Қазақстандық ғалымдар вакцинаны сынақтан өткізуді бастады

Жарияланды
Екпе COVID-19 вирусына қарсы

Қазақстандық ғалымдар COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізуді бастады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге рұқсат берілген кандидаттық вакциналардың тізімін өз сайтында жариялады.
Короновирусқа қарсы инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі.

Вакцина Қазақстан аумағында ауырған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады.

«Бұл – қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өз маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді», – делінген жеделхатта.

Ендігі кезекте институт ғалымдары клиникаға дейінгі сынақтарды жүргізулері керек.

Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны әзірлеуші елдер қатарына енді.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйе мен 30-дан астам биопрепараттарды әзірлеп, өндіріске енгізгенін естеріңізге сала кетейік.

Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауы мен жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.
 

Сондай-ақ оқыңыз