Карантин кезінде коммуналдық төлем көмегі кімдерге көрсетіледі?

Жарияланды
Министрлік мән-жайды түсіндірді

Мемлекет карантин уақыты кезінде азаматтардың коммуналдық шығындарын төлеп бермек. Әрине, бәріне бірдей емес. Арнайы санат бекітіп, сол бойынша ай сайын 15 мың теңгеден үлестіру жоспарланған. 

    Орталық коммуникациялық қызметіне баспасөз мәслихатын өткізген Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов карантин уақытында коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек көрсету механизмі туралы түсіндірді. 

«Президент карантин енгізілген елдімекен тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді төмендету мәселесі бойынша кешенді шешім әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Сол тапсырманы орындау үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен коммуналдық қызметтерді жеткізу шығындарын өтеу қағидаларын бекітілді. Мүдделі мемлекеттік органдармен талқылау және әкімдіктер ұсынысы негізінде  көмек көрсетілетін мынадай санаттар белгіленді: 
•    I, II, III топ мүгедектер; 
•    Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар; 
•    Көпбалалы отбасылар; 
•    Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар және оған теңестірілген адамдар; 
•    Мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін,  әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары; 
•    Ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер;
•    Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар. 
Шығындарды өтеу үшін сәуір және мамыр айларында 15 мың теңгеден төленбек. Төлемдер тек әкімдікке берілген өтініштер негізінде жүзеге асырылады. Әкімдік өтінішті алғаннан кейін оны толық тексеріп шығып, егер бәрі талапқа сай болса онда сол азаматтың атына тиісті 15 мың теңгені аударады» деді Бейбіт Шаханов. 

    Министрлік өкілінің айтуынша, егер адам өз бетінше өтініш бере алмаса, онда оны жақын адам жүзеге асыра алады. Ондай жағдайда қандай да бір анықтаушы уәкілеттік құжат талап етілмейді.

Сондай-ақ бізге әлеуметтік желі арқылы өтініштерді қабылдауға әкімдіктердің қаншалықты дайын екендігіне байланысты да сауалдар қойылуда. Қазіргі таңда әкімдіктермен белсенді жұмыс жүргізіліп, өтініштерді қабылдау басталып кетті» деді. 

    Оның айтуынша, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы, көпбалалы отбасы және асыраушысы қайтыс болған отбасының бір мүшесі ғана коммуналдық қызметті жеткізушімен келісім жасасса жеткілікті. Егер екі айдың коммуналдық төлемі 30 мың теңгеден кем болып шықса, онда артылған ақша келесі айларға есептеледі екен. Сәуір айының есептері шыққан соң соның нәтижесіне орай ақша жіберілмек. Бейбіт Шахановтың сөзінше, алдын ала есептеулер бойынша бұл көмекті 1 миллион 600 мың адам алады.

    Ал өтінішті ұсыну үшін қандай шарттар орындалу керек? Алдымен әлеуметтік көмек алушы call-орталық немесе әкімдікке хабарласып, өзінің ЖСН нөмірі, әлеуметтік мәртебесі және шот нөмірін ұсынып, өтінім бере алады. Бұл ретте call-орталықтың ауызша да өтініш қабылдайтынын ескерте кету керек. Министрлік өкілі алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды өтеу бойынша ережеге өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.  

Сондай-ақ оқыңыз