осы жылдың шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандырады деп есептейміз», — деді Біржан Нұрымбетов. 

Министрдің айтуынша, жыл соңында күтілетін жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы мүмкін. 

Осы орайда, ол осы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 1 млн 220 мың адамды тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Азаматтардың көбі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында – 600 мың адам, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында – 255 мың адам, басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, Нұрлы жер, 2020-2025 жылдарға арналған ИИДМБ және т. б.) – 364 мың адам жұмыспен қамтылады.

Министрдің айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша 224 мыңнан астам адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, олардың 185 мыңы жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында бос жұмыс орындарына 99 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 62 мың; әлеуметтік жұмыс орындарына – 13 мың; жастар практикасы бойынша – 11 мың орналастырылды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 6505 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген, оның 15 мыңы тұрақты нысандарда. 

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инфрақұрылымдық жобаларын іске асырудың ерекше шарты – бұл отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кем дегенде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз ету.

Жұмысшылардың кем дегенде 50%-ы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа қабылданады. 

Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру болашақта аралас салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз