Үш жасар қыз анасымен қауышты 

Жарияланды
Полиция қызметкерлері баланы 15 минутта тауып, анасына қайтарды

Түркістан облысының полицейлері үш жасар қызды үйіне, анасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Арыс ауданы Монтайтас бекетінде төтенше жағдай режимін сақтау бойынша қызмет атқарып тұрған полиция қызметкерлері жолда жылап жүрген кішкентай қызды байқайды. Учаскелік инспектор полиция аға лейтенанты Батыржан Салыбаев балаға келіп, ата-анасының қайда екенін сұрайды. Нақты жауап ала алмаған соң, қызды өздерінің шатырларына апарып, дәрігерлерге тапсырып, өзі оның ата-анасын іздеуге шыққан.

Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық көшелер мен үйлерді аралап, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан баласын жоғалтқандар жоқ па екенін сұрастырды. Осы уақытта бекетке жоғалып кеткен қызын іздеген Арыс қаласының тұрғыны, бір әйел келді. Белгілі болғандай оның үш жасар қызы, анасы үйде оқушы балаларымен сабақ оқып отырғанда шығып кеткен. Оның үйі бекеттен 300-400 метр қашықтықта орналасқан және кішкентай қыз жоғалғанын білген кезде, оны өздерінше іздеуге кіріскен. 

Учаскелік инспектор Б. Салыбаев табылған қыз баланы тірі және сау күйінде анасына тапсырды. Әйел Арыс АПБ-нің полицейлеріне жоғалған қызын табуға көмектескені үшін алғысын білдірді.

15 минут ішінде Арыс АПБ-нің полиция қызметкерлері жоғалып кеткен баланы тауып, ата-анасына қайтарып берді. Полиция қызметкері айтып өткендей, оның тәжірибесінде бұл жалғыз оқиға емес. 
 

Сондай-ақ оқыңыз