Skip to main content

Мақтаарал: тағы үш ауылды су басу қаупі сейілмей тұр

Су тасқыны салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

3 мамыр күні Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауыл окугіне қарасты Өргебас ауылын қызыл су басып, М-39 "Ташкент-Термез" трассасының бойына жайылған. Сонымен қатар, түсауа ішкі каналдар арқылы трассының келесі бетіне өтіп, Ырысты, Қарақыр және Гүлістан ауылының егістік алқаптарын жайылып жатыр. Осыған орай Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакентте орналасқан облыстық штаб алдағы уақытта тұрғындарды су басқан жағдайда көшуге дайын болу керектігін ескертеді, деп хабарлайды облыстың әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Нақты айтқанда, мал-жанды қауіпсіз жерге көшіріп,  құжат, жылы киім, бағалы заттар мен  керекті дүниені әзірлеп, эвакуацияға дайын болу керек. 

Бүгін Премьер-Министрі Асқар Маминнің Өкімімен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылған. Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды.

Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанған. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифингте тасқын суды тоқтату бойынша Қазақстаннан барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізетіні айтып өтті. Суды жіберу жұмыстарын бір жүйеге келтірмек.

«Арнайы топ Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Жалпы бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілмек. Соңғы мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрге жуық су келген. Мұндай көлемдегі су бұрын болмаған. Аудандағы қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген. Кездесу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз», - деді Сәкен Қалқаманов.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда аудандағы Фердоуси ауылын толықтай су басқан. Мырзакент ауылын да толықтай су басып қалмас үшін бөгет салынуда. Мақтаарал ауданында тағы су тасқыны болуы мүмкін деген жеті елдімекен анықталып, ондағы мал басы басқа жаққа айдалып жатыр. 

Сондай-ақ, брифингте «Nur Оtan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев:«Жалпы қызыл судан 620 үйге зақым келген. Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланды. Бүгінде мұнда орналасқан адам саны 3,5 мыңға жуық. Қиын жағдайға ұшыраған мақтааралдықтарға қолдау білдіруші қайырымды азаматтар үшін "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істейді. Сондай-ақ, өңірдегі жапа шеккен халыққа көмек беру үшін алғаш болыпЖамбыл облысынан 30 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген үш жүк көлігі келе жатыр», деп атап өтті.

Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған Арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталыпты.

"Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз", - дейді Тұрғанбек Оспанов.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмысқа тасқын судың әлі де тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда. Өлген мал басы алдағы уақытта саналады.
 

banner_wsj.gif

Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы құжаттар қашан жарияға жол тартады?

Репрессия жылдарындағы мәліметтерге қол жеткізу оңай емес

Фото:pixabay.com

Қазақ халқының басынан өткен ең бір зұлмат-зобалаң кезең – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезі. Аштықтан 3 миллионға жуық қазақ құрбан болды. 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы еш жазықсыз атылып кетті. Осынау қиын кезеңде қазақ халқы ұлттың тең жартысынан һәм бас көтерер батырларынан бірдей айырылып, сансырап қалды. Қанды қырғынның тыртығы тарих қатпарында мәңгіге сақталары сөзсіз. 

    Сол зұлмат жылдардың, әсіресе репрессия іс-әрекеттерін айғақтайтын құжаттарға көптің қолы әлі жетпей жүр. Бұл туралы қаншама ғалым пікір білдірді. Қаншама журналист мақала арнады. Бірақ селт еткен ешкім болған жоқ. Ақтаңдақты ашуға ешкім асықпады. Биыл саяси репрессияға 83 жыл толды. Сол жылдарға қатысты құжаттар негізінен президент архивінде (800 мыңға жуық құжат қоры бар), Орталық мемлекеттік архивте (бір жарым миллион іс сақталған) және ішкі істер министрлігінде (2014 жылдан бастап ҰҚК-ден министрлікке берілген) сақтаулы тұр. 

«Репрессия құрбандары жайлы архив құжаттарының 65 пайызы әлі ашылған жоқ. Тек шет жағасын айтумен ғана шектеліп келе жатырмыз. Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияровтардың көп дүниелері әлі жарыққа шықпай жатыр. Мысалы, Сәкен Ташкентте педагогикалық институтты басқарып тұрған кезде қаншама фольклорлық дүниелерге бастамашы болды. Академик Бартольд, Мелиоранскийлермен бірге болды. Солар да жарияға жол таппай жатыр. Тізе берсек көп. Бұл кісілер жәй атылып кеткен жоқ. Совет үкіметі олардан қорықты»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов. 

Ғалымның айтуынша, қазір «анау Алашорда болды», «мынау қызыл болды» деп өз арамыздан жау іздеудің керегі жоқ. Жазықсыз жапа шеккен қайраткерлеріміздің барлығы да советтік зұлым режимнің құрбаны дейді ол. 

«Мәселен, кезінде Әлихан Бөкейханов автономия құрмақшы болды. Мұстафа Шоқайлар Түркістан мемлекетін құруға талпынды. Сәкен, Тұрар, Сұлтанбектер болса Совет үкіметі арқылы мемлекет жасаймыз деді. Қай-қайсының да таңдау жолы әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір. Сол үшін олардың көзін құртты. Бүгінгі ұрпақ – біз сол бабаларымыздың қадіріне жетіп, оларға қатысты ашылмай жатқан құжаттарды табуға белсене кірісу қажет. ҰҚК маңызды құжаттарды ішкі істер министрлігі мен прокуратураға берді. Бұрын сақталу мерзімі 50 жыл болса, қазір 30 жыл. 1993 жылы президент шығарған құпияны ашу туралы қаулы бар. Сол тапсырма өкінішке қарай аяқсыз қалды. Енді сол жалғасын табуы тиіс. 1991 жылы үш президент Беловежская Пущада Кеңес Одағын таратты ғой. Сол жерде олар «самоопределения наций» (ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы) деген пунктке сүйене отырып таратты. Ал ол ұғымды кезінде Сәкендер енгізген. Қарап отырсақ, 70-80 жыл бұрын Сәкендер соғысып жүріп енгізген пункт 1991 жылы кәдеге жарады. Одан бөлек, Сәкен Орынборда савнарком болып жүрген кезде 1500 қазақ баласына стипендия тағайындау, қазақ жолдарын жақсарту, авиацияға көңіл бөлу, қазақ университетін ашу сияқты мәселелерді қолға алған. 1925 жылы Ақтөбедегі Сбербанктен шыққан қазақтың алғашқы теңгесіне қол қойған да Сәкен. Егер құжаттарға қол жетсе, мұндай тың ақпараттың талайын табамыз» дейді Марат Әбсеметов. 

    Қазақстан Республикасы президенті архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы Мұхаммед Жылгелдиновтың айтуынша, кез-келген құжат түптің түбінде ашылады. Тек заңмен бекітілген мерзімі жетуі тиіс. 

«Біздің мекеменің негізінің өзі 1920 жылдар бас кезінде құрылған партия тарихы деген мекемеден бастау алады. Жоғарғы әскери соттың азаматтарымызды ату жазасына кесу туралы үкімдері, шешімдері және 1957-58 жылдары арыстарымызды ақтау туралы құжаттар сақталған. Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің барлық қаулы, хаттама, шешімдері архив қорында тұр. Осы құжаттар негізінде президент архиві көптеген жинақтар шығарды. Репрессияға қатысты құжаттар тек бізде ғана емес. НКВД, КГБ, ҰҚК-лардың жеке арнайы архивтері болады, сол жерде сақтаулы. Қазіргі кезде олар ҰҚК мен ішкі істер министрлігінің құзіретінде. Менің білуімше әзірге ол құжаттар ашық емес. Бас прокуратура ол құжаттардың құпиясыздандырылуы уақыты 2021 жыл деген еді. Қандай құжат болмасын белгілі бір мерзімде құпиялығынан айырылады. Мәселен, 2004-2008 жылдары архив өз қорындағы 40 мыңнан астам істі құпиясыздандырып, соның нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына қатысты тың мәліметтер жарық көрген еді» дейді маман.

Сәкен Сейфуллиннің туған інісі Мәжиттің қызы София Сейфуллина қолымда құнды құжаттар баршылық. Бірақ көп адам соған мән бермейді дейді. 

«Репрессия жылдары әкем 37 жаста болған. Сәкеннің басына қауіп төніп жүрген кезде үйінде боп қалады. Сонда тергеушілер сұраған кезде Сәкен «бұл менің жәй танысым» деп Мәжитті аса бір танымайтын адам сияқты кейіп танытқан екен. Содан кейін-ақ көп ұзамай Сәкеннің өзін де, әкесін де атып жіберді. Сәкеннен кейінгі ұл да із-түссіз жоғалып, әкем жалғыз қалады. Сол уақыттан бастап әкемді де тергеуге сүйрей бастады. Келген соң жұмысқа тұрады. Екі ай өтпей үстінен арыз түсіп, ол жұмысынан тағы айырылады. Сөйтіп, әбден берекесі қашты. Жиі-жиі жұмыс ауыстырып, әрең жүрді. Ақыры қиналған соң бір күні киім-кешегін жинап НКВД-ға өзі барып, «мені алып кетіңдер» депті. Сөйтсе олар «Сейфуллин мырза бара тұрыңыз. Біз тұтқындау бойынша екі айдың жоспарын асыра орындап тастадық. Күте тұрыңыз» дейтін көрінеді. Ақыры 1941 жылы соғыс басталған кезде оны айып батальоны арқылы алып кетті. Соғыс бітпей жатып, жараланып қайтып келді. Келген соң НВКД-дан бастап, КСРО бас прокуроры Руденкоға дейін хат жазып ағасына, әкесіне іздеу салды. «Әкем қайда? Ағам қайда? Олар тірі ме? Тірі болмаса ағамның әдеби мұрасы халыққа берілуі тиіс» деп хат жазған. Сол қағаздың бәрі үйде бар. Ол хатына жауап та берілді. Кейін ақталды. Ол қағаздар да үйде тұр. Бірақ сол құжаттарды ешкім сұрамайды. Ешкім келіп көрмейді. Бәрі естігені бойынша жаза береді. Соның кесірінен көптеген жалған ақпарат та тарап кетіп жатады»,- дейді София Сейфуллина.

Бірер күн бұрын ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын айтты. 
 


 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png