Ұлы Абайдың 15 әні ағылшын тіліне аударылған

Жарияланды
Түркия, Нидерланд, Польша елдерінің ғалымдары қатысты

Қайнар академиясында «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық онлайн конференция өтті.

Айтулы заманауи басқосуды «Тілдер және журналистика» кафедрасы және кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәр Мұхаметқалиева ұйымдастырды.

Алғашқы сөз кезегін алған академия ректоры Еренғайып Омаров ұлы Абай туралы ел біле бермейтін тың деректерден бастады.  

 
Ұлы ақын, философ, аудармашы, композитор, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған конференцияда Түркия, Нидерланд, Польша елдерінен шетелдік ғалымдар және барлығы 70-тен астам адам қатысты. Атап айтар болсақ, «Фырат» университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ерджан Алкая, Варшава университеті, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің докторанты Жандос Каринбаев қазақтың бас ақыны әлемде қандай деңгейде ұлықталып жатқандығын айтып өтті.

Ал, Нидерландыда қызмет ететін асылдың сынығы, Әуезовтың ұрпағы Зифа Мұратқызы ғұламаның 15 әнін ағылшын тіліне аударған және «Сегіз аяқты» әдемілеп оқып берді. 

Сондай-ақ, онлайн жиында Серікқазы Қорабай, Тұрдықұл Шаңбай, Айжан Қартаева, Кәрімбек  Құрманәлиев сынды отандық ғалымдар Абай әлемінің басқаша қырын ашатын зерттеу еңбектерін ұсынды.  

Әлем мойындаған дана ұстаз, адамзаттың ақыны, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын дәріптеу арқылы өскелең ұрпаққа, білім алушы студенттерге, ізденуші магистрант, докторанттарға мол мағлұмат берілді деуге толық негіз бар. Бүкіләлемдік қазынаға айналған Абай Құнанбайұлы туралы тың деректер қай уақытта да өз құндылығымен асқақ.

Материалды дайындаған Арай Жұмашқызы.   
 

Сондай-ақ оқыңыз