Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы құжаттар қашан жарияға жол тартады?

Жарияланды
Репрессия жылдарындағы мәліметтерге қол жеткізу оңай емес

Қазақ халқының басынан өткен ең бір зұлмат-зобалаң кезең – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезі. Аштықтан 3 миллионға жуық қазақ құрбан болды. 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы еш жазықсыз атылып кетті. Осынау қиын кезеңде қазақ халқы ұлттың тең жартысынан һәм бас көтерер батырларынан бірдей айырылып, сансырап қалды. Қанды қырғынның тыртығы тарих қатпарында мәңгіге сақталары сөзсіз. 

    Сол зұлмат жылдардың, әсіресе репрессия іс-әрекеттерін айғақтайтын құжаттарға көптің қолы әлі жетпей жүр. Бұл туралы қаншама ғалым пікір білдірді. Қаншама журналист мақала арнады. Бірақ селт еткен ешкім болған жоқ. Ақтаңдақты ашуға ешкім асықпады. Биыл саяси репрессияға 83 жыл толды. Сол жылдарға қатысты құжаттар негізінен президент архивінде (800 мыңға жуық құжат қоры бар), Орталық мемлекеттік архивте (бір жарым миллион іс сақталған) және ішкі істер министрлігінде (2014 жылдан бастап ҰҚК-ден министрлікке берілген) сақтаулы тұр. 

«Репрессия құрбандары жайлы архив құжаттарының 65 пайызы әлі ашылған жоқ. Тек шет жағасын айтумен ғана шектеліп келе жатырмыз. Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияровтардың көп дүниелері әлі жарыққа шықпай жатыр. Мысалы, Сәкен Ташкентте педагогикалық институтты басқарып тұрған кезде қаншама фольклорлық дүниелерге бастамашы болды. Академик Бартольд, Мелиоранскийлермен бірге болды. Солар да жарияға жол таппай жатыр. Тізе берсек көп. Бұл кісілер жәй атылып кеткен жоқ. Совет үкіметі олардан қорықты»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов. 

Ғалымның айтуынша, қазір «анау Алашорда болды», «мынау қызыл болды» деп өз арамыздан жау іздеудің керегі жоқ. Жазықсыз жапа шеккен қайраткерлеріміздің барлығы да советтік зұлым режимнің құрбаны дейді ол. 

«Мәселен, кезінде Әлихан Бөкейханов автономия құрмақшы болды. Мұстафа Шоқайлар Түркістан мемлекетін құруға талпынды. Сәкен, Тұрар, Сұлтанбектер болса Совет үкіметі арқылы мемлекет жасаймыз деді. Қай-қайсының да таңдау жолы әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір. Сол үшін олардың көзін құртты. Бүгінгі ұрпақ – біз сол бабаларымыздың қадіріне жетіп, оларға қатысты ашылмай жатқан құжаттарды табуға белсене кірісу қажет. ҰҚК маңызды құжаттарды ішкі істер министрлігі мен прокуратураға берді. Бұрын сақталу мерзімі 50 жыл болса, қазір 30 жыл. 1993 жылы президент шығарған құпияны ашу туралы қаулы бар. Сол тапсырма өкінішке қарай аяқсыз қалды. Енді сол жалғасын табуы тиіс. 1991 жылы үш президент Беловежская Пущада Кеңес Одағын таратты ғой. Сол жерде олар «самоопределения наций» (ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы) деген пунктке сүйене отырып таратты. Ал ол ұғымды кезінде Сәкендер енгізген. Қарап отырсақ, 70-80 жыл бұрын Сәкендер соғысып жүріп енгізген пункт 1991 жылы кәдеге жарады. Одан бөлек, Сәкен Орынборда савнарком болып жүрген кезде 1500 қазақ баласына стипендия тағайындау, қазақ жолдарын жақсарту, авиацияға көңіл бөлу, қазақ университетін ашу сияқты мәселелерді қолға алған. 1925 жылы Ақтөбедегі Сбербанктен шыққан қазақтың алғашқы теңгесіне қол қойған да Сәкен. Егер құжаттарға қол жетсе, мұндай тың ақпараттың талайын табамыз» дейді Марат Әбсеметов. 

    Қазақстан Республикасы президенті архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы Мұхаммед Жылгелдиновтың айтуынша, кез-келген құжат түптің түбінде ашылады. Тек заңмен бекітілген мерзімі жетуі тиіс. 

«Біздің мекеменің негізінің өзі 1920 жылдар бас кезінде құрылған партия тарихы деген мекемеден бастау алады. Жоғарғы әскери соттың азаматтарымызды ату жазасына кесу туралы үкімдері, шешімдері және 1957-58 жылдары арыстарымызды ақтау туралы құжаттар сақталған. Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің барлық қаулы, хаттама, шешімдері архив қорында тұр. Осы құжаттар негізінде президент архиві көптеген жинақтар шығарды. Репрессияға қатысты құжаттар тек бізде ғана емес. НКВД, КГБ, ҰҚК-лардың жеке арнайы архивтері болады, сол жерде сақтаулы. Қазіргі кезде олар ҰҚК мен ішкі істер министрлігінің құзіретінде. Менің білуімше әзірге ол құжаттар ашық емес. Бас прокуратура ол құжаттардың құпиясыздандырылуы уақыты 2021 жыл деген еді. Қандай құжат болмасын белгілі бір мерзімде құпиялығынан айырылады. Мәселен, 2004-2008 жылдары архив өз қорындағы 40 мыңнан астам істі құпиясыздандырып, соның нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына қатысты тың мәліметтер жарық көрген еді» дейді маман.

Сәкен Сейфуллиннің туған інісі Мәжиттің қызы София Сейфуллина қолымда құнды құжаттар баршылық. Бірақ көп адам соған мән бермейді дейді. 

«Репрессия жылдары әкем 37 жаста болған. Сәкеннің басына қауіп төніп жүрген кезде үйінде боп қалады. Сонда тергеушілер сұраған кезде Сәкен «бұл менің жәй танысым» деп Мәжитті аса бір танымайтын адам сияқты кейіп танытқан екен. Содан кейін-ақ көп ұзамай Сәкеннің өзін де, әкесін де атып жіберді. Сәкеннен кейінгі ұл да із-түссіз жоғалып, әкем жалғыз қалады. Сол уақыттан бастап әкемді де тергеуге сүйрей бастады. Келген соң жұмысқа тұрады. Екі ай өтпей үстінен арыз түсіп, ол жұмысынан тағы айырылады. Сөйтіп, әбден берекесі қашты. Жиі-жиі жұмыс ауыстырып, әрең жүрді. Ақыры қиналған соң бір күні киім-кешегін жинап НКВД-ға өзі барып, «мені алып кетіңдер» депті. Сөйтсе олар «Сейфуллин мырза бара тұрыңыз. Біз тұтқындау бойынша екі айдың жоспарын асыра орындап тастадық. Күте тұрыңыз» дейтін көрінеді. Ақыры 1941 жылы соғыс басталған кезде оны айып батальоны арқылы алып кетті. Соғыс бітпей жатып, жараланып қайтып келді. Келген соң НВКД-дан бастап, КСРО бас прокуроры Руденкоға дейін хат жазып ағасына, әкесіне іздеу салды. «Әкем қайда? Ағам қайда? Олар тірі ме? Тірі болмаса ағамның әдеби мұрасы халыққа берілуі тиіс» деп хат жазған. Сол қағаздың бәрі үйде бар. Ол хатына жауап та берілді. Кейін ақталды. Ол қағаздар да үйде тұр. Бірақ сол құжаттарды ешкім сұрамайды. Ешкім келіп көрмейді. Бәрі естігені бойынша жаза береді. Соның кесірінен көптеген жалған ақпарат та тарап кетіп жатады»,- дейді София Сейфуллина.

Бірер күн бұрын ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын айтты. 
 

 

Сондай-ақ оқыңыз