Skip to main content

Қазақстандық ғалымдар вакцинаны сынақтан өткізуді бастады

Екпе COVID-19 вирусына қарсы

Фото: Shutterstock

Қазақстандық ғалымдар COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізуді бастады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың әзірлемесін тіркеуге алып, клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге рұқсат берілген кандидаттық вакциналардың тізімін өз сайтында жариялады.
Короновирусқа қарсы инактивтендірілген вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі.

Вакцина Қазақстан аумағында ауырған адамдардан бөлінген вирус штаммының негізінде жасалды.


Осы орайда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін құттықтады.


«Бұл - қазақстандық ғылымның мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ елдің мықты ғылыми әлеуетінің дәлелі. Институт ұжымы қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуде өз маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді», - делінген жеделхатта.


Ендігі кезекте институт ғалымдары клиникаға дейінгі сынақтарды жүргізулері керек.

Осылайша, Қазақстан ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы инактивтендірілген вакцинаны әзірлеуші елдер қатарына енді.


Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қауіпті және аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналардың 67 түрін, 15 тест-жүйе мен 30-дан астам биопрепараттарды әзірлеп, өндіріске енгізгенін естеріңізге сала кетейік.

Олардың арасында құстардың жоғары патогенді тұмауы мен жоғары патогенді шошқа тұмауына, нодулярлық дерматитке қарсы вакциналар, сондай-ақ бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина да бар.
 

banner_wsj.gif

Қазақстанда бірыңғай тұрғын үй операторы құрылады

Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ бір компанияға бірктіріледі

Фото: shutterstock.com

Бүгін Сенат депутаттары палатаның пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Парламент аталмыш заң жобасын қабылдап, құжат мемлекет басшысы қол қоюына жолданды.

Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту туралы тапсырмасына сәйкес әзірленген.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенат депутаты Әлімжан  Сейітжанұлының айтуынша, заң жобасы бір-бірінің қызметін қайталайтын «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ секілді тұрғын үй бағдарламаларының операторларын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіріп, жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.

«2000 жылдан жұмыс істеп келген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның негізгі міндеті - ипотекалық облигацияларды шығару арқылы екінші деңгейдегі банктерді қайта қаржыландыру», - деді сенатор Әлімжан Құртаев.

Ал 2008 жылы құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ құрылған. Қазіргі кезде «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның негізгі қызметі револьверлік қаржыландыру қағидаты бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға бағытталған.

Енді 2016 жылы тұрғын үй құрылысындағы үлестік салымдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ құрылған. Тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдікмен айналысатын қор 2017-2019 жылдары 154,7 млрд теңге көлемінде кепілдік мндеттеме берген.

«Тұрғын үй бағдарламасының үш оператын біріктіру әкімшілік шығындарды 5 млрд теңгеден 8,7 млрд теңгеге немесе 42 пайызға, сондай-ақ қызметкерлердің санын 311-ден 213 адамға қысқартатын болады», - деді сенатор.

 
Сонымен қатар бұл заң жобасы тұрғын үй саласындағы бірыңғай оператор қызметін реттейді. Яғни бірыңғай оператордың ипотекалық қарыз беру; көппәтерлі тұрғын үйлердегі үлесті сатып алуға арналған қарыздарды  кепілдендіру; инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі қызметі реттеледі.

Заңның қабылдануы халықты сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған мемлекеттік шараларды одан әрі іске асыруға, оның ішінде құрылыс саласына қолдау көрсетуге, тұрғын үй нарығындағы мен ипотекалық кредиттеудегі сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді өсуі үшін жағдай жасау арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png