Тоқаев тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылады

Жарияланды
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын мәлім етті. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деді президент. 

Президент 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгенін еске салды.

«Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды», – деді Тоқаев.  

Мемлекет басшысы ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін атап өтті.
 

Сондай-ақ оқыңыз