Мақтаарал: су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі?

Жарияланды
Үкімет барлық қолдау көрсетіледі деп уәде беріп отыр

Мақтаарал ауданының 5 ауылын толығымен су басып қалған. Сонымен қатар 7 ауылды су басу қаупі әлі жоғары. Су басқан екі ауылдың тұрғындары үйлеріне қайтыпты. Бұл туралы  бүгін үкімет отырысында баяндама жасаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. 

1 мамыр күні таң ата бере Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылған. Оған бірнеше күн жауған нөсер жаңбыр мен қатты боран себеп болған көрінеді. Соның салдарынан өткізу қуаты секундына 120 текше метр болатын «Центральный голодностепный Коллектор (ЦГК)» арнасынан су тасып, Мақтаарал  ауданындағы Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елдімекендері су астында қалған. Осы түнде ауылдың 5400 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. 

Қазіргі кезде эвакуацияланғандардың қатары 31 666 адамға жетті.  Өйткені ауданның 14 елді мекенін су басу қаупі туындаған.

«Оның ішінде 6127 тұрғыны бар 5 елді мекенді су толығымен басты. Бұл: Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдауси, Өргебас және Достық елді мекендері. 7 елдімекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал Мырзакент, Ақжол сынды 2 елді мекенде қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне қайтты», – деді облыс әкімі. 

Алдын ала есеп бойынша,  жалпы 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысанын, 1 мәдениетін үйін, сонымен қатар 10 дүкенді су басқан.  Жеңіс ауылындағы көпір және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалыпты. Бұнан бөлек, алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес, көлемі 7 639 гектар егістік жерін су басқан. Мал шығыны да нақтыланып жатыр.

«Қазіргі уақытта осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі анықталғаннан кейін қосымша баяндалады», -деді Шөкеев. 

Облыс әкімінің айтуынша, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін 8 блокпункт орнатылып, полиция департаментінің жеке құрамынан 303 қызметкер, 53 көлік жұмылдырылды.

«Елді мекендерді су басуының алдын алу үшін Нұрлы жол, Өрге бас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент бағытында Фирдоуиси елді мекені аумағында коллектр орнатылды. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің маңынан Орталық Бетпақдала коллекторы арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Осы мәселге қатысты премьер-министрдің орынбасары Р. Скляр төрағалық ететін үкімет комиссиясы құрылған болатын. 

«Комиссия бес ауылда – Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл бағалау жүргізіп, одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді», — деді премьер-министр А. Мамин.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев зардап шеккен ауылдардың бәрін аралап, шыққан шығынды есептеген соң, әр тұрғынға өтемақы төлеу ұсынысын білдірді. 

«Су басқан ауылдың эвакуацияланған әр тұрғынына өтемақы белгілеу дұрыс болар деп есептеймін. Бұдан бөлек 7 мыңнан астам егістік алқабына біраз шығын келді. Егілген егістік, пленка астында жатқан әртүрлі егістік алқабы бар. Соның бәрін қайта есептеп, оны да өтеуге көмектесуіміз қажет»,— дем түйіндеді өңір басшысы. 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз