Алматыда көлік ағыны 20 пайызға артты

Жарияланды
Карантин режимін бұзған 2294 адам жауапкершілікке тартылды

Қаладағы жаяу патруль қызметкерлері карантин шараларын сақтау бойынша қоғамдық көліктерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен онлайн брифинг кезінде Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов айтты,-деп хабарлайды әкімдіктің телеграм арнасы.

Қала көлемінде қоғамдық тәртіпті қорғау үшін жаяу патрульдеуге күнделікті 2 мыңнан астам полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылған. 

 «Коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында полиция қызметкерлері СЭС қызметкерімен және қала әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп қоғамдық көлікте рейдтік іс-шаралар өткізуде. Жұмыс барысында олар жүргізушілер мен жолаушыларға карантиндік режимді сақтау, бетперде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деді департамент басшысы. 

Спикердің айтуынша бүгінгі күні қаланың периметрі бойынша жұмыс жасап тұрған 27 бақылау-өткізу бекеттеріндегі жағдай тұрақты. Олардың жұмысына Полиция департаментінің жеке құрамынан 700 жуық адам жұмылдырылған. Карантиндік режимнің жұмсартылуынан соңғы күндері осы блок-бекеттерде кептеліс орын алуда, өйткені көлік ағыны 20 пайызға артқан. 

 «Бұл жағдай ең алдымен карантин режимін босаңсытуға байланысты болып отыр. Кейбір азаматтар оны карантиннің тоқтатылуымен шатастыруда, сондықтан олар қалаға кіруге не керісінше қаладан шығуға тырысуда. Карантиннің тоқтатылмағандығы туралы тағы да ескертіп өтеміз. Ал блок-бекеттерден тек Жедел Штаб деректерінің арнайы тізіміне енгізілген азаматтар ғана өте алады», – деп нақтылап өтті Қ.Таймерденов. 

Жүк көлігін қоспағанда, блок-бекеттерде әр көлік құралын тексеруге белгілі бір уақыт кетеді. Сондықтан департамент басшысы азаматтарды өз үйлерінен негізсіз шықпауға шақырды. Өйткені, бұл шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне бағытталған. 

Брифинг кезінде Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 2294 адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. Оның ішінде 607 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынса, 1135 адамға қатысты айыппұл салынған, ал 552 тұлғаға ескерту жасалған. 

Ерекше айтып өтетіні, тәртіп бұзушы жүргізушілерді анықтау мақсатымен блок-бекеттерге полицияның қосымша жасақтары қойылды. Оған қоса «Сергек» бейнекамерасы да бар. Ол тәртіп бұзғандарды анықтауға және оларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ оқыңыз