Әскери жиынға кімдер шақырылмайды?

Жарияланды
Қорғаныс министрі арнайы қаулының мән-жайын түсіндірді

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы жиынға кім шақырылып, кім қалыс қалатынын түсіндірді. 

Министрдің айтуынша, арнаулы жиындарға әскери міндеттілер мен әскери қызметке жарамды азаматтар шақырылады. Әскери жиындар 10 күннен үш айға дейін созылуы мүмкін.

«Бұл жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерге аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді», -деді ол.

Әскери міндеттілер тек тұрғылықты жері бойынша ғана шақырылады, басқа аймақтарға жіберілмейді.  

«Қашықтан жұмыс істеу әскери міндеттіні арнаулы жиындардан босатпайтынын ескерген жөн, дегенмен әкімдіктер шақыртуды жағдайға қарай икемдеп береді. Барлық шақырылғандар міндетті медициналық тексерістен өтеді», -деді министр. 

Арнаулы жиынға:

-қорғаныс, құқық қорғау, қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер,

-мемлекеттік және азаматтық авиация қызметкерлері, 

-көктемгі егіс және күзгі жиын-терім  кезіне ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер,

-оқу жылында білім беру мекемелерінің педагог мамандары, 

-білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқып жүрген азаматтар,

-әскери міндетті әйелдер,

-18 жасқа дейінгі үш баласы бар азаматтар,

-тергеудегі немесе процессуалдық іске тартылған азаматтар,

-жергілікті атқарушы органдардың депутаттары шақырылмайды. 

Арайы жиынға шақыртылған азаматтарға жалақы төленеді. Жұмыс істеп жүрген азаматтарға бұған дейін алып жүрген жалақысының көлемінде, ал жұмыссыздарға ең төменгі айлық жалақы беріледі. 

 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз