«Теңіз» кен орны жабылуы мүмкін. Бас санитар дәрігер індеттің неліктен көп таралып жатқанының негізгі ҮШ СЕБЕБІН атады

Карантин режимі жеңілдетіледі

Фото: Офелия Жакаева

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова әлемде коронавирустік инфекция бойынша сырқаттану жағдайы әлі де тұрақсыз екенін айтты. 

Қазірге дейін әлем бойынша 5 миллион адам ауырып, 324 мың адам қайтыс болған. Қазақстанда 6969 жағдай тіркелді. Күнделікті емделіп шыққан адамдар саны артып жатыр. Барлығы 3649 адам жазылып шықты. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3 пайызды құрайды.

«Оның ішінде 25-і ауырған адаммен байланыста болғандар, 28-і скрининг арқылы анықталды, 21-і ауруханаға өз бетімен жүгінген, 17-і ауруханаға әкелінген. Соңғы бір апта ішінде індет көлемі 2 пайыздан 5 пайызға көтерілді»6- деді Бас санитар дәрігер.

 Оның айтуынша, соңғы күндерде індеттің кең таралуының бірнеше себебі бар. 

«Бұл бірінші кезекте коронавирустік инфекцияны тестілеу санының артуымен байланысты. Елімізде коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген уақыттан бері 559 мың тестілеу жасалған. Наурыз айымен салыстырғанда тәулігіне тест жасау көлемі 6 мыңнан 23 мыңға дейін көбейген. Бұл скрининг арқылы науқастарды анықтауға мүмкіндік берді. Сәуір, мамыр айларында ауру жұқтырғандардың 66 пайызы, ал соңғы бір аптада 80 пайызға жуығы скрининг арқылы белгілі болған. Індеттің таралуының екінші себебі – ұжым ішінде ауру санының көбеюі. Қазіргі таңда «Теңіз» мұнай кен орнында 935 жағдай тіркеліп отыр. Шымкентте де «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-да қызметкерлер арасында жаппай жұқтыру анықталды. Қызметкерлер арасында - 101, мердігер ұйымдарда – 23, үй жағдайында 69 жағдай тіркелген. Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» компаниясы кеніштерінің бірінде 34 жағдай тіркелді. «Теңіз» кен орнындағы індеттің ұлғаюын ескере отырып Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілді. Соның нәтижесінде жұмысты жүргізу кестесі мен жоспары бекітілді. Дәл қазір осы жаңа тәртіптің орындалуын қатаң бақылау керек. Олай болмаған жағдайда бұл аурулар санының өсуіне, оқшауланудың көбеюіне, тіпті мекеменің жабылуына әкеліп соғады. Үшінші себеп – коронавирус инфекциясының симптомдары бар науқастардың өздері жиі хабарласа бастады. Ондай адамдар саны бір аптада 40 пайызға артты. Өздері хабарласатын адамдар саны жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстары алдыңғы қатарда»,– деді Айжан Есмағамбетова.

Бас санитар дәрігер адамдар карантинді аяқталды деп санап, бұрынғы өмірге жылдам қайтып оралғанын, нәтижесінде санитарлық талаптар сақталмай жұқтыру саны көбейіп жатқанын айтты. 

«Өкінішке қарай, көп адам әлі індет қаупін сезінбей жүр. Бұл аурудың организмге оңай тимейтін, қаупі өте жоғары, әсіресе аға буын адамдар үшін аса қатерлі індет екенін айтқым келеді. Ауру себебіне анализ жасау кезінде біз індетті жұқтыратын негізгі екі жол бар екенін анықтадық. Біріншісі – бекітілген санитарлық талаптар сақталмайтын (маска кию, қашықтық сақтау) еңбек ұжымдарындағы жұқтыру. Екіншісі – еңбек ұжымдарынан тысқары әлеуметтік байланыс. Біздер қонаққа барамыз, қонақ шақырамыз және мамандар айтып жатқан қарапайым гигиеналық талаптарды орындамаймыз. Мәселен, Қарағанды облысында бір жағдай 8 ауру ошағының туындауына соқтырды. Ұжымда 22, үй ошағында 11 адам ауырды. Түркістан облысында да 1 аурудың кесірінен 20 адам індет жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отбасының 5 мүшесі түгел ауырған. Екеуі – үлкен жастағы азаматтар. Науқастың ата-анасы. Сондай-ақ ауызашарға жиналған адамдар да ауру таратып жатыр»,–деген Айжан Есмағамбетова: 

•    ТЖ режимінің тоқтатылуы – карантин режимінің тоқтауын білдірмейтінін; 
•    Вирустың таралуын тоқтату өзімізге байланысты екенін; 
•    Алдағы уақытта жақындарымыз бен ел экономикасына залалын келтірмеу жолдарын қарастыра отыра карантин режимі жеңілдетілетінін; 
•    Мекемелердің жұмысын бастауы мен карантин талаптарының орындалуы қатар жүргізілетінін және бір-біріне кедергі келтірмеуі керек екенін атап айтты.  
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Қазақстан қай елден қандай гуманитарлық көмек алды?

2020 жылы Қазақстанның өзі құны 2,5 млн доллар болатын арнайы жүк жіберген

Фото: Офелия Жакаева

Мемлекеттік кірістер комитетінің гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген жүк туралы мәліметінен Қазақстанның жарты жыл ішінде өзге елдерден құны 250,9 мың доллар  0,41 тонна дәрі-дәрмек алғанын байқауға болады. Салыстырар болсақ, 2019 жылы жалпы құны  $3,9 млн болатын 1,3 тонна дәрі жеткізілген. 

Сонымен қатар, кеден статистикасының «Киім-кешек және аяқ киім» бөлігінде көрсетілген гуманитарлық көмектік құны қатты өскен. Былтыр келген тауардың құны  $653 мың болса, биыл 6 айдың ішінде еліміз 2,9 млн доллар  тұратын киім-кешекті гуманитарлық көмек ретінде алып үлгерген. Ал салмақ бойынша салыстырсақ, биыл келген жүктің салмағы төмен. (биыл – 84 тонна, былтыр – 239 тонна). 

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер департаменті «Киім-кешек және аяқ қиім» бөлігіне биыл коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің арнайы киімі кіргенін айтады. Қорғаныш киім тиелген ең үлкен гуманитарлық көмекті Қазақстанға Катар елі жіберген. Олар жалпы құны 1,6 млн доллар болатын 35 мыңнан аса арнайы қорғаныш киімдерін берген. 

Жалпы, осы жарты жылда  Қазақстанға жіберілген гуманитарлық көмек көлемі бойынша да Катар көш бастап тұр ($1 млн 719 мың). Ал екінші орында – Қытай ($838,5 мың), үшінші орында  Германия ($732 мың) келеді.

2020 жылдың алты айында республикаға құны 4,013 млн доллар гуманитарлық көмек келген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылдың жалпы көрсеткіші $9,873 млн құрайды. Былтыр Қазақстанға гуманитарлық көмек жібергендердің көш басында Германия болған, бұл ел $8,2 млн тұратын көмекті тегін жіберген. 

Қазақстан кімге көмек беріп жатыр?

Қазақстанның өзі биыл екі елге гуманитарлық көмек жіберген екен. Жалпы құны – $2,5 млн. Соның басым бөлігін ұн түрінде Тәжікстан алған. Бұл елге 1 млн 572 мың доллардың ұны гуманитарлық көмек ретінде жіберілген. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін осы елге өкпені жасанды желдету шағын аппараттарының бір партиясын жіберуді жоспарлап қойған. Әзірге Ақмола облысында орналасқан отандық өндіруші өндіріс қарқынын арттырып болғанша, Қазақстан көршілеріне азық-түлікпен көмектесе тұрады. 

Биыл Ауғанстанға 2 мың тоннаға жуық азық-түлік: ұн, макарон өнімдері,  сүйық май мен қою сүт жіберілген. Оның жалпы құны  – $941,7  мың. Былтыр Қазақстаннан гуманитарлық көмек алғандардың арасында Ауғанстан жоқ, ал Тәжікстанға сол 5 мың тонна ұн жіберілген. Алайда ол  кезде жіберілген ұнның құны  $1 млн 269 мың болған. 

2 полоса_Гуманитарная помощь-01.jpg

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg