Елімізде 720 мың тонна азық-түлік қоры бар

Жарияланды
Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен  толық қамтамасыз етіп отыр

Қазақстанда 720 мың тонна көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қарастырылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

Коронавирус індетінің таралуына байланысты туындаған дағдарыс, төтенше жағдайдың және көптеген елдерде карантиннің енгізілуі шекаралардың жабылып, жолға қойылған сауда-саттық байланыстарының бұзылуына әкелді, бұл барлық елдердің дерлік экономикасына кері әсерін тигізді. Бұл жағдай әсіресе, негізгі азық-түлік өнімдерінің импортына тәуелді елдерде теріс ықпалын көрсетті. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан өз өндірісі есебінен негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін толық қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, ведомство күнделікті пайдаланылатын азық-түлік тауарларының 29 түрінің өндірісіне, импортына, экспорты мен тұтынуға есеп жүргізіледі (ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық мәліметтерінің негізінде). 

Осы мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы көрсетілген 29 азық-түлік тауарынан 23-і бойынша отандық өндіріс еебінен қамтамасыз етілу 80% және одан астамды құрады, ал кейбір тауар түрлері бойынша 100%-дан асты. 

Тек 6 тауар мұнда кірмеді: алма (62,9%), балық (60,8%), шұжық өнімдері (62,0%), ірімшік (57,0%), қант (46,6%),  құс еті (58,3%), аталған өнімдер бойынша әзірге импортқа тәуелділік бар.

Атап айтқанда, құс еті, сыр, ірімшік, қант, алма және шұжық өнімдері бойынша импортты алмастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ұзақ мерзімдік салалық бағдарламалар әзірленді. 

Сонымен қатар, 2019-2021 жылдарға арналған Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылып жатыр, онда шикізаттық базаны дамыту, оның ішінде сүт, ет, қант қызылшасын, көкөністер мен жемістерді өңдеу, құс шаруашылығы қарастырылған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз