Қазақстан Өзбекстаннан келетін мамандар үшін шекараны ашады

Жарияланды
Олар аймақтағы су тасқыны салдарын жоюға көмектесуі тиіс

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзбек мамандарының Қазақстанға өтуі үшін шекараны ашуды ұсынды. 

Айта кетейік, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін шетел азаматтарының шекарадан өтуіне шектеу қойылған болатын. Дегенмен өте шұғыл жағдайда олардың көмегі қажет болса, шекарадан өткізу мүмкіндігі қарастырылады. 

Мақтаарал ауданы аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы, Қоғалы елдімекенінің маңынан «орталық бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазу туралы шешім шығарылған. 

«Кеше біз әріптестерімізбен Өзбекстанға барып, орталық коллекторды түгел аралап, қауіпті деген жерлердің барлығын қарап шықтық. Соның ішінде Қоғалы елді мекенінің маңынан көпірді қарап, соның қасынан тағы қосымша канал қазу туралы шешімге келдік.Өзбекстан тарапынан мамандармен тығыз байланыстамыз. Қазір жағдай тұрақталғаннан кейін олар өздерінің техникаларымен кіріп, біздің коллекторларды тазалауға көмектесетініне келісім алып келдік. Тек қана оларға шекара жағынан рұқсат беруіміз керек», – деді әкім. 

Нұрлыжол,  Өргебас,  Ырысты,  Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент кенті бағытында Фердауси елдімекенінің аумағында 3 коллектор орнатылған.

Әкім сақынды су кеткен соң барлық шығын есептеліп, көмек көрсетілетінін айтып өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз