Барымташылар жайылымдағы  сиырларға оқ жаудырды

Жарияланды
Олар малдың етін ұрлап, арзанға сатпақ болған

Жедел ақпаратты тексеру барысында полиция қызметкерлері заңсыз аңшы мылтығының көмегімен жайылымдағы сиырларды атқан барымташылар тобын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Ақжар ауылының маңында орналасқан жайылымнан екі сиырдың ұрланғаны туралы ақпаратты алған соң, біз олардың қайту жолын жорамалдап тұзақ ұйымдастырдық. Алайда барымташылар өте сақ қимылдады. Екі жеңіл автокөлік арқылы ұрланған олжаны тасымалдаған олар полицейлерді көріп, сезіктенген. Сақтық үшін күдіктілер бекетке жетпей, сиыр етін түсіріп, оны жасырған. Алайда, жүксіз кетіп қалуға тырысқан күдіктілер ұсталды», – дейді Алматы облысы Қаратал аудандық полиция бөлімінің басшысы Рауан Абдраимов. 

Автокөліктерді тексеру барысында қан ізі бар екі ұңғылы аңшы мылтығы және басқа да дәлелдер табылды. 23,25, 29 және 34 жастағы төрт күдікті де ұрлық жасағандарын толық мойындап, сойылған сиырларды жасырған орындарын көрсетті. 

 «Ұсталған адамдардың 2018, 2019 және 2020 жылдары жасалған ірі қара ұрлығының тағы бес эпизодына қатыстылығы дәлелденді. Күдіктілер етті базарларға және өзінің таныстарына өткізген, ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қылмыстық топтың барлық қатысушылары қамаққа алынды. Оларға мал етін тасымалдауда көмектескен автокөлік арнайы тұраққа қойылды», – деп толықтырды Абдраимов.
 

Сондай-ақ оқыңыз